admin 10.03.2022

Жумабаева Г. А. — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құқықтану кафедрасының заң ғылымдарының магистрі

Жумабаева Г. А. — магистр юридических наук кафедры правоведения Актю­бинского регионального государственного университета им. К.Жубанова

Zhumabayeva G. A. — master of law of the department of jurisprudence of Aktobe Regional State University named after K. Zhubanov

ӘОЖ 10.01.17

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СӨЗ ЕРКІНДІГІ

СВОБОДА СЛОВА В СОЦИАЛЬНОЙ СЕТИ

FREEDOM OF SPEECH ON THE SOCIAL NETWORK

ТҮЙІН

Бұл мақала еліміздегі әлеуметтік желі пайдаланушыларының сөз еркіндігі жай­лы жазылған. Қазақстан Республикасының азаматтары әртүрлі әлеуметтік желі­де өз ойын қаншалықты білдіруге құқылы екендігі қамтылады. Әлеуметтік желіде ойланбай пікір жазып, жат ағымды насихаттаушылар мен басқа да теріс әре­кетке барғандар үшін әртүрлі жаза түрлері қарастырылған. Соңғы уақытта әлеу­меттік желідегі ақпараттар сұрыпталып, бақылауға алынып жүр. Соның бір дәлелі ретінде әлеуметтік желідегі мониторингтерді айтуға болады. Мақаладан Facebook әлеуметтік желісі бойынша жүргізілген мониторингті көруге болады. Негізінен әлеуметтік желіде жаман пікір жазып, террористік және экстремистік ұйымдарға үгіттеу, ел саясаты жайлы жағымсыз пікір айтып, фейк ақпарат тарат­қан­дар үшін шара қолданылады. Қоғамда әлеуметтік желіге байланысты арнайы заң қабылдау туралы пікір екі жақты. Қоғамның бір бөлігі заңның қабылданғанын қолдап, нәтижесінде жоғарыда аталып өткен жағымсыз қылықтар азаяды дейді. Ал енді бір бөлігі мұндай заңға қарсы. Себебі бұл Қазақстан Республикасында тұрып жатқан азаматтардың сөз бостандығын шектейді деген пікірде. Сонымен қатар, анонимді пікір қалдыруды шектеу жайлы да адамдардың пікірі екіге бөлініп отыр. Бір топ мұны қолдап отырса, енді бірі әлеуметтік желідегі сөз еркіндігіне тыйым салынады деген пікірде. Әрине, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқандықтан әрбір аза­маттың пікірі маңызды. Алайда әрбір қазақстандық азамат кез келген тыйым са­лын­баған ақпаратқа еркін түрде қол жеткізе алады. Бірақ бұл мемлекеттік құпияны жария қылып, оны әлеуметтік желіде тарату дегенді білдірмейді.

АННОТАЦИЯ

Эта статья посвящена свободе слова пользователей социальных сетей в нашей стра­не. Охватывается, насколько граждане Республики Казахстан имеют право вы­ражать свои мысли в различных социальных сетях. В социальных сетях предус­мо­т­рены различные виды наказаний для тех, кто бездумно пишет комментарии, пропагандирует чуждые течения и другие негативные действия. В последнее время информация в социальных сетях сортируется и контролируется. Одним из доказа­тельств этого можно назвать мониторинг в социальных сетях. В статье показан мо­ниторинг, проведенный по социальной сети Facebook. В основном для тех, кто пи­шет плохие отзывы в социальных сетях, агитирует за террористические и экстре­мистские организации, негативно отзывается о политике страны, распространяет фейковую информацию. В обществе мнение о принятии специального закона, свя­зан­ного с социальной сетью, неоднозначно. Часть общества поддерживает приня­тие закона и говорит, что в результате вышеупомянутых негативных поступков будет меньше. А другая часть против такого закона. Так как это ограничивает сво­боду слова граждан, проживающих в Республике Казахстан. В то же время мнения людей разделились и об ограничении анонимных комментариев. Одна группа под­держивает это, а другая утверждает, что свобода слова в социальной сети за­пре­щена. Конечно, мнение каждого гражданина важно, потому что он живет в неза­ви­симой стране. Однако каждый казахстанский гражданин имеет свободный доступ к любой не запрещенной информации. Но это не означает разглашение госу­дар­ст­венной тайны и распространение ее в социальных сетях.

ANNOTATION

This article is about the freedom of speech of users of social networks in the country. Citizens of the Republic of Kazakhstan have the right to express their opinion in various social networks. Various types of punishment are provided for those who do not hesitate to write comments on the social network, propagandists and other negative actions. Recently, information in social networks has been sorted and monitored. One of the reasons for this is monitoring in social networks. In the article, you can see the monitoring carried out on the social network Facebook. In general, measures are taken for those who write bad reviews in social networks, campaign against terrorist and extremist organizations, give negative opinions about the country’s policy, and spread fake information. The opinion in society about the adoption of a special law related to the social network is ambiguous. Part of the society supports the adoption of the law, saying that as a result, the above-mentioned negative behavior will be reduced. And now part of it is against such a law. Because they believe that this restricts the freedom of speech of citizens living in the Republic of Kazakhstan. At the same time, people’s opinions about the restriction of anonymous comments are divided. One group supports this, and another believes that freedom of speech in social networks is prohibited. Of course, the opinion of every citizen is important because we live in an independent country. However, every citizen of Kazakhstan has free access to any non-prohibited information. But this does not mean disclosing state secrets and spreading them on a social network.

Түйін сөздер: әлеуметтік желі, әлеуметтанушы, жалған аккаунт, жалған ақпарат, Ұлттық қауіпсіздік сертификаты, анонимді пікір, жеке ақпарат, адам құқығы, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, ақпарат кеңістігі, Қазақстан Республикасының Конститутциясы, Еуроодақ құжаттары, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы, «Freedom House» ұйымы, пікір білдіру, лүпіл басу, мониторинг, цензура, айыппұл, түзету жұмыстары.

Ключевые слова: социальная сеть, социолог, фейковый аккаунт, фейковая информация, сертификат национальной безопасности, анонимное мнение, личная информация, права человека, средства массовой информации, телекоммуникации, информационное пространство, Конституция Республики Казахстан, докумен­ты Евросоюза, Международный центр журналистики MediaNet, организация «Freedom House», комментирование, перепечатка, мониторинг, цензура, штраф, исправительные работы.

Keywords: social network, sociologist, fake account, false information, national security certificate, anonymous opinion, personal information, human rights, mass media, telecommunications, information space, Constitution of the Republic of Kazakhstan, European Union documents, MediaNet international journalism center, Freedom House organization, expression, suppression, monitoring, censorship, fines, correctional labor.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам кемде-кем. Instagram, WhatsApp, Facebook секілді әлеуметтік желілер ең кең таралғандардың қатарына жатады. Мұнда желіні пайдаланушылар ақпаратпен бөлісіп, фото-видео жүктейді. Тіпті, осы жүктелген ақпаратқа пікір жазуға да болады. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы пікір жазып, ақпарат бөлісу құнды болып табылады. Себебі бұл қоғам назарын аудартып, көпшіліктің талқысына түсіретін аты шулы тақырыптардың таралуына ықпал етеді. Әлеуметтік желіні қолданушылар бірден екі құқықты іске асырады: ойды білдіру еркіндігі және жиын еркіндігі құқығы. Өйткені әлеуметтік желілер көзқарас тұрғысында да қолданылып, сонымен қатар, вируалды қауым­дастық құру және оған қатысу үшін де қолданылады.

Қазақстандағы сөз еркіндігі — Қазақстан Республикасының Конституциясы­мен кепілдік берілген заңды жолмен кез келген ақпаратты еркін іздеу, тарату. Үкі­меттік емес «Freedom House» ұйымының сөз бостандығына байланысты рейтингі­сінің нәтижесінде 199 елдің ішінен Қазақстан 179 орынға ие болып отыр.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің ресми өкілі Альбина Атеннің сөзінше, әртүрлі ақпарат кеңістігінде, сәйкесінше, Қазақ­стан Республикасының Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша[1], яғни өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату фактілері көбеймесе азаймай тұр. Көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын не­месе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып адамға немесе оның беде­ліне нұқсан келтірсе, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айып­пұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жұмылдырылады, немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектейді[2].

Жалпы әлеуметтік желіде сөз еркіндігіне шектеу негізінен ар-намыс, қадір-қасиетке байланысты белгіленген. Кез келген әлеуметтік желіде адамдар арнайы пост немесе пікір білдіру арқылы өз ойларын білдіреді. Алайда бұл пікірлер мен ойлар сол тұлғалардың атақ-абыройына кір келтірмеуі керек. Себебі қазіргі таңда көптеген даулы мәселелер осы әлеуметтік желі пайдаланушыларының бір бірін балағаттап немесе жаман пікір жазуынан туындап отыр.

Қазақстандықтардың арасында танымал әлеуметтік желілердің бірі — Facebook. Бұл желіні әлем бойынша 2 миллиардтай адам қолданады. Пайдаланушы өз атына парақша ашып, фото-видео жүктеп, сілтемелермен бөлісіп, достарымен байланыса алады. Тек қана Facebook емес, жалпы әлеуметтік желіде адамдар өз пікір­лерін сауатты білдірмейді немесе мәдениетсіздік танытады. MediaNet Халық­аралық журналистика орталығы «Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі өшпен­ді­лік тілінің мониторингі» атты кітап шығарды. Бұл зерттеу матераилында осы әлеу­меттік желі бойынша 20 белсенді адам таңдалынды. Мониторинг нәтижесінде, өш­пенділік тілінің түрлері анықталды. Деңгей бойынша: қатты, орташа, жұмсақ деп бөлінеді. Ең көп тарағаны — мәтін немесе мәтіннің бір бөлігі арқылы этникалық немесе діни топтың жағымсыз образын қалыптастыру. Осыған байланысты 14 жаз­ба жарияланған. Оның ішінде 8 жазба қазақ тілінде, 6 жазба орын тілінде екен. Өш­пенділік тілінде жазылған жазбаларда «қара қытай», «орыс қатын» сияқты жағым­сыз теңеулер көп кездеседі. Бұл жазбалардың мақсаты – әртүрлі қоғамдық топтарды бір-біріне қарсы қою, еліміздегі көптілділік мәселелері. Серік Бейсем­баев: «Кейбір елдердің тәжірибесі көрсеткендей, өшпенділікке шақыратын сөздері бар бір жазбаның салдары ауыр болуы мүмкін, соның ішінде шынайы өмірдегі ашықтан-ашық жеккөрушілікке алып келуі де ықтимал», — дейді[3].

Әлеуметтік желі күн санап күшейіп барады. Мұнда адамдар өз ойларымен, пікір­лерімен бөлісіп қана қоймай, әртүрлі дүниелерді жарнамалайды, насихат­тайды. Бюджеттің әр тиынын есептеп, мемлекеттің бөлген қаржысын санап, елдің саясатына араласып қана қоймай, әлеуметтік желіде осы мәселелер жөнінде жазба жариялап, жағымсыз пікір айтуға көз үйренді. Сонымен қатар, әртүрлі теріс діни бағыттарды, терроризмді насихаттап үндеушілер де бар. Әлеуметтік желіні заңмен шектегісі келетін бар. Солардың бірі – сенатор Бақытжан Жұмағұлов. Сенатор ағым­дағы жылдың 30 наурызында өткен Парламент тыңдауында өз ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныс әлеуметтік желіні заңмен шектеуге байланысты еді.

Осы уақытқа дейін 22 экстремистік, террористік ұйымның қызметіне тыйым салынды. Бұл ұйымдар – елдің қоғамдық өмірін бұзуға ниеттеніп, діни бағытты өзгер­тіп, терроризмді насихаттағысы келгендер. Әлеуметтік желіде мұндай ұйым­дардың қызметіне тыйым салынып жүр.

Қоғамдағы болып жатқан оқиғалардың, жағдайлардың әлеуметтік желіде көрі­ніс табатыны даусыз. Мәселен, 2019 жылдан бері әлемді жайлаған короновирус індеті туралы ақпаратқа адамдар әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы қол жеткізді. Індет туралы әртүрлі жалған ақпараттар, оны емдеудің не түрлі жолын ұсынып, пайда тапқысы келгендер де болды. Бірі індетті қолдан жасалған, жалған дүние деп әлеуметтік желіде әртүрлі пікір қалдырып жатты. Бұдан бөлек жалған ақпаратты таратушылар саны да азаймай тұр. Сол себептен сенатор әлеуметтік желіге бай­ланысты арнайы заң қабылдауды жөн көреді.

Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер мен жаңа заң енгізуді қолдамайтындар да табылды. Соның бірі – әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. Ол: «Өз басым арнайы заң­ның қабылдануына қарсымын. Әлеуметтік желіде өзге мәдениет насихаты та­рап жатыр дегенмен де келіспеймін. Өйткені басқа мәдениет дегенде – абстрактілі ұғым. Оны бір адам не мемлекет ажырата алмайды», — дейді[4]. Әлеуметтанушы заң қабылдаған жағдайда сөз бостандығы шектеліп қалатынын ескертті. Олай бол­са, адамдардың ақпаратқа қол жеткізу деңгейі төмендейді. Мемлекет авторитарлы мем­лекет ретінде көрініс табады. Серік Бейсембаев әлеуметтік желіні шектейтін заң­ның қабылдануына қарсы пікір айтып, желідегі мұндай келеңсіз жағдайларды реттеудің жолын ұсынды. Бұл – адамдардың арасындағы мәдениет деңгейін көте­ру, медиасауаттылықты арттыру. Осылайша әлеуметтік желдегі жағдайда реттеп, жал­ған ақпараттың таралуына, терроризм, эскстремизмнің ел ішінде насихаттал­мауына шектеу қоюға болады.

Жоғарыда келтірілген мысалдар әлеуметтік желіде сөз бостандығы жоқ не­ме­се оны болғызбау керек дегенді білдірмейді. Қазақстан Республикасы Конститу­ция­сының 20-бабы бойынша: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп көрсетілген[5]. Демек кез келген азамат сөз бостандығына ие және шығармашылықпен айналысуына ешкім де, ештеңе де бөгет бола алмайды.

Сонымен қатар, 20-бап бойынша, әр адам кез келген тыйым салынбаған ақпа­рат­қа қол жеткізе алады деп жазылған. Алайда мемлекеттік құпияны біліп алуға, таратуға тыйым салынады. Әлеуметтік желіде де дәл солай. Кез келген әлеуметтік желіге тіркелуші өзі қалаған ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Бірақ әлеуметтік желіде мемлекеттік құпия туралы ақпарат жарияламаған жөн.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы бойынша, әр адамның жеке өміріне қол сұғылмауы керек. Яғни ар-намысын таптап, абыройын аяқ асты етуге болмайды. Сонымен қатар, жинаған қаражаты, хабарламалар, телефондағы сөйлескен сөздер басқа да ақпараттар құпия түрде сақталады. Мұндай ақпаратты әлдекімнің таратуына болмайды.

Жоғарыда атап өткендей әрекеттерге барған жағдайда әртүрлі жаза түрлері қарастырылған.

256-бап бойынша терроризмді насихаттаған жағдайда бұл әрекет барған адам­ның мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сол себепті де қазіргі таңда әлеуметтік желідегі әртүрлі діни бағыттағы парақ­шалар, ондағы жазбалар бақыланып жүр.

Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат беретіндер саны азаймай тұр. Бұл Қа­зақстан Республикасы Конституциясының 274-бабымен тікелей байланысты. Жал­ған ақпарат беруші 5000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе түзету жұмысын атқарады. Тіпті, 2 жылдан 5 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылу да көзделген.

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті депу­татының қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, көпшілік алдында қорлаған жағдай­да Қазақстан Республикасы Конституциясының 373, 375, 376, 378-баптары бойын­ша шара қолданылады. Егер Президенттің абыройына кір келтірген жағдайда 3000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе түзету жұмысына тартылады. Бас бос­тан­дығынан 3 жыл айырылуы мүмкін. Депутаттың қадір-қасиетіне нұқсан келтірсе, 2000 АЕК көлемінде айыппұл төлеу көзделген. 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы да мүмкін. Ал үкіметтегілерге тоқталатын болсақ, мұндай жағдайда 300 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 240 сағат түзету жұмысын істейді немесе 75 тәулікке қамауға алынады.

Заңсыз көтерілісті қайта жалғастыру үшін адамды үгіттеп, айдап салу Қазақ­стан Республикасы Конституциясының 402-бабында қарастырылады. Мұндай жағдайда 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе түзету жұмысын істейді. Тіпті, 1 жыл бойы бас бостандығынан айыру да мүмкін.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жүргізілетін бақылау күшейтілген. Бұл өз кезе­гінде әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жеке ақпараттарының сақталуы­на, желідегі адам құқықтарының тапталмауына, фейк ақпараттардың желіде тара­лып кетпеуіне септігін тигізеді. Осы себептен де ақпарат пен байланысқа қатысты заңдарда түзетулер енгізілуде. Қазақстан Республикасында тұратын азаматтардың іс-әрекеттеріне бақылауды күшейту мақсатында «Байланыс» туралы заңға түзе­ту­лер енгізілді. Яғни бұл заң бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік желіге қосылған барлық құрылғының міндетті түрде сертификаты болуы тиіс. Мұн­дағы басты мақсат – азаматтардың жеке ақпаратын қорғау. Бұл әрекет желі пайда­ланушының жеке парақшасына қандай да бір теріс әсерін тигізбейді, бұрын­ғыша ақпаратқа қолжеткізу мүмкіндігі сақталады. Комитеттің сөзінше, Ұлттық қауіп­сіздік сертификаты шетелдік интернет ресурстармен жұмыс істегенде, ақпа­рат алмасқанда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік желіде жарияланған постқа пікір қалдыруға да болады. Сонымен қатар, пікір жазып, лүпіл басып, достарға тарату мүмкіндігі де бар. Алайда пікір қал­ды­рамын деп шеттен шығып, бейәдеп сөздерді қолданып жататындар да болады. Бұл тіпті қылмыстық іске де әкеліп соғуы мүмкін. Жоғарыда айтып өткені­міз­дей, ақпаратқа байланысты заңдарға толықтырулар мен түзетулер енгізіліп жатыр. Солардың ішінде 2017 жылғы 28 желтоқсандағы «Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары» және «Ақпараттандыру» жайлы заңдарды атап өтуге болады. Интернетті пайдаланушының ақпаратты орналастыруы бойынша интернет порталдар элект­рон­ды түрде қызмет етуі тиіс. «Электрондық үкімет egov.kz» порталында сәйкес­тендіру арқылы немесе бір реттік смс хабарлама арқылы қолжеткізуге болады.

Жалпы жоғарыда аталған заңдағы түзетулерде ақпарат туралы нақты анық­тама берілмейді. Дегенмен Ақпарат министрінің сөзінше интернет-порталдарда анонимді пікір қалдыруға тыйым салынады. Соңғы уақытта жалған, яғни фейк ак­каунттар ашып немесе бүркеншік есіммен пікір қалдырып жатқандар көп. Ано­ним­ді пікірлерге тыйым салу қоғамда әртүрлі ой туындатты. Бір тарап мұны жақ­таса, екінші тарап мұндай шектеуге қарсы болып отыр. Еуроодақ құжаттарында анонимділік құқығы әрбір азаматтың айнымас құқығы ретінде қарастырылады. Ал бір жағынан сөз бостандығы анонимді бола алмайды. Әрине, қоғам бар жерде кез келген құбылысқа қатысты екі жақты пікірдің туатыны анық. Бұл пікірлерді жоққа шығара алмаймыз.

Әлеуметтік желіде сөз бостандығына тым ерік беріп, не айтарын ой елегінен өткізбей жазатындар туралы психологтардың берер бағасы бар. Психотерапевт Сәлима Сатылғанқызының сөзінше, аггресивті, адамдардан көп көңілі қалып, ашу-ызаға булыққандар және өзіне көңілі толмайтындар әлеуметтік желіде жаман пікір жазуға әуес келеді екен. Бұдан бөлек те себептері толып жатыр. Алайда нақты екі не­гіздерді атап өткен жөн. Бірінші — негіз айналасынан жылулықты күтетін жан­дар. Мұндай адамдар бала кезінде анасынан я болмаса басқа да отбасы мүшеле­рі­мен арасы жақын болмай, ұрыс-керісті көріп өскен отбасыда тәрбиеленген бала­лар. Сол себепті адамдарға жалтақтап, олардан жылулық күтеді. Екінші – негіз адам­дар мені ұмытып кетті деп санайтын адамдар. Адам өз ортасында ашыла алмайды. Өзі туралы жағымды пікір күтеді.

Қоғамдық өмірде болып жатқан кез келген құбылыс әлеуметтік желіде бірне­ше минут өтпей жатып тез таралады. Мұнда адамдар әлемдегі оқиғалардан хабар­дар болып, өз ойы мен пікірін жеткізуге құқылы. Алайда бұл адамның немесе тұл­ға­ның арнамысын таптап, қадір-қасиетін қорлау дегенді білдірмейді. Тіпті, психо­логтардың сөзінше әлеуметтік желіде нашар пікір қалдырушылар іштей ашу-ызаға булығып, өзіне көңілі толмай жүрген жандардан туындап отырады дейді. Қазақ­стан Республикасының Конституциясында әлеуметтік желі туралы арнайы заң жоқ. Қоғамда әлеуметтік желі туралы заңды бекітуді қолдайтындар да, қолдамай­тындар да бар. Қолдайтындардың сөзінше, қоғамдағы теріс қылықтардың алдын алуға болады. Ал қолдамайтындар, сөз бостандығын шектейді деген пікірде. Қа­зір­гі таңда әлеуметтік желілерді қолданушылардың жазбалары, пікірлеріне байла­нысты мониторингтер өтіп тұрады. Алайда жалпы ақпаратпен жұмыс істегенде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтіндер үшін жалған ақпарат таратуға, әртүрлі теріс бағыттарды насихаттауға, біреудің абыройына нұқсан келті­руге тыйым салынады. Дегенмен әлеуметтік желіде дөрекі пікір қалдырып, біреудің қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеген жөн.

  1. 2020 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес алып тасталды № 349-VI // https://online.zakon.kz/document/? doc_id=31575252&doc_id2=32819136#activate_doc=2&pos=2162;-76&pos2=1;-8
  2. За какие комментарии в социальных сетях человек может быть наказан? // https://www.zakon.kz/4865959-za-kakie-kommentarii-v-sotsialnyh.html
  3. Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі өшпенділік тілінің мониторингі / Құраст. П.Банников. —– Алматы: Medianet ХЖО, 2017. 80 бет. (қазақша, орысша).
  4. Жаңалық жаршысы. Ресми ақпарат. Жаңалықтар // https://aikyn.kz/125174/eleumettik-zhelini-zanmen-shektey-me/
  5. Қазақстан Республика Конституциясы // https://adilet.zan.kz/rus/docs/K950001000_

Leave a comment.

Your email address will not be published. Required fields are marked*