Н. С. Түйменбаева — «Болашақ» академиясының құқықтану мамандығының магистранты
ӘОЖ
ҚЫЛМЫСТЫЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ ТИІМДІЛІГІН АНЫҚТАУ
ОПРЕДЕЛЕНИЕ ЭФФЕКТИВНОСТИ БОРЬБЫ С ПРЕСТУПНОСТЬЮ
DETERMINING THE EFFECTIVENESS OF THE FIGHT AGAINST CRIME
Түйінді сөздер: құқық, қылмыс, тиімділік, күрес, заң, қылмыстық құқық, жаза, әділдік.
Ключевые слова: право, преступление, эффективность, борьба, закон, уголовное право, наказание, справедливость.
Keywords: law, crime, efficiency, struggle, law, criminal law, punishment, justice.
Қылмыстық құқық тиімділігі ретінде осы құқық саласының өмір сүру негіздерін білдіретін себептермен және оның мазмұнына қойылатын талаптардың, қолданылу қызметінің дұрыс анықталуы және олардың практикалық қызметте қарама-қайшылық көрсетпеуі алынады.
Бұл анықтамада келтірілген қылмыстық құқықтың өмір сүру себептері ретінде «қылмысты» деп танылатын әрекеттерді анықтап, оларға жауапкершілікті белгілеу, қылмысты әрекеттерді заң түрінде жариялау арқылы қылмыстылықтың алдын алу, яғни жасалуы мүмкін қылмыстардың санын заңның ескерту қызметін пайдалану арқылы елеулі көлемде азайтуды түсінуіміз керек.
Қылмыстық құқыққа қойылатын талаптар бұл заң нормаларының қолдануға икемділігі, мазмұнының анықтылығы, толықтығы, теориялық және практикалық талаптарға сай болуы және өзге құқықтық ережелерге қайшылық байқатпауы болып табылады.
Қылмыстық құқықтың қызметі — бұл қоғамға қауіптілігіне байланысты қылмысты болып танылатын іс-әрекеттерді анықтау және олардың жауаптылық көлемін белгілеу түрінде анықталатын реттеушілік қызметті іске асыру және қоғамға қауіпті деп танылған әрекеттердің халықтың негізгі бөлігімен келісім табуы арқылы қылмыстылықтан сақтандыру болып табылады.
Заң әдебиеттерінде «тиімділік» мәселесі қылмыстылықпен күресудің тиімділігі ұғымының төңірегінде қалыптасып, әр зерттеушімен әртүрлі бағыттарда түсіндірілген және бұл бағыттарда әркелкілік байқалады. Қылмыстылықпен күресудің тиімділігі мәселесі қозғалғанда жекелеген қылмыстарға әсер етудің тиімді жолдары да келтіріліп, бұл мәселе бастапқы ұғым ретіндегі қылмыстылықпен күресудің тиімділігі ретінде қалыптасқан шешімдерге негізделген зерттеу жүргізу қисынды саналады.
Қылмыстылықпен күресудің тиімді амалдарын кең көлемде алатын болсақ, онда құқықтық нормалардың тиімділігі мәселесінен басқа, қылмыстылыққа әсер ете алатын жасалған қылмыстардың ашылу және тез ашылу деңгейін көтеру, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды жоғары деңгейдегі техникалармен, құра-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы құқық қорғау органдарының қызметінің тиімділігін, сонымен қатар, жекелеген қылмыстылықтардың әлеуметтік сипаттамасын ашу үшін халықтың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі, мәдени және құқықтық сауттылығының дамуы, қылмыстылыққа соқтыратын жекелеген себептердің азаюы сияқты криминология ғылымында қолданылатын тәсілдердің тиімділігін қамту қажет болады. Қылмыстылықпен күрес жүргізу тиімділігінің осындай бағыттарын да қамту жүргізген зерттеуімізді жалпылама түрде көрсетіп, қоғамның дамуына қарай үнемі жетілдіруді, қайта қарауды талап ететін тұрақсыз зерттеуді білдірген болар еді. Сондықтан біз алдағы зерттеулерімізді қылмыстылықпен қылмыстық құқықтық тұрғыдан күресу тиімділігін арттыру бағытында жүргізгенді дұрыс деп санаймыз.
Қылмыстық құқық қылмыстылықпен күресудің бастапқы нормативтік базасы ретінде рөл атқарады және өзге қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару құқықтары сияқты қылмыстылық бойынша мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін, тағайындалған жазаны атқару барысындағы қоғамдық қатынастар мен құқық субъектілерінің міндеттері мен құқықтарын анықтайтын ілімдерге бастаушы ғылым болып табылады. Сонымен қатар, қылмыстылықпен күресудің өзге салаларының мемлекеттік құқықтық саясатқа қарай дамуының бастауын білдіретін құқық саласы қылмыстық құқық болып табылады және осы құқықта белгіленген мақсаттарды, құқықтық қағидаларды дамытушы немесе іс жүзінде іске асырушы өзге құқықтар болып саналады.
Қылмыстылықпен күрес тиімділігінің келесі қарастыруды талап ететін мәселесі, ол құқық нормалары тиімділігінің дәрежелері болып табылады. Құқық белгілі бір мақсаттарға жетуді көздейтіндіктен, ол мақсаттардың орындалуы әртүрлі мөлшерде болуы мүмкін. Соған қарай құқықта белгіленеген мақсаттардың орындалуы нәтиже ретінде анықталып, оның шамасын анықтау үшін заң тиімділігінің дәрежелері деген ұғым категория ретінде пайда болады және тиімділік дәрежелері бір неше аралықтарда өлшенуі мүмкін.
«Дәреже» деген категория қолданылғанда ол бірден сандық өлшем арқылы анықтауды меңзейді. Ал қылмыстық құқық қылмыс және жаза мәселелерін қарастыратындықтан, оның мақсаттары және оның нәтижесінің көрсеткіштері сапалық белгілер арқылы анықтауды талап етеді. Профессор А. А. Игнатьев «Жоғарғы шек заңның мақсаты және оның күшінің нәтижесінің толық сәйкес келуімен, ал төменгі шегі олардың толық сәйкес келмеуімен анықталады. Төменгі және жоғарғы шектер практикалық тұрғыға қарағанда теориялық тұрғыдан ғана мүмкін болатын шектер болуы мүмкін. Заң оған қойылып отырған бірнеше жағдайларды қандай да бір деңгейде шеше алғанда практикада қолдануға ыңғайлы болуы және нақтылық білдіруі мүмкін. Сондықтан заң тиімділігінің үш дәрежесін төменгі, ортаңғы және жоғарғы дәрежелерін келтіріп, төменгі дәрежені толық нөлмен, ал жоғарғы дәрежесін мақсаттың жүз пайыздық орындалуымен байланыстырмай келтірген дұрыс», —дейді[1].
Сондай-ақ В. М. Коган: «Нәтиже мақсатқа жақын немесе мақсаттан тіптен алыс анықталуы да мүмкін, сонымен қатар, қандай құралды қолдансақ та ол шығындануды қажет етеді және тиімділік сандық сипаттамаға ие, ол үлкен немесе кіші бола алады. Бұл жағдайда сандық көрсеткіш көптеген жағдайларға байланысты болады. Жағдайдың тиімділігін анықтау кезінде бағалап отырған белгілер оның шарттары немесе компоненттері ретінде де қарастырылуы мүмкін» дейді[2]. Біздің ойымызша мұндай төменгі және жоғарғы аралықтарда құқықтың тиімділігін дәрежелеу үшін қойылып отырған мақсаттар анық және олар көп болмауы да керек. Себебі мақсаттар көп болатын болса, онда осы құқықтың тиімділігі жоғары немесе орташа деп бір ауыз сөзбен бағалау мүмкін болмайды. Өйткені құқыққа бірнеше мақсаттар белгіленуі мүмкін, ал қолданылуы барысында бір мақсаттарға қол жетсе, екіншілерінің жүзеге асуы өте төмен дәрежеде болуы мүмкін.
Құқықтың тиімділігінің дәрежесін анықтау құралдары ретінде зерттеу және оқулық әдебиеттерінде тиімділікті анықтау критерийлері немесе негіздері бойынша бір неше бағыттар келтіріледі. И. С. Самошенко, В. И. Никитинскийдің пікірінше мұндай критерий ретінде тиімділікті бағалауға мүмкіндік беретін заңның қолданылу жиілігін алу керек[3]. Екінші бір бағыт бойынша «белгілі бір құқықтық норманың тиімділігі құқық қорғау органдары қызметінің практикасында қолданылу мүмкіндігінің дәрежесіне қарай анықталады»[4]. Бұл мәселе бойынша мынандай да пікір кездеседі. Тиімділік критерийлері — бұл заңның мақсатын көрсететін, тиімділікті анықтауда қолданылатын белгілер болып саналады[5].
Қылмыстылықпен күресудің тиімділік мәселелерін зерттеуші қазақстандық ғалым профессор Р. Т. Нұртаев өзінің бір еңбегінде «Қылмыстылықпен күресу тиімділігінің бір жағдайы ретінде қылмыстық заң тиімділігінің күшін тану керек», — дейді[6]. И. С. Самошенко және В. И. Никитинскийдің пікірлерінің қылмыстық құқықтың тиімділігі мәселесіне сәйкес келмейтіндігі бірден көрінеді. Қылмыстық заң қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді қылмысты деп танып, оларды жасауға тиым салатындықтан, қылмыс қаншалықты көп жасалса және ҚК-нің Ерекше бөлімінің белгілі бір баптары жиі қолданылса, бұл заңның көп жұмыс істеуін білдіргенмен, екінші жағынан алғанда заңның қылмыстылықтан сақтандыру және ерекше бөлім нормаларының тыйым салу бағытындағы мақсаттарының дұрыс жұмыс істемегенін, сақаталмағынын білдіреді. Яғни бұл тиімділік көрсеткіші емес, керісінше мағынаны білдіреді. Қылмыстық заңның тиімділігігін білдіретін критерий мұндай жағдайда заң нормаларының барынша аз қолданылуымен анықталуы керек екендігі түсінікті.
Екінші келтірілген бағыт — заң нормаларының практика қызметінде қолданылу мүмкіндігінің жоғары, яғни кедергісіз қолдануға болатындығы, біздің ойымызша құқық нормаларының тиімділігін анықтау критерийлерінің арасында қолдануға болатын ұғым. Өйткені құқық бұл қоғамдық қатынастарды реттеумен, ал қылмыстық құқық қылмысты деп танылған әрекеттер орын алғанда жауапкершілік белгілеу мақсатында өмір сүретіндіктен практика қызметі үшін арналғандығынан бірден көрінеді. Қылмыстық заң негізінен өзінің құқықтық реттеушілік қызметі ретінде негізінен екі қызметті, қылмысты әрекеттерді Ерекше бөлімнің баптарында келтіру арқылы оларды жасауға тыйым салу және екіншіден, осындай тиымға қарамай қылмыскерлердің қолымен жасалғанда жауаптылық белгілеуді көздейді және іске асырады. Сондықтан қылмыстық заңның Жалпы және Ерекше бөлімдерінің нормалары құқық қорғау органдары қызметінде қолдануға ыңғайлы, еш кедергісіз қолданылғанда, бұл заңның бір мақсатының орындалғанын білдіреді деуге болады.
Сонымен, қылмыстық құқық нормаларының тиімділігін анықтайтын критерийлер қылмыстық құқықтың мақсаты түрінде анықталып, олардың қатарына 1) заңның қоғамға қауіпті әрекеттерді қылмысты деп анықтауы; 2) олардың қауіптілік дәрежесі мен сипатына қарай әділ жаза көрсетуі; 3) заң нормаларының толық және анық бейнеленуі; 4) қылмысты саралаумен байланысты құқық қорғау органдарының қызметіне қылмыстық құқықтың теориялық талаптарына сәйкес келетін дұрыс ережелер ұсынуы; 5) қылмыстық заң күшінің тиімділігі; 6) қылмыстылықтан сақтандыру шарасы жатады.
ТҮЙІН
Берілген мақалада қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін анықтау қарастырылған. Қылмыстық заңның тиімділігі ретінде, өмірдің негізін және оның мазмұнына, қолданылуына және олардың практикалық іс-әрекетке қарсылықтарына қойылатын талаптарды көрсететін себептер бойынша осы заңның қолданылу аясының дұрыс анықталуын айтамыз.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассматривается определение эффективности борьбы с преступностью. В качестве эффективности уголовного права принимается правильное определение сферы этого права по причинам, представляющим основу жизни и требований к ее содержанию, применимости и неспособность их противостояния в практической деятельности.
ANNOTATION
This article discusses the definition of the effectiveness of fighting crime. As the effectiveness of criminal law, the correct definition of the scope of this law is accepted for reasons that represent the basis of life and requirements for its content, applicability and the inability to confront them in practice.
- [1] Игнатьев А. А. Уголовно-исполнительное право. — М.: Новый Юрист, 1997. Б. 190-191.
- [2] Коган В. М. Уровни анализа эффективности уголовно-правовых норм // Вопросы борьбы с преступностью. — М.: Юридическая литература, 1979. Вып. 30. Б. 49-50.
- [3] Самощенко И. С., Никитинский В. И. Изучение эффективности действующего законодательства // Советское государство и право. — 1968. —№ 8. — Б. 45-51.
- [4] Анашкин Г. З., Петрухин И. Л. Эффективность правосудия и судебные ошибки //Советское государство и право. — 1968. — № 8. — Б. 36-47.
- [5] Игнатьев А. А. Көрсет. еңбек. Б. 191.
- [6] Нуртаев Р. Т. Актуальные проблемы эффективности борьбы с преступностью и отдельными ее видами в Республике Казахстан // Мат-лы Республ. научн.-теорет. конф., посвященной 70-летию академика М.Т. Баймаханова. — Алматы, 2004. Б. 263.