admin 23.05.2019

С.А. Мендыбаева — Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушысы, полиция майоры

 

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ҮРДІСІНДЕ КОМПЬЮТЕРЛІК ЖҮЙЕНІ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ЭФФЕКТИВНОСТЬ ИСПОЛЬЗОВАНИЯ КОМПЬЮТЕРНОЙ СИСТЕМЫ В ПРОЦЕССЕ ОБУЧЕНИЯ КАЗАХСКОМУ ЯЗЫКУ

THE EFFECTIVENESS OF THE COMPUTER SYSTEM IN THE PROCESS OF TEACHING THE KAZAKH LANGUAGE

Түйінді сөздер: әдістер, дағды, тұлға, нәтиже, мақсат, ізденіс, жүйе, ресурстар.

Ключевые слова: методы, навыки, личность, результат, цель, поиск, система, ресурсы.

Keywords: methods, skills, personality, result, goal, search, system, resources.

 

Кейінгі кезде қазақ тілін орыс тілді аудиторияға үйрету кезінде ақпараттық және компьютерлік технологияның қолдануының маңыздылығы туралы көп айтылуда. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесінің жаңа саласы болып келеді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай болуы үшін оның сапалық көрсеткіші, қоғамдық қызметі өсуі керек.

Елбасы «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деген болатын[1]. Себебі, қатынас құралы ретіндегі мемлекеттік тіл аясының ұлғаюын оны үйреніп-білуге ұмтылушылар санының көбейгендігінен, қазақ тіліндегі оқулықтар мен ақпарат құралдарына деген сұраныстың барлығынан байқалады. Осы талаптарды қанағаттандыруда білім беру жүйесінің қызметкерлері, тіл мамандары мемлекеттік тілді оқыту әдістерімен жаңа мүмкіндіктерді тиімді қолдану мәселелеріне назар аударып, бұқаралық, қоғамдық саяси-ақпарат құралдары арқылы құнды ұсыныстар мен әдістерді ортаға салумен шектеліп қана қоймай оның іске асырылуына қатысты шараларды да қарастыруда. Бұл бағытта мемлекетіміз қолға алған өзекті мәселенің бірі — тіл білімін беру жүйесінде әлемдік бағытта қатынас пен байланыс жағдайына көшіп, осы салада компьютерлік жүйелік әдістерін тиімді қолдану. Оның мақсаты: біріншіден, оқытушының компьютерлік технологияларын меңгерудегі білімдері мен дайындығы курсанттардың деңгейінен озық болу керектігін атап өту керек. Мысалы, қазіргі замануи компьютерлік техниканың барлық мүмкіншіліктерін біліп пайдалануы, компьютерлік байланыс жүйесінің негіздерін білу — оқытушы үшін ең басты талап. Екіншіден, ізденіс негізінде оқытушының өз сабағының әдістемелік әдістерін толық біліп, оны үйлесімді өткізуі ұстаздың шеберлігі болып саналады.

Өйткені, қазіргі таңда электрондық пошта мен Интернет жүйесіне шығу еш қиыншылық туғызбайды. Кейінгі кезде оқытушы сабаққа материал жинау, жоспарлау кезінде интернет жүйесінің ресустарын кең колданылатыны ешкімге құпия емес. Өзім басым педагогикалық сайттардан керекті ақпарат іздеуде және мұғалімдердің электрондық қауымдастығында әріптестерімен байланысып, кеңес алуда, пікір алмасуда интернет ресурстарын жиі қолданамын.

Бүгінгі таңда қазақ тілі сабақтарында компьютер жүйесін қолдану дағдыға айналуда себебі, бұл жүйе оқытушының да, курсанттардың да жұмысын жеңілдетеді, сонымен қатар, курсанттардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Сондай-ақ сабақ барысында керекті көрнекілер, сызба-таблицалар, үлестірмелі деңгейлі дидактикалық тапсырмалардың барлығын компьютерді қолдану арқылы өткізу курсанттардың қабылдауын жеңілдетеді. Компьютер жүйесін тиімді қолдану нәтижесінде сабақ барысында шағын диктанттар жазу, керекті сөздерді орнына қою, тест жұмыстарын өткізу, грамматикалық тапсырмаларды орындау, ауызекі сөйлесу секілді жұмыстарды курсанттар аса қызығушылықпен орындайды. Қазақ тілі сабағында әсіресе, тақырыпқа байланысты суреттер топтамасын жинап, слайдар арқылы пайдалану курсанттардың естеріне ұзақ сақталады. Өйткені, психологтардың айтуынша, жеке тұлға ақпаратты қабылдайтынына қарай көбінесе, аудиалдар, визуалдар болып бөлінеді. Аудиалдар ақпаратты есту мүшесі арқылы қабылдайды. Визуалдар айналасында жүзеге асып жатқан құбылыстарға терең үңіліп, ақпаратты көздері арқылы қабылдайды. Олар көз алдына суретті елестетіп, оны сипаттап бере алады[2].

Осыған байланысты, курсанттардың  осы қасиеттерін негізге алып, қазақ тілі сабақтарында компьютерлік мүмкіншіліктерді кең қолдану өте қажетті нәтиже болып табылады. Ендеше, қазіргі заманауи оқытушы мен курсанттар үшін ақпараттық технологияны пайдаланудың ұтымды жақтары мен қызметтерін қарастырайық:

  • тез арада қажетті ақпараттарды табуға болады;
  • ақпаратты образды түрде қабылдауға мүмкіншілігі мол;
  • көрнекілік құралдың қызметін толық атқарады;
  • курсанттарды ізденіс-зерттеу жұмысына талпындырады;
  • сабақтың уақытын үнемдейді;
  • курсанттардың алған білімін тексеруіне және бақылауына ыңғайлы әдіс болып табылады.

Өз тәжірибемде тиімді нәтиже көрсеткендей, қазақ тілі пәнінің оқытушысы үшін курсанттардың білімдерін тексеру және бақылау сабақтарында компьютер жүйесін қолдану тамаша көмекші құрал болып табылады. Қазіргі таңда компьютерлік және ақпараттық технологияны қолдану қазақ тілі сабағын қызықты және мазмұнды өткізуіне мүмкіншілік береді, сонымен бірге қазіргі тілді оқыту әдістемесінің алдында тұрған мәселелердің ізденіс жүйесін шешуге көмек жасайды:

  • оқыту үрдісінде жеке , саралау оқытудың идеяларын дұрыс іске асыру;
  • жүйелі бақылау жұмыстарын нәтижелі ұйымдастырған кезде курсанттардың білім, білік, дағды деңгейін тексеруде қазақ тілі оқытушысын өнімсіз жұмыстан босатып, көмек көрсету;
  • оқыту үрдісінде психологиялық жағдай жасау оқытушы мен курсант арасында жеке байланысты болдырмау — курсанттардың жұмысын объективті бағалау, танымдық қызметін белсендету, алған білімдерін қабылдау және меңгерудің жоғары деңгейіне өту.

Жаңа технологиялар — курсанттардың жеке тұлға ретінде ойлау қабілеттерін дамытып оқыту мен қазақ тілі оқытушысын жаппай қайта даярлаудың бірегей құралы болып саналады. Аталған технологияның пайда болуынан бастап оқытушы зерттеушіге айналады. Ал қазіргі таңда зерттеуші-педагог ақпараттық заман мектебінің басты кейіпкері болып табылады. Оқыту үрдісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу — бүгінгі білім саласының басты талабы. Өйткені, қазіргі кездегі жүргізіліп жатқан ізгілендіру, ғылыми ақпараттың қарқынды дамуына байланысты оқу-тәрбие іс-әрекеттері мен білім беру мазмұны қайта қаралуда.

Бұл білім беру жүйе ресустарын жетілдіруде жаңа инновациялық технологияларды пайдаланудың тиімді екендігін дәлелдеп отыр.

Дамыған елдердегі білім беру жүйесіндегі маңызды мақсат, бұл – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану.

Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру енгізілді. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту — білім берудің бір бөлігі.

Сондықтан білім беру жүйесіне ұсынылып отырған ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жаңаша бағыттағы интелектуалды деңгейі жоғары, таным белсенділігі қалыптасқан, жан-жақты, шығармашылық пен ізденісте жұмыс істей алатын, білімді жеке тұлғаны тәрбиелеу және белгілі бір нәтижеге қол жеткізу мақсаты тұр. Себебі, нәтиже көрсеткендей  жеке тұлға өздігімен білім алушы, үйренуші, өз бетімен ізденуші, шығармашылықпен айналысушы болып табылады. Сол себепті осы талаптарды жүзеге асыратын тұлға бейнесін дайындау тікелей оқытушыға міндеттеліп отыр. Сондықтан  тұлғаның дамуына бағытталған танымдық деңгейін кеңейту үшін компьютерлік жүйені оқу үрдісінде енгізіп келеміз.

Атап өтсек, сабақ барысында компьютерлік жүйені тиімді қолдану білім берудегі басты мақсаттар мен түрлі әдіс-тәсілдерден тұрады.

Өйткені, қазақ тілі сабақтарында компьютер жүйесін қолданудағы басты мақсат — курсанттардың пәнге деген қызығушылығын ояту, сөздік қорын дамыту, сөйлеу қабілетін дамыту, оқушы белсенділігін, шығармашылық ізденіс жүйесін арттыру болып табылады.

Жалпы, қазақ тілі сабағының барысында оқытудың компьютерлік жүйесін төмендегідей қолданамыз:

  1. Электронды оқулықтар.
  2. Мультимедиялық технологиялар.
  3. Телекомуникациялық технологиялар.
  4. Қашықтан оқыту.
  5. Бейнероликтер, интернет ресурстары.

Оқыту құралдарының бірі — электрондық оқулық. Білім беру жүйесінде электронды оқулықтарды пайдалану арқылы курсанттардың үлкен жетістіктерге  жетуіне болады. Электронды оқулықтарды пайдалану арқылы курсанттардың өз бетінше шығармашылық жұмыс жасауына, теориялық білімін практикамен ұштастыра алуына мүмкіндік туады. Нәтижесінде: тұлға компьютерден көру арқылы алған мәліметтерді есінде жақсы сақтайды, өз бетінше жұмыс жасау қабілеті қалыптасады.

Оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігі мынадай:

  1. Интернет ресурстарынан қажетті мәліметтер алады.
  2. Курсанттар өз бетімен жұмыс істейді, ізденеді, жеке дағдылары жетіледі.
  3. Курсанттың танымдық іс-әрекеттері дамиды, өздік жұмыстарды тез орындау мүмкіндігіне ие болады.
  4. Оқу ақпаратын саралайды, ұғымдарды, құбылыстарды  нақтылайды.
  5. Оқуға деген ынтасы артады, қызығушылығы оянады.
  6. Материалды саналы меңгеруіне, байқампаздығын дамытуға ықпал етеді.
  7. Ұжымдық жұмысқа араласуына мүмкіндік береді.
  8. Пайдаланған материалдарды файлда сақтауға мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологиялар орталарын пайдаланудың мақсаттары:
ақпараттық технологияларды қолдану негізінде оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейін жетілдіру, оқыту үрдісінің сапасын арттыру, пәнаралық байланысты тереңдету, қажетті ақпаратты іздеуді оңайлату және көлемін ұлғайту, оқушы тұлғасын дамыту, ақпараттық қоғамда өмір сүруге даярлау, коммуникативтік қабілеттерді дамыту, компьютерлік графика, мультимедиа технологиясын пайдалану арқылы белсенді жұмыс істеуге үйрету, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру[3].

Мен өз сабағымда көбінесе көптеген интернет ресурстарын қолданамын, интерактивті тақтамен жұмыс істеймін, түрлі жұмыс түрлерін интерактивті тақтада орындаймын. Интерактивті тақтаның тағы бір ерекшелігі — көрнекіліктерді қолдану. Тақтаның көрнекілік, дыбыстық, интерактивтік мүмкіндіктері оқушыны көру және есту мүшелері арқылы олардың қуану, таңқалу, құмарлану эмоциясын көтеріп, сабаққа белсенді қатысуына жетелейді. Көптеген курсанттар Интернет жүйесінде өткізілетін олимпиадаларға, байқауларға, тестілеуге қатысып, өз білімдерін тексеріп отырады. Презентацияларды дайындағанда графикалық сызбалар, диаграммалар, кестелер, мәтінге байланысты суреттерді қолданып отырамын. Презентациялар оқушы зейінін сабаққа аударып, белсенді жұмыс істеуге, лексикалық, грамматикалық, фонетикалық тапсырмаларды жүйелі орындауға мүмкіндік береді, уақытты үнемді пайдаланады. Ақпарат көздерін қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын көтеріп, тіл үйренуге қабілетін артады. Ақпараттық технологиялар курсанттардың оқу дағдыларын дамытады. Курсанттарды білімге, ізденушілікке баулу үшін оларға міндетті түрде ақпараттық технологияның ресурстарын қолдана білу керек. Сол технологияларды қолдану арқылы жеткен жетістіктерін бағалай аламыз. Бұл әдістердің нәтижесінен мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты, оқушының сабаққа деген қызығушылығының артқанын байқаймыз. Мақаламды қорыта айтқанда, қазақ тілін оқытуда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану оқу-тәрбие үрдісінің жүйелі қалыптасуына, сонымен қатар, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан, үнемі ізденіс үстінде жүретін, жан-жақты жетілген ұрпақты дайындауымызға көмегін тигізеді.

 

ТҮЙІН

Мақалада қазақ тілін оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолданудың тиімді жолдары көрсетілген. Тілді үйренуде курсанттардың қабілеті мен пәнге деген қызығушылығын арттыратын, оқу дағдыларын дамытатын ақпараттық технологиялар туралы айтылған.

АННОТАЦИЯ

В статье указаны наиболее приемлемые пути применения информационных технологий на уроках казахского языка. Также речь идет об информационных технологиях, способствующих развитию способностей курсантов в обучении языку и проявлению интереса к предмету.

ANNOTATION

In the article the most acceptable ways of application of information technologies at lessons of the Kazakh language are specified. It is also about information technologies that contribute to the development of students’ abilities in language learning and showing interest in the subject.

  1. [1]        Назарбаев Н. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2017 ж.
  2. [2]        Қ.Сейталиев. Жалпы психология: Оқу құралы. – Алматы: «Білім», 2017. – 360 б.
  3. [3]        Қазақ тілі — ғылым тілі. Республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары // №4, 2005 ж. Б.10-11.

Leave a comment.

Your email address will not be published. Required fields are marked*