Қ. А. Бүркітбаев — Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының кәсіптік және қосымша білім факультетінің аға оқытушы-әдіскері, полиция подполковнигі
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР НЕГІЗІНДЕ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ
ПОВЫШЕНИЕ КАЧЕСТВА ОБРАЗОВАНИЯ В СВЕТЕ НОВЫХ ТЕХНОЛОГИЙ
IMPROVEMENT OF THE QUALITY OF EDUCATION IN THE LIGHT OF MODERN TECHNOLOGIES
Түйінді сөздер: Жолдау, цифрлық Қазақстан, ақпараттық технологиялар, компьютер.
Ключевые слова: Послание, цифровой Казахстан, информационные технологии, компьютер.
Keywords: Message, digital Kazakhstan, information technology, computer.
Егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың мазмұны мен әдістерін жаңарта отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын, жан-жақты, мәдениетті жеке тұлға қалыптастыру мәселесін көтеріп отыр. Осы орайда өркениетті әлемнің таңдаулы мүшесі болу елдің рухани және мәдени қуатына, ғылымы мен біліміне байланысты десек қателеспейміз. Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаев: «Білім мен ғылымды өз дәрежесінде меңгерген елдер ғана әлемдік дамудың алдында, озық көштің бұйда ұстар тұсында болады. Еліміздің 2030 жылы барысқа айналдыратын күш – бүгінгі жастар», — деп мемлекет тағдыры мен ұрпақ тағдырын қатар қояды.
Қазіргі таңда цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының бейнесабақтары мен бейнетоптамаларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс[1].
Мемлекеттік білім стандартты деңгейінде оқыту үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік шығармашылық қабілеттерін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және ізденімпаздықпен жұмыс істеуге қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерді қамтиды.
Оқытудың жаңа технологиясы әрекет ету, соның нәтижесінде алынған білім, дағды, іскерлікті бекіту, курсанттардың ойлау, әрекет ету қабілетін жетілдіру, өз әрекетін жоспарлау, өз бетімен білім алу жолдарын таңдай білу, оқыту технологиялары түрлерін, олардың құрылымын игерту және оны өз тәжірибесінде пайдалана білу іскерлігін қалыптастыру міндетін көздейді. Оқыту технологиясы — өзінің мәні жағынан тұтас дидактикалық жүйе. Ол оқу үрдісін ұйымдастыруды, оқытудың мақсаты мен мазмұнын, басқару жүйесін, материалдық, психологиялық жағдайын, оқытудың тиімділігі мен нәтижесін бағалау межелерін өзгертуді талап етеді. Оқытудың жаңа технологияларының құрылымын: оқытудың мақсаты, оқытудың мазмұны, оқытудың әдістері мен тәсілдері, оқытудың нәтижесі айқындайды. Оқыту технологияларының мақсаты бір болғанымен, құрылымы, ұстанымдары, оқыту әдіс-тәсілдері жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Осыған орай олардың түрлері де сан алуан. Қазіргі білім беру тәжірибесінде оқыту технологияларының: дамыта оқыту, бағдарламаланған оқыту, деңгейлеп оқыту т.б. түрлері кеңінен қолданылуда.
Жаңа технологияны қолдану мынадай кезеңдерді қамтиды: оқып үйрену, меңгеру, өмірге ендіру, дамыту.
Оқытудың жаңа технологиялары педагогикалық шеберлікті, оқытушының ізденімпаздығы мен танымдық біліктерінің жоғары дәрежесін талап етеді.
Қазіргі білім беру жүйесінде оқу-танымдық материалдардың рөлі өзгеретіндігін айта кеткен жөн. Ол оқып-үйренудің басты объектісінен, дамытудың құралына айналып отыр. Осыған сәйкес, мынадай қағидаларды басшылыққа алған жөн.
Бірінші қағида — оқу-танымдық материалдардың мазмұндық құндылығының басымдылығы. Ол оқу материалдарын қарастырудың нақты ракурсын анықтайды және мыналарды талап етеді:
- сол материал қамтитын жалпы мәдени деректерді табу (мысалы, сәйкес білімді практикалық қызметті жүзеге асырғанда қолдану немесе заңдылықтардың түрлі құбылыстарда бой көрсетуі);
- оны оқып үйренуде қалыптастыру, тиімді болатын жалпы ойлау амалдарын іріктеу;
- материалды оқып-үйренгенде қолданылатын жаңа әдістерін бөліп шығару т.б.
Екінші қағида — әдіснамалық бағдар қағидасы. Ол болашақ маман даярлау жүйесіндегі мазмұндық сипатты талдауда маңызды. Сондай-ақ жаңа білім, біліктерді меңгеру жолдары, әдіс-тәсілдерді таңдауда өзіндік үлесі басым.
Аталған мәселелердің барлығы да білімді практикалық және теориялық тапсырмаларды орындау үшін қолдануға бағдарланған, ал бұл олардың жалпы білім берушілік құндылығының мол екендігін көрсетеді.
Жалпы, білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстары, оқыту үрдісінде жүзеге асырылатын және оны құрастыратын түрлі технологияны жақсы игеруден және оны кәсіптік ахуалға сәйкес жағдайда қолдана білуден тұрады. Осыған сәйкес үшінші бір қағида келіп шығады.
Үшінші қағида – оқыту мазмұнындағы технологиялық білімнің басымдылық қағидасы. Мұнда жаңа оқу құралдарын (мысалы, компьютерлер т.б.) қолдануға байланысты технологиялар ғана емес, шәкірттің танымдық ізденіс қызметін қанағаттандыратын жаңа технологиялар туралы сөз болып отыр[2].
Оқу үрдісі — өзіне мақсат, қызмет процесін, сондай-ақ осы қызметті басқаруды қорытатын мақсатты танымдық қызмет. Оқу үрдісін әрбір компоненті, бәрінен бұрын, мақсат, мазмұн және бүкіл педагогикалық іс-қимыл әдістемелік жағынан қамтамасыз етіледі. Әдістемелік талаптарды жүзеге асыру тиісті технологиялар арқылы жүзеге асады.
Оқыту технологиясында оқытудың мазмұны мақсаттардың, жоспарлардың және пәннің бағдарламасы негізінде қалыптасады және оның басты өлшемдері: көлемі, ұзақтығы, деңгейі т.б. анықталады. Сонан соң оқу әдіс-тәсілдері таңдалады, танымдық іс-әрекеттің формалары, құралдары анықталады. Танымдық іс-әрекетті жетілдірудегі оқыту технологиясының негізгі белгілері мыналар:
- Жаңашылдық – оқыту бағдарламасын жаңартуға, яғни ғылым жетістіктері мен оны педагогикалық практикада пайдалану арасындағы алшақтықты жүйелі түрде азайтуға ұмтылыс жасау.
- Оңтайлылық – оқу-тәрбие мақсаттарына бір мезгілде уақытты үнемдеу және оқытудың жоғары сапасы сияқты шарттарды ескере отырып, курсант пен оқытушының мүмкіндігінше аз күш жұмсауы арқылы қол жеткізуге ұмтылыс.
- Ықпалдастыру — әр ғылым саласындағы жаңалықтарды, жетістіктерді біріктіру нәтижесінде оқу-тәрбие процесін жетілдіруге ықпал ету.
- Ғылымилық – оқыту үрдісі мазмұнын, формалары мен әдістерін, тиімділігі мен мүмкіндіктерін, даму жағдайларын зерттеу, ғылыми тұрғыда негіздеу, практикада қолдану мүмкіндіктерін көрсетіп беру.
- Танымдық іс-әрекетті бағдарлау, яғни оқу процесін тиімді ұйымдастыру, оны тиянақты жобалау.
- Оқыту құралдарын, материалдарын іріктеу — оқытудың қазіргі заманғы техникалық құралдары мен оқу материалдарын, сондай-ақ танымдық ізденімпаздықты жетілдіретін әдіс-тәсілдерді пайдалану.
- Озат тәжірибелерді пайдалану негізінде оқытуды ұйымдастыру — жаңа жағдайда әдіс-тәсілдерді, құралдарды пайдалана отырып, педагогикалық идеяларға, мұраларға зор маңыз беру.
- Оқытудың жоғары сапасына жету, сындарлы бағалау оқу үрдісін бақылау әдістерінің бүкіл кешенін қамтиды. Олар бақылау жүйесін жасау, мақсаттары мен әдістерін айқындайтын, белсенді іс-әрекет пен техникалық құралдар, компьютерлер негізінде бағалау бағытында дамиды[3].
Мақаланы қорыта келе, оқу-танымдық әрекет мазмұны алуан түрлі материалдарды меңгеруде іске асыратын танымдық қызметтің және осы қызметті ұйымдастыратын оқытушы әрекетінің сипаттарымен ерекшеленеді.
Әр оқытушы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, жаңа заман талабына сай, ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеп, сабақты түрлендіру мақсатында оқытудың жаңа технологияларын пайдаланса, игі нәтижеге жетері сөзсіз.
ТҮЙІН
Берілген мақалада автор Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауын басшылыққа ала отырып, білім сапасын жақсартатын заманауи ақпараттық технологиялардың, оқу-танымдық материалдардың рөлін қарастырған.
АННОТАЦИЯ
В данной статье автор рассматривает роль современных информационных технологий, учебно-познавательных материалов, которые улучшают качество образования, руководствуясь Посланием Первого Президента Республики Казахстан Н. А. Назарбаева
ANNOTATION
In this article, the author considered the role of modern information technologies, educational materials that improve the quality of education, guided by the message of the First President of the Republic of Kazakhstan N. A. Nazarbaev.
- [1] Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауы // https://www.akorda.kz/kz/ addresses/ addressesof_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-nazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2018-zhylgy-10-kantar.
- [2] Омарова Р. С. Оқу танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру. — Ақтөбе, 2006.
- [3] Сибагатова Г. К., Омарова Р. С. Образовательные технологии: понятия и проблемы. — Ақтөбе, 2007.