Д. Ж. Үсенов — Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының күндізгі оқу факультетінің аға оқытушы-әдіскері, полиция майоры
ӘОЖ
ДӘРІС ЖОО-ДА ОҚУ ҮДЕРІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ БІР ФОРМАСЫ РЕТІНДЕ
ЛЕКЦИЯ КАК ОДНА ИЗ ФОРМ ОРГАНИЗАЦИИ УЧЕБНОГО ПРОЦЕССА В ВУЗЕ
LECTURE AS A FORM OF ORGANIZATION EDUCATIONAL PROCESS AT THE UNIVERSITY
Түйінді сөздер: жоғары оқу орны, білім алушы, дәріс, лектор, педагог, конспект, теориялық материал, білім.
Ключевые слова: высшее учебное заведение, обучающийся, лекция, лектор, педагог, конспект, теоретический материал, знания.
Keywords: higher education institution, student, lecture, lecturer, teacher, abstract, theoretical material, knowledge.
Жоғары оқу орнындағы дәріс – оқытудың дидактикалық циклінің басты негізі. Оның мақсаты — білім алушылардың оқу материалын қабылдауларын қалыптастыру болып табылады. Заманауи жоғары мектептер үшін дәріс өте өзекті. «Дәріс» латынның «lection» — оқу сөзінен шыққан. Дәріс — білім алушылардың теориялық даярлығының негізін құрайтын оқу сабағының түрі. Олар ғылыми білімнің жай-күйі және тиісті саласын дамыту перспективаларын ашатын, білім алушылардың назарын анағұрлым күрделі мәселелерге аударатын, олардың белсенді танымдық қызмет пен шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыратын пән бойынша ғылыми білімдердің жүйелі негіздерін қамтиды[1].
Дәріс ежелгі Грецияда пайда болып, көне Римде және орта ғасырларда өз жалғасын тапты. XIX ғ. орта тұсынан бастап бүкіл әлемдегі ғылыми және техникалық білімдердің дамуына байланысты дәрістерді білім алушылардың жеке және белсенділік қасиеттерін жандандыратын практикалық сабақтармен толықтырудың қажеттігі дами түсті. Танымал орыс хирургі және педагог Н. И. Пирогов егер дәріс оқушы жаңа ғылыми материалдарды игерген немесе ерекше сөз құдіретіне ие болса ғана дәріс оқу керектігін мәлімдеген болатын. Н. Г. Чернышевский, Н. А. Добролюбов, Д. И. Писарев білім алушылардың өзіндік жұмыстарына үлкен мән берді, сондай-ақ педагогикалық қарым-қатынас үдерісіндегі дәрістің эмоционалдық әсерін де басып көрсетті. 1896 ж. техникалық және кәсіби білім беру жөніндегі орыс қайраткерлерінің екінші съезі дәріс оқуды қолдады, олар жанды сөзді ғылыми білімді хабарлаудың күшті құралы ретінде таныды. Ал 30 жж. кейбір жоғары оқу орындарында тәжірибе ретінде дәріс оқу тоқтатылды. Тәжірибе өзін-өзі ақтамады. Білім алушылардың білім деңгейі күрт төмендеп кетті[2]. Қазіргі уақытта оқу материалын дәріс түрінде мазмұндаудың жақтастары да, қарсыластары да бар. Олардың шешімдеріне тоқталып көрелік:
- Дәріс өзгелердің көзқарастарын пассив түрде қабылдауға үйретеді жеке ойлауды тежейді.
- Дәріс білім алушылардың өз бетімен білім алуларына кедергі жасайды.
- Егер оқу құралдары жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда дәріс қажет болады.
- Кейбір білім алушылар ойлап үлгереді, ал кейбіреулері механикалық түрде дәріс оқушының сөздерін жазып алып отырады.
Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, дәрістен бас тарту білім алушылар даярлығының ғылыми деңгейін төмендетеді, семестр бойғы жұмыстың жүйелігі мен тепе-теңдігін бұзады. Сондықтан дәріс бұрынғыдай ЖОО-да оқу үдерісін ұйымдастырудың жетекші формасы ретінде жалғасын тауып келеді. Ең бастысы, дәріс оқуда дұрыс әдісті таңдау және оқу материалын дұрыс құрастыру керек.
Оқу үдерісінде дәрісті оқу формаларының басқа түрімен алмастыруға келмейтін жайттар да туындайды:
- жаңа курс бойынша оқулықтар жоқ болып жатқан жағдайда дәріс ақпараттың негізгі дереккөзі болып табылады;
- белгілі бір тақырып бойынша жаңа оқу материалы қолда бар оқулықтарда көрініс таппаған жағдайда;
- оқулықтың жекелеген тақырыптары өз бетімен меңгеруге қиын және дәріс оқушының әдістемелік тұрғыдан қайта даярлауын қажет еткен жағдайда;
- курстың негізгі мәселелері бойынша қарама-қайшы тұжырымдар болған кезде;
- білім алушылардың өзіндік көзқарастарын қалыптастыруда дәрісті оқытудың басқа формаларымен ауыстыра алмайсың[3].
Дәрістің эмоционалдық бояуы терең ғылыми мазмұны ойдың, сөздің және тыңдармандар қабылдауының үндестігін арттыра түседі.
Дәрістің артықшылықтары:
- дәріс оқушының аудиториямен шығармашылық қарым-қатынасы;
- дәріс — білім негіздерін алудың ең үнемді жолы;
- егер дәріс жақсы түсінікті және мұқият тыңдалған болса ой қызметін белсендіреді.
Кейінгі жылдары білім алушылардың лекторды еркін таңдау үрдісі белең алып келеді, бұл дәріс оқу шеберлігін өзектендіре түседі. Көптеген оқытушылар дәріс оқушының міндеті пәнді жақсы білу және оны түсінікті баяндау деп есептейді. Ал «баяндаудың түсініктілігі» дегеніміз не? Бұл күрделі педагогикалық мәселе, яғни баяндаудың бірізділігі, көрнекілігі, тыңдармандардың сапалы белсенді меңгеруі, т. б.
Дәріске қойылатын талаптар. Дәріс пен оқытудың байланыста болуы, дәрістің ғылымилығы мен ақпараттылығы (қазіргі ғылыми деңгейге сәйкестігі), ұтымды, сенімді мысалдардың, дәйектердің, негіздемелердің, ғылыми дәлелдемелер санының барынша көп болуы, баяндаудың эмоционалды формасы, тыңдармандардың ойын белсендіру, ой қызметін жетілдіретін сұрақтар қою, баяндалатын мәселелерді шешудің нақты құрылымы мен логикасы; әдістемелік өңдеу – басты ойлар мен ережелерді, шешімдерді іріктеу, түсінікті тілмен баяндау, жаңа енгізілген терминдер мен атауларды түсіндіру, мүмкіндігінше аудиовизуалды дидактикалық материалдарды қолдану.
Дәрістің құрылымы. Дәріс өзінің құрылымы бойынша бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Барлығы баяндалған материалдың мазмұны мен сипатына байланысты, дегенмен кез келген дәріске құрылымдық сипат тән. Ең алдымен, бұл дәріс жоспарын хабарлау. Жоспарға емтихан билеттерін құрастыруға септігін тигізетін дәрістердің негізгі мәселелерінің атаулары кіреді.
Өткен дәрістердің мазмұнын еске түсіру, оны жаңа материалмен байланыстыру, пәндегі, басқа ғылым жүйесіндегі орны мен маңызын анықтау пайдалы. Тақырыпты ашу барысында индуктивті әдісті, сондай-ақ дедукция әдісін қолдануға болады. Дәріс соңында тыңдалған мәселелер бойынша қорытынды шығарып отырған дұрыс. Дәстүрлі ЖОО-ғы дәріс әдетте ақпараттық деп аталады. Жалпы, дәрістің бірнеше түрі бар соларға жеке-жеке тоқталып өтейік:
Кіріспе дәріс. Аталмыш дәріс білім алушыларға курстың мақсаты мен міндетін, оқу пәндері жүйесіндегі орны мен рөлін түсіндіреді. Әрмен қарай курстың қысқаша мазмұны (аталмыш ғылым дамуының кезеңдері, танымал ғалымдардың аттары) беріледі. Мұндай дәрістерде ғылыми мәселелер қойылады, болжамдар алдыға тартылады, ғылым дамуының болашағы мен оның тәжірибеге қосқан үлес салмағы белгіленеді.
Шолу-қайталау дәрісі бөлімнің немесе курстың соңында оқылады. Дәрісте аталмыш бөлімнің немесе курстың ғылыми-ұғымдық негізін құрайтын барлық теориялық мәселелер көрініс табуы қажет.
Шолу дәрісі. Бұл қысқаша конспект емес, барынша жоғары деңгейде білімдерді жүйелеу болып табылады. Оқыту психологиясы көрсеткендей, жүйелі түрде баяндалған материал есте жақсы сақталады. Шолу дәрісінде сондай-ақ, емтихан билеттерінің күрделі сұрақтарын қарастыруға болады.
Дәріс материалын баяндай отырып, оқытушы білім алушылардың конспект жазуына назар аударуы керек.
Конспект мұқият тыңдауға, жазу үдерісінде жақсы есте сақтауға, семинарға, емтиханға дайындық кезінде тірек материалдардың болуын қамтамасыз етеді. Дәріс оқушының міндеті — білім алушыларға саналы түрде конспектілеуге мүмкіндік беру. Тыңдау, ойлану, өңдеу, қысқаша жазу. Бұл үшін оқытушы білім алушыларға көмектесуі керек және барлығының түсініп, үлгеріп отыруын қадағалауы қажет.
Білім алушыларды конспектілеу әдісіне, яғни графикалық тұрғыдан дұрыс орналастыруға және жазбаны рәсімдеуге (абзацтарды бөлу, негізгі ойлар мен тірек сөздерді бөлу, т. б.) үйрету маңызды.
Дәріс сапасын бағалау. Дәріске қатысу және талқылау барысында оқытушы мен оның әріптестерінің арасында дәрістің сапасын бағалау қажеттілігі туындайды. Бұл сапаларға: мазмұн, әдіс, білім алушылардың жұмысына жетекшілік, дәрістің нәтижелігі кіреді. Аталмыш сапалардың әрқайсысына тоқталып өтейік: Дәрістің мазмұны дегеніміз дәрістің ғылымилығы, ғылымның қазіргі даму деңгейіне сәйкестігі, дүниетанушылық жағы, әдістемелік мәселелердің болуы, олардың дұрыс баяндалуы. Дәріс оқу әдістемесі бұл дәрістің нақты құрылымы және мазмұндау логикасы. Жоспардың болуы, оған сүйеніп отыру. Дәріске қатысты әдебиеттерді беру. Жаңа терминдер мен ұғымдарды түсіндіру. Дәлелдік пен дәйектілік. Білім алушылардың жұмысына жетекшілік білім алушылардан конспектілеуді талап ету және оның орындалуын бақылау. Оларды жазу әдісіне үйрету. Дәрістің нәтижелігі дегеніміз дәрістің ақпараттық құндылығы, тәрбиелік аспектісі, ең бастысы дидактикалық мақсаттарға қол жеткізу. Білім беру жүйесінің дамуы, оны ізгілендіру (гуманизация), жеке адамға бағыттау үрдісі, білім алушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру мәселелік дәріс, екеу аралық дәріс, визуалды дәріс, пресс-конференция дәрісі сияқты жаңа дәріс формаларының пайда болуына түрткі болды.
Дайын ақпарат айтылып, түсіндірілетін ақпараттық дәріске қарағанда мәселелік дәрісте жаңа білім «ашуға» тиісті беймәлім ақпарат ретінде алға тартылады. Оқытушының міндеті — мәселелік жағдаят тудыра отырып, білім алушыларды мәселенің шешімін табуға жетелеу болып табылады. Бұл үшін жаңа теориялық материал мәселелік міндет түрінде беріледі. Мәселені оқытушымен бірлесе отырып шешу барысында білім алушылар жаңа қажетті білім алады.
Визуалды дәріс көрнекілік қағидатының жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыру нәтижесінде пайда болды. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер көрсеткендей, көрнекілік оқу материалын барынша жақсы қабылдау мен есте сақтауға ғана емес, сондай- ақ құбылыстардың табиғатын терең түсінуге ықпалын тигізеді.
Екеу ара дәріс бұл дәрістің түрі екі оқытушының диалогіндегі материалды мазмұндаудың жалғасы мен дамуы болып табылады. Бұл жерде теориялық және практикалық мәселелерді екі маман талқылайды. Мұндай дәрістің төмендегідей артықшылықтары бар:
- білім алушылардың бойындағы білімді өзектендіреді;
- мәселелік жағдаяттар туындатады, дәлелдемелік жүйелер ашады;
- екі дереккөз қорының болуы әртүрлі көзқарастарды салыстыруға, таңдау жасауға,
- қандай да біреуіне қосылуға, өз көзқарасын айтуға мәжбүрлейді;педагогтің кәсібилігі көрінеді, оның тұлғасы тереңірек ашыла түседі.
Пресс-конференция дәрісі. Бұл дәрісте оқытушы тақырыпты айтқаннан кейін білім алушылардан аталмыш тақырып жөнінде сұрақтарын қағазға түсіріп берулерін сұрайды. Екі-үш минуттың ішінде білім алушылардың өздерін барынша қызықтырған сұрақтарын құрастырып, оқытушыға береді. Үш-бес минуттың ішінде сұрақтар іріктеліп, олардың мазмұны бойынша дәріс басталады. Дәріс сұрақтарға жауап ретінде емес, керісінше біртұтас мәтін ретінде баяндалады, мазмұндау кезінде сұрақтардың жауаптары да ашылып жатады. Мұндай дәрісті тақырыптың басында, ортасында, соңында тиімді пайдалануға болады. Жалпы, дәріс жоғары оқу орындарында оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасының бірі болып қала береді. Ал, дәріс сабақтарын түрлендіріп өткізу жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылардың құзіретіндегі мәселе.
ТҮЙІН
Бұл мақалада жоғарғы оқу орындарында дәріс оқуды ұйымдастырудың кейбір мәселелері, сондай-ақ оларды шешу, формалары мен түрлері қарастырылған. Дәріс пән бойынша ғылыми білімнің тиісті саласын дамытудың жай-күйі мен перспективаларын ашатын, оқушылардың неғұрлым күрделі мәселелерге назарын аударатын, олардың белсенді танымдық қызметін және шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыратын ғылыми білімнің жүйелі негіздерін қамтиды.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассмотрены некоторые вопросы организации чтения лекций в высших учебных заведениях, а также их решение, формы и виды. Лекция включает системные основы научных знаний по предмету, раскрывающие состояние и перспективы развития соответствующей области научного знания, привлекающие внимание обучающихся к наиболее сложным проблемам, формирующие их активную познавательную деятельность и способность к творческому мышлению.
ANNOTATION
This article discusses some issues of the organization of lectures in higher education institutions, as well as their solution, forms and types. The lecture includes the system bases of scientific knowledge on the subject, revealing the state and prospects of development of the corresponding field of scientific knowledge, attracting the attention of students to the most complex problems, forming their active cognitive activity and ability to creative thinking.
- [1] Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 52 бұйрығы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы».
- [2] Каримов А. Н. Педагогикалық қызмет және педагогикалық шеберлік негіздері. — Алматы, 2010.
- [3] Педагогика и психология высшей школы: Учеб. пос. — Ростов-на-Дону: Феникс, 2002.