Мукажанов А. Е. — Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» кафедрасының аға оқытушысы
Әбдәлі А. А. — Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» кафедрасының оқытушысы
Жұмашев А. А. — Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» кафедрасының оқытушысы
Мукажанов А. Е. — старший преподаватель кафедры «Административная деятельность органов внутренних дел» Костанайской академии МВД Республики Казахстан имени Ш. Кабылбаев
Әбдәлі А. А. — преподаватель кафедры «Административная деятельность органов внутренних дел» Костанайской академии МВД Республики Казахстан имени Ш. Кабылбаев
Жумашев А. А. — преподаватель кафедры «Административная деятельность органов внутренних дел» Костанайской академии МВД Республики Казахстан имени Ш. Кабылбаев
Mukazhanov A. E. — senior lecturer of the Department of administrative activities of Kostanay Academy of the Ministry of internal affairs of the Republic of Kazakhstan named after Sh. Kabylbayev
Abdali A. A. — lecturer of the Department of administrative activities of Kostanay Academy of the Ministry of internal affairs of the Republic of Kazakhstan named after Sh. Kabylbayev
Zhumashev A. A. — lecturer of the Department of administrative activities of Kostanay Academy of the Ministry of internal affairs of the Republic of Kazakhstan named after Sh. Kabylbayev
УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
ПРОБЛЕМЫ И ПЕРСПЕКТИВЫ СОВЕРШЕНСТВОВАНИЯ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ УЧАСТКОВЫХ ИНСПЕКТОРОВ ПОЛИЦИИ
PROBLEMS AND PROSPECTS FOR IMPROVING THE ACTIVITIES OF DISTRICT POLICE INSPECTORS
Түйінді сөздер: учаскелік полиция инспекторы, әкімшілік учаске, құқық бұзушылықтың алдын алу, УПИ қызметін әлеуметтік қорғау, УПИ құзыреті.
Ключевые слова: участковый инспектор полиции, административный участок, профилактика правонарушений, социальная защита деятельности УИП, компетенция УПИ.
Keywords: district police inspector, administrative division, crime prevention, social protection of the DPI activities, competence of the DPI.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесіндегі негізгі буын халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын және жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін учаскелік полиция инспекторлары болып табылады. Учаскелік инспектор ішкі істер органдары қызмет көрсететін аумақтың белгіленген тәртіппен өзіне бекітілген бөлігінде қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде өзіне жүктелген міндеттерді орындайды. Бұл ретте, азаматтардың полицияға деген сенім деңгейі олардың жұмысының сапасы мен тиімділігіне тікелей байланысты болады.
Учаскелік полиция инспекторларының қызметін бағалаудағы басты өлшемшарттардың бірі — азаматтардың өтініштерін, шағымдарын және өзге де өтініштерін уақытылы, сапалы қарау, сондай-ақ процестік шешім қабылдау кезінде заңдылықты сақтау. Бұл учаскелік полиция инспекторларының халық алдындағы тоқсан сайынғы есептері заң деңгейінде бекітілген бүгінгі күні ерекше өзекті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет» деп атап көрсетті[1]. Осы орайда, Қазақстан Республикасы ІІМ ведомствосының басшысы 2020 жылды «Учаскелік полиция инспекторлары жылы» деп жариялағанын атай кетейік.
Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларының 3-тарауының 14-тармағына сәйкес, учаскелік полиция инспектор: рецидивтік, тұрмыстық, алкогольдік қылмыстардың алдын алуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауды жүзеге асырады; адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз етеді; профилактикалық есепте тұрған адамдарға қатысты құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасын жүргізеді; құқық бұзушылықтарды анықтайды және жолын кеседі; жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қабылдайды, тіркейді және қарайды, арыз берушіге қабылданған шешім туралы заңнамада белгіленген тәртіппен хабарлайды және тағы басқаларды атқарады[2].
Учаскелік полиция инспекторлардың функционалдық міндеттерінің ауқымы әртүрлі және көлемді екенін атап өткен жөн. Халық арасындағы тұрақты жұмыс, азаматтармен күнделікті қарым-қатынас, сан алуан және әртүрлі күнделікті мәселелерді шешу учаскелік полиция инспектордың негізгі жұмысын құрайды. Статистикаға сәйкес, әрбір бесінші қылмыстың немесе құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе ашу учаскелік полиция инспекторына тиесілі. Алайда, учаскелік инспектордың кәсіби қызметінің маңызды бағыттарының бірі, біздің ойымызша, оның құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған профилактикалық шешімі болып табылады.
Қылмыстың алдын алу — заң бұзушылықтың алдын алу және адамның өмірі мен денсаулығын сақтау ғана емес, сонымен бірге елдегі қоғамдық тәртіптің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Учаскелік полиция инспекторы жұмысының ерекшелігі қызмет көрсетілетін учаскенің халқымен барынша тығыз байланысты орнатуды талап етеді. Алайда, бұл оңай емес, адамдардың бәрі бірдей емес, ниеті де әртүрлі: тату, талапшыл, сақ, аңдысқан немесе тіпті агрессивті. Олармен байланыс орнату аз, сонымен қатар, құрметке, сенім мен беделге де ие болуыңыз керек. Учаскелік инспектордың жұмысының ерекшелігі, атап айтқанда, ол өз учаскесінің азаматтарымен көшеде, аулада ғана емес, олардың үйінде де кездеседі, кейде «қиын» пәтер мен отбасылық жанжалдарға тап болады. Дұрыс әрекет ету үшін «учаскелік инспектор» көптеген адамдардың өмір салтын, байланыстарын, мүдделерін, іс-әрекеттерін жақсы білуі керек, қызмет көрсетілетін әкімшілік аумақта ақпаратқа ие болуы керек. Ақпарат алу үшін ол барлық заңды құралдарды пайдалануға міндетті.
Жоғарыда аталғандардан, учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеттері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және қызмет көрсетілетін аумақта оларды жою үшін белсенді шаралар қабылдау болып табылатынын көреміз.
Учаскелік полиция инспекторы әрбір азаматтың, сондай-ақ кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғайды. Оның барлық қызметі заңдылық аясында жүруі керек. Сонымен қатар, бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторына көптеген түрлі міндеттер жүктелгенін, оларды оның жұмысын бақылайтындар тарапынан ешқандай шағымдар болмайтындай дәрежеде орындау мүмкін еместігін ұмытпаған жөн.
Учаскелік полиция инспекторлары қызметіндегі орын алып отырған мәселелерді кешенді зерттеу, қазіргі жағдайда олардың тиімділігін арттыру өзекті сипатқа ие. Бұдан әрі қазіргі учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктелген міндеттерді толық орындауға кедергі келтіретін маңызды мәселелер мен қайшылықтарды ашатын боламыз.
Біріншіден, бір учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсететін әкімшілік учаскеде халық санының артуы. Қостанай облыстық орталығы 15 учаскеге бөлінген. Олардың әрқайсысында бірнеше инспектор жұмыс істейді, учаскедегі штат саны жұмыс жүктемесіне байланысты белгіленуі керек, бірақ учаскелерде учаскелік полиция инспекторлары жетіспейді. Мысалы, «Текстильный» учаскелік пунктінде 4 инспектор ғана қызмет көрсетеді, ал әкімшілік учаскеде тұратын халықтың саны 20000 адамнан асып жығылады. Бірақ, «Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық тәртіпті сақтаудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 желтоқсандағы № 1598 қаулысына сәйкес халық санына байланысты бір УПИ-ға жүктеменің өзге де нормалары бекітілген[3].
Қалада бір учаскелік полиция инспекторы 3000-нан аспайтын адамға қызмет көрсетуі тиіс, ал Қостанай қаласында бір УПИ 5000 адамға қызмет көрсетеді, бұл ҚР Үкіметінің жоғарыда аталған қаулысында көзделгеннен екі есе көп. Сондай-ақ, біздің зерттеуіміз учаскелік полиция пункттерінің жұмысына жауапты УПИ мен УПИ көмекшісінің жұмысы шамадан тыс жүктелгенін және күн сайын, демалыссыз 14 сағаттан жұмыс істейтінін көрсетті, сондықтан мұндай жүктеме кезінде дәстүрлі УПИ функциясының сапасы – құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы да зардап шегеді. Бір учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсететін халық санының артуына байланысты азаматтарға құқық қорғау қызметтерін көрсету жөніндегі жұмыс сапасы төмендейді, сондай-ақ бұл учаскелік инспектордың оларға жүктелген өзге де функцияларды тиісінше орындауына кедергі келтіреді.
Екіншіден, қылмыстар, әкімшілік құқық бұзушылықтар, оқиғалар туралы өтініштер мен хабарламаларды тексеру саласында УПИ құзыретін іске асыруда қиындықтар туындайды. Бұл міндетті іске асыру проблемасы УПИ-ға тексеру үшін 102 қызметтен азаматтардың келіп түскен өтініштерінің (арыздары мен хабарламаларының) өсуіне байланысты, орташа алғанда бір учаскелік полиция пунктіне бір күнде 10-нан 12-ге дейін өтініш түседі, осы өтініштер бойынша УПИ жауап қайтаруға және 15-20 минут ішінде оқиға орнына келуге міндетті. Бірақ, Қостанай қаласында қызметтік көліктері жиі жөндеуді қажет ететін және жанар-жағармай материалдарымен толыққанды қамтамасыз етіле бермейтін кездер де болады.
Үшіншіден, халықтың көпшілігі өздерінің учаскелік полиция инспекторларын білмейді. Учаскелік полиция инспекторының міндетіне әкімшілік учаскені жоспарлы аралау кіреді. Оның барысында ол проблемалық аймақтарды анықтап, оларды бақылауға алады. Әрбір учаскелік инспектор тәртіп бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда оларды бақылауға алынған азаматтардың тізіміне енгізуі керек. Бүгінде олар профилактикалық есепте тұрған адамдардың бес санатының және тізімдік есепте тұрған азаматтардың 9 санатының мінез-құлқын бақылайды[4].
Төртіншіден, жалдамалы пәтерлерде қоғамдық тәртіпті бұзатын адамдарды әкімшілік жауаптылыққа тартуда проблемалар бар. Полиция жалдамалы пәтерлерде тыныштықты бұзумен қатар, басқа да құқық бұзушылықтар мен тіпті қылмыстар жиі кездесетінін айтады (бұл бұзақылық, адамға қатысты зорлық-зомбылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, біреудің мүлкіне зиян келтіру болуы мүмкін).
Соңғы уақытта қалада притондар саны артты. Олардың кейбіреулері осындай пәтерлерде немесе жақында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтардың үйлерінде орын алып жатыр. Айта кететін болсақ, учаскелік полиция қызметкері шақыруға қызмет көрсете отырып, иелеріне кәсіпкерлік қызметке рұқсат беретін құжаттардың бар-жоғын тексеруге міндетті. Егер ондай болмаса, онда материалдар мемлекеттік кірістер басқармасына берілетін болады. Әдетте, мұндай тұрғын үй учаскелік полиция инспекторының бақылауына алынады.
Бесіншіден, жедел-тергеу тобының құрамындағы кезекшілік, көпшілік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, күштеп әкелуді орындау, әскерге шақырылған адамдарды іздестіру және т.б. сияқты УПИ-ға тән емес міндеттерді орындауға тартудың теріс практикасы жалғасуда.
Қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік процестерді жаңғырту және оларды электрондық форматқа көшіру — барлық құқық қорғау органдары жұмысының негізгі басымдықтарының бірі, ал жаңа талаптар аталған инфрақұрылымды біртіндеп жақсартуды талап етеді[5]. Еліміздің барлық құқық қорғау жүйесі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (СДТБТ) жүйесі жұмысына ауысқаны баршаға мәлім.
СДТБТ — автоматтандырылған деректер жүйесі тізілімде тіркеу және тиісті қаулы шығару үшін 24 сағат ішінде төрт шешімнің бірі қабылдануы тиіс: СДТБТ-де тіркеу, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ оқиғалар санатына ауыстыру, уәкілетті мемлекеттік органдарға тексеру үшін жіберу, әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін өтінішті жолдау. СДТБТ-де тіркеу жүргізілгеннен кейін сотқа дейінгі тергеу басталады[6].
Алайда, бұл жүйеде жұмыс істеу көптеген проблемаларды тудырады. Бұл жүйе учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктемені арттырды, біріншіден, бұл деректерді тіркеуге уақыттың жетіспеуі, өйткені олар тек 24 сағат береді; екіншіден, учаскелік полиция инспекторлары көбінесе әкімшілік учаскеде бір-бірін алмастырады, қате деректерді жинайды немесе асығыс қате шешімдер қабылдайды, бұл олардың жұмысын баяулатады, өйткені практикада пайда болатын қателерді түзету керек болады, ал ол бір сәтте шешілетін мәселе емес.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, біз мынадай ұсыныстар жасадық, оларды қалалық полиция бөлімінің тәжірибелік қызметіне енгізу учаскелік полиция инспекторы қызметінің тиімділігін едәуір арттырады:
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 желтоқсандағы № 1598 қаулысына сәйкес, сондай-ақ, УПИ бөлімшесін жасақтау рәсімін жетілдіру жолымен УПИ қызметінің штат санын ұлғайтуды қамтамасыз ету;
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 23 мамырдағы № 701 қаулысымен ұсынылған нормалар бойынша учаскелік полиция көмекшілерімен қамтамасыз ету[7];
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейінде өз құзыретіне жатпайтын УПИ қызметінің нақты тізбесін бекіте отырып, УПИ мен оның көмекшісін мақсатсыз пайдалануға тыйым салатын норма қабылдау;
– УПИ қызметінің материалдық және техникалық қамтамасыз етілуін арттыру, атап айтқанда:
1) УПИ және оның көмекшісі үшін жеңілдетілген кредит берудің арнайы бағдарламаларының көмегімен тікелей қызмет көрсетілетін учаскеде тұрғын үй сатып алуға құқық беру. Бұл шара әбден орынды болып табылады, өйткені ол УПИ тұрғын үй мәселесін шешуге және оның әкімшілік учаскеде тұрақты тұруына ықпал ететін болады, бұл өз кезегінде алдын алу қызметіне және «УПИ-дің қадамдық қолжетімділігі» қағидатын қамтамасыз етуге оң әсер етеді;
2) УПИ қызметкерлерінің балаларын қызмет көрсетілетін учаскедегі мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру. Жекелеген елді мекендердің бір-бірінен алшақтығына байланысты, ауылдық жерлерде бұл шара әбден қолайлы болып табылады. Ал қалалық жерлерде бұл қажет емес, өйткені қазіргі уақытта балаларды аталған ұйымдарға орналастыру «еркін тіркеу» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте қалаған мектепке дейінгі мекемелер қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскеде әрдайым бола бермеуі мүмкін;
3) УПИ балаларын ведомстволық ЖОО-ға жеңілдікпен түсіру;
4) УПИ-дың қоғамдық көлікте тегін жол жүруі. Бұл шара қолайлы болып табылады, себебі қызмет көрсететін әкімшілік учаскеде қызметтік көлік болмаған жағдайда УПИ-дың жинақтылығын қамтамасыз етеді. Алайда, бұл ретте, УПИ тарапынан бұл құқықты теріс пайдалану фактілерінің алдын алу тетігін (қызметтік емес, жеке мақсаттарға қол жеткізу үшін тегін жол жүру) қарау қажет.
Аталған өзгерістерді енгізу әкімшілік учаскеде учаскелік полиция инспекторларының алдын алу функцияларын жүзеге асыруының тиімділігін едәуір арттырады және жергілікті жерлерде учаскелік инспекторлардың қызметі әлдеқайда тиімді болады деп санаймыз.
ТҮЙІН
Мақалада учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілері қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері қаралған. Учаскелік полиция инспекторлары ІІО әкімшілік юрисдикциялық қызметінің негізгі субъектілері және олар үшін бұл қызмет дәстүрлі болып табылады. Мақалада сауалнама және сұхбат жүргізу арқылы полицияның учаскелік инспекторларының қызметіне қысқаша талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер және олардың қызметін құқықтық реттеу анықталған. Автор зерттеу жүргізілген қызметтің негізгі мәселелерін анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынған.
АННОТАЦИЯ
В статье рассмотрены вопросы совершенствования работы службы участковых инспекторов полиции и их помощников. Участковые инспекторы полиции являются основными субъектами административной юрисдикционной деятельности ОВД и для них эта деятельность является традиционной. В статье проведен краткий анализ деятельности учатковых инспекторов полиции путем анкетирования и проведения интервью. В результате были выявлены вопросы организационного характера и правового регулирования их деятельности. Авторами определены основные проблемы исследуемой деятельности и предложены пути их решения.
ANNOTATION
The article deals with the improving issues of the work, service of district police inspectors and their assistants. District police inspectors are the main subjects of administrative jurisdiction of the IAB and this activity is traditional for them. In the scientific work analyzes the activities of the DPI through questionnaires and interviews. As a result, issues of organizational nature and legal regulation of their activities were identified. The author defines the main problems of the research activity and suggests ways to solve them.
- [1] Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйек // https://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2020-zhylgy-1-kyrkuiek.
- [2] «Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1095 бұйрығы. ҚР ӘдМ-не 2016 жылғы 4 ақпанда № 13004 болып тіркелген // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500013004.
- [3] Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық тәртіпті сақтаудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 желтоқсандағы № 1598 қаулысы // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=51007064.
- [4] «Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1095 бұйрығы. ҚР ӘдМ-не 2016 жылғы 4 ақпанда № 13004 болып тіркелген // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500013004.
- [5] Ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық тәртіпті сақтаудағы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 желтоқсандағы № 1598 қаулысы. // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=51007064.
- [6] Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 Бұйрығы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V14W0009744.
- [7] Қоғамдық тәртіпті нығайту және ішкі істер органдарының учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыру жөніндегі қосымша шаралар туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 23 мамырдағы № 701 қаулысы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P010000701.