Н. Қ. Оразалин — Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының әкімшілік құқық және ІІО-ның әкімшілік қызметі кафедрасының доценті, полиция подполковнигі
ӘОЖ
ІІО ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ОТБАСЫ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТЫНАСТАР САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР
АКТУАЛЬНЫЕ ВОПРОСЫ В ДЕЯТЕЛЬНОСТИ СОТРУДНИКОВ ОВД ПО ПРОФИЛАКТИКЕ ПРАВОНАРУШЕНИЙ В СФЕРЕ СЕМЕЙНО-БЫТОВЫХ ОТНОШЕНИЙ
PROBLEMATIC ISSUES IN THE ACTIVITY OF THE OFFICERS OF THE INTERNAL AFFAIRS BODIES FOR THE PREVENTION OF OFFENSES IN THE SPHERE OF FAMILY AND HOUSEHOLD RELATION
Түйінді сөздер: құқық қорғау қызметі, құқық бұзушылық, қоғамдық қауіпсіздік, құқық тәртібі, әкімшілік учаске, есепке алынған, алдын алу, тәжірибе, деструктивті, дін, жергілікті полиция қызметі.
Ключевые слова: правоохранительная служба, правонарушение, общественная безопасность, правопорядок, административный участок, подучетный, профилактика, практика, деструктивный, религия, местная полицейская служба.
Keywords: law enforcement, delinquency, public safety, law and order, administrative division, accounting, prevention, practice, destructive, religion, local police service.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы Конституциямызда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені, адамның аталған құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда ешкімнің оны бұзбауға, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғалатыны, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені көрсетілген. Осы адам өмірін қоғамда дұрыс өмір сүру үшін ең алдымен барлық тәрбие мен тәртіп отбасынан яғни жанұядан басталады деп ойлаймын. Әр адамға ең жақын адамдар, ол жанұядағы адамдар болады. Олар – жұбайлар мен балалар. Ата бабамыз айтып кеткендей «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші жастайынан балаға ең алдымен отбасының тәрбиесінің әсеріөте зор. Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғыратын, түрлі жаман мінездерді адам тез өзіне қабылдайтыны мәлім. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы — баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны болып табылатыны күнделікті өмірден көрініп тұрады[1].
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан жолы — 2050 «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауында былай деп атап көрсетті: Біздің міндет — Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымын осы заманға тиімді жүйесін жасау, басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру, ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру[2].
Қазақстан Республикасының ІІО туралы Заңының 1-бабында; «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органы болып табылады»делінген. Сондықтан да полиция қызметкерлері өз елінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында ел тыныштығы үшін адал қызмет атқарып келеді[3].
Егеменді Республикамыздың мемлекет және қоғамдық өмірінің құқықтық негіздерін, соның ішінде мемлекет басқаруды ұйымдастыру мен жүзеге асыру барысында қалыптасатын қоғамдық қатынастарды, оның ішінде басқарудың белгіленген тәртібіне яғни қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды реттейтін құқықтық рәсімдерді нығайту мейлінше маңызды екендігі сөзсіз.
Әкімшілік құқық сферасындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтары негізінен конституциялық құқықтары мен бостандықтарынан туындайды және көптеген заңдарда және заң күшіндегі актілерде нақтыланады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында басымдықтың бірі-құқық тәртібін нығайту мен азаматтардың қауіпсіздігін қажет деңгейде қолдау екеніндігі көрсетілген. Бұл мақсатта ІІМ қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғаюда, штат саны нығаюда, еңбек ақы көтерілуде, полиция мен Ішкі әскер қажетті техникамен жарақталуда[4].
Елбасы өзінің Жолдауында «Нәтижелі жұмыс үшін жағдай жасалған, сондықтан, қоғам сіздерден, тиісті қайтарым күтеді», үлкен өкілетікке ие болып отырған иығына пагон таққан адамдар, өзгелерден кіршіксіз тазалығымен және жоғары кәсібилігімен ерекшеленуі тиіс», — деп нақты айтып өтті[5].
Жоғарыда атап өткендей Қазақстан рсепубликасында ІІО қызметкерлерінің міндеттерінің бірі болып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау саналады. Ең алдымен ата бабамыздың сөзіне сүйенсек «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Отан, от басынан басталады» демекші, елімізде жанұя тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтардың салдарынан, ауыр немесе аса ауыр санаттағы қылмыстарға жол беріліп жатады. Сонымен осы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы шараларды заң шеңберінде қолану мақсатында Республикамызда 2010 жылғы 29 сәуірде «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» №271-1V заңына қол қойылып, 2010 жылдың 12 мамырында бұқаралық ақпараттар құралына ждарияланды. Бұл заңнамада Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдарының және барлық азаматтарының құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтыны көрсетілген. Осы заңнаманың негізінде көрсетілген талаптарды барлық мемлекеттік ұйымдар мен басқа да органдар өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде толығымен басшылыққа алатын болса, елімізде криминалдық ахуалды бақылау және қылмыстық құқық бұзушылықтарды азаюына немесе мүлдем болғызбауына мүмкіншілік болар еді[6].
Қазіргі таңда елімізде күнделікті күнделікті өмірде құқық бұзушылықтардың ішінде жанұя-тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтарға көптеп жол беріліп жатады. Осы тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алудағы іс-шараларды жүсеге асырып, жолын кесу мақсатында 2009 жылы 4 желтоқсанда Республикамызда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» № 214-1V заңы қабылданды. Заңда мемлектттік органдар мен өзін-өзі басқару органдарының және барлық азаматтардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы міндеттерін айқындайды. Бұл заңнамада көрсетілген барлық талаптарды аталған тұлғалар қажетті түрде орындаса, жанұя-тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтардың азаюына мүмкіндік болар еді.
Аталған заңның 4 бабында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері көрсетілген. Атап айтсақ олар: күш көрсету зорлық-зомбылығы, психологиялық зорлық –зомбылық, сексуалдық зорлық-зомбылық және экономикалық зорлық-зомбылық. Алайда қазіргі заманның сарынына сай көптеген адамдардың дін жолына беріліп кеткені салдарынынан, тәжірибеде осы заңның яғни, «зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңның талаптарын қолдануға мүмкіншілік болмай жатады. Сондықтан да осы заңның 4 бабында көрсетілген тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлерінің бірі ретінде «діни тұрмыстық зорлық-зомбылық» түрін енгізу қажет деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда көптеген қыз-келіншектеріміз осы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жапа шегіп, көп балалар әкесіз өсіп жатады. Толығырақ айта кетсек, тәжірибеде дін жолын ұстанатын ер адам жай қарапайым қызбен жанұя құрып тұра келе, жолдасын дін жолына түсуге үгіттеуі мүмкін, зайыбы қызметте жұмыс жасауынан немесе басқа да себептермен ол жолға түсуден бас тартып нәтижесінде шариғат бойынша «талақ» айтылып, зорлық-зомбылықтан жапа шегіп, бір айрандай ұйыған жанұя бұзылып жатады. Осы себебпті зорлық-зомбылықтың «діни тұрмыстық зорлық-зомбылық» түрін енгізуді қажет етеді[7].
Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті.
Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен 1999 жылы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі жанынан «Әйелдер және отбасы істері» жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.
Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше жасақталды. Оның негізгі мақсаты — әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолдарын кесу болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы «Гендерлік теңдік стратегиясы» қолданыста. Бұл құжатта отбасылы әйелдердің мәртебесін көтеруге байланысты көптеген мәселелер қарастырылған, оның жеке тарауы қоғамдық зорлық-зомбылықты болдырмауға арналған[8].
Сонымен қатар, қазіргі таңдағы заңды күші бар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы жасалған құқық бұзушылықтар бойынша жауаптылық көрсетілген. Бұл баптың бірінші бөлігінің диспозициясында құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілер болмаса тұрмыстық қатынастағы әкімшілік құқық бұзушылық болатындығы көрсетілген. Және де осы іс-әрекеттер үшін баптың санкциясында ескерту жасауға не үш тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалатыны көрсетілген. Осы көрсетілген әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» және ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңдарына және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 54 бабының талаптарына сай құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу көрсетілген. Осы құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қою, әкімшілік іс жүргізуге қатысушыларды немесе іс жүргізіп жатқан ІІО өтінішхаты яғни, ұсынысы бойынша соттың қаулысымен белгіленеді. Яғни, осы талаптарды тәжірибеде қолдану кезінде біраз кедергілер және өзекті мәселелер туындап жатады. Айтатын болсақ, тәжірибеде отбасы-тұрмыстық қатынастағы жасалған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабының 1 бөлімі бойынша, осы кодекстің 54 бабына сай ІІО ұсынысы мамандандырылған әкімшілік соттарда қанағаттандырылмай жатады. Себебі құқық бұзушының бұл бап бойынша яғни, отбасы-тұрмыстық саласындағы құқық бұзушылықты бірінші рет жасауына байланысты. Алайда аталған заңдар мен осы кодекстің талаптарында олай көрсетілмеген және қайшы келеді.
Тағы да, тәжірибеге сүйеніп айтатын болсақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабы бойынша және 54 бабына сай ІІО ұсынысы бойынша құқық бұзушының мінез-құлқына орнатылған ерекше талаптардың бірін құқық бұзушы бұзған кезде, ол үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде арнайы «мінез-құлқына қойылған ерекше талапты бұзу туралы» әкімшілік жауапкершілікке тарту бабы қарастырылмаған. Осының салдарынан отбасы-тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы іс-шаралардың жеткіліксіздігі байқалады[9].
Қорытынды: Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім — жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. (Н.Ә.Назарбаев) — деп Елбасымыздың сөзімен қорытындылау.
АННОТАЦИЯ
В данной статье автор рассматривает законодательство, анализирует проблемные вопросы, возникающие в деятельности сотрудников ОВД по профилактике правонарушений в сфере семейно-бытовых отношений.
ТҮЙІН
Автор өз мақаласында заңнамаларды қарастыра отырып, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ІІО қызметкерлерінің қызметінде туындайтын проблемалық мәселелерді талдайды.
ANNOTATION
The author, considering the scientific literature, in his article analyzes the problematic issues that arise in the activities of police officers to prevent offenses in the field of family and household relations.
- [1] Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз (10.03.2017 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен) // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=51005029.
- [2] ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. Қазақстан жолы-2050. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Астана қ. 17 қаңтар 2014 жыл // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400002014.
- [3] Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 199-V ҚРЗ // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1400000199.
- [4] ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. Қазақстан-2050 стратегиясы. «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Астана қ. 14 желтоқсан 2012 жыл // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1200002050.
- [5] ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. Қазақстан жолы-2050. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Астана қ. 17 қаңтар 2014 жыл // // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400002014.
- [6] ҚР 2010 жылғы 29 сәуірде «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» №271-1V заңы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z100000271.
- [7] ҚР «Тұрмыстық зорлық – зомбылықтың профилактикасы туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы № 214-1V заңы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z090000214.
- [8] Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы “Гендерлік теңдік стратегиясы” // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U050001677.
- [9] Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралыкодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ (05.10.2018 жылғы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар) // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000235.