Ш.Ө. Смагулова — Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушысы, полиция капитаны
ӘОЖ 37.0
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАША ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІҢ ТИІМДІЛІГІ
ЭФФЕКТИВНОСТЬ НОВЕЙШИХ МЕТОДОВ И МЕТОДИК В СИСТЕМЕ ОБРАЗОВАНИИ
EFFECTIVENESS OF THE LATEST METHODS AND TECHNIQUES IN THE EDUCATION SYSTEM
Түйінді сөздер: педагогика теориясы, педагогика, білім беру жүйесі, ынтымақтастық оқу, тәжірибелік-семинар жұмыс, әдіс-тәсіл, тиімділік.
Ключевые слова: теория педагогики, педагогика, система образований, обучение в сотрудничестве, практико-семинарские занятия, методика, эффективность.
Keywords: theory of pedagogy, pedagogy, system of education, training in cooperation, practical-seminar, method-approaches, efficiency.
Қазіргі қоғамдағы педагогика теориясы едәуір өзгерістерге ұшырап, білім беру мазмұнында жаңа көзқарастардың пайда болуымен байланысты білім беру құрылымын жаңарту керек екеніне көз жеткізді. Білім беруді жетілдіру, ақпараттандыру, білім алушылардың танымдық қабілеттерін арттыру, оқу дағдыларын жетілдіру мәселелері көтерілуде. Сондықтан оқытушылар оқытуда білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалануы қажет[1].
Әдіс — оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін оқытушы мен курсанттардың бірлескен жұмысында қолданылатын тәсілдер. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін атқарылатын жұмыстар ретке келтіріледі. Оқытуда ең бастысы — әдіс. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қажет етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады[2].
Оқыту мен оқудағы әдістерді не үшін өзгерту қажет?

Әлемде болып жатқан өзекті қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы оқу орындар үшін де, соның ішінде оқытушылар үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: біріншіден, «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және екіншісі, ол да маңызы жағынан біріншіден еш кем емес: «Оқытушылар білім алушыларға ХХІ ғасырға қалай дайындайды?». Осындай сұрақтарға байланысты Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары ашылған болатын.
Білім беру саласында қол жеткізілген бітімнің мәні — курсанттар үшін білімнің де, дағдылардың да тең дәрежеде маңызды екендігіне саяды. Ал, заманауи тәсілердің ең негізгісі — білім алушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару керектігі болып табылады, ал ХХІ ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында. Оқытушылар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мықты дағдыларды игеріп, оқытудың тиімді құралы ретінде оларды қалай пайдалану әдістемелерін меңгеруге тиіс, сондай-ақ, оқу үдерісін бақылауда ақпараттық-басқару жүйелерін, оқыту барысында оқыту әдіс-тәсілдерін тиімді қолдана білгені жөн. Сол әдіс-тәсілдердің бірі — ынтымақтастық оқу-оқыту мен оқу тәсілі[3].
Ынтымақтастық оқу — аталған тәсіл проблемаларды шешу, тапсырмаларды орындау немесе өзге өнім жасау үшін білім алушылар тобының бірлесіп жұмыс істеуін білдіреді. Ынтымақтастық оқу оқуды табиғи әлеуметтік әрекет ретінде қабылдауға негізделген, оған қатысушылар бір-бірімен әңгімелеседі және осы әңгімелесу барысында білім алады.
Ынтымақтастық оқу тобында пайдаланатын әдіс қана емес, жеке философия болып табылады. Адамдар топтарға бірлескен барлық жағдайларда топтың жекелеген мүшелерінің қабілеті мен іске қосқан үлесі құрметтеліп, атап көрсетілетін, адамдармен жұмыс істеудің басқа тәсілі орын алады. Топтың жұмысы тиімді болуы үшін, билік пен жауапкершілік топ мүшелері арасында бөлінері сөзсіз. Ынтымақтастық оқудың негізгі аспектісі — топ мүшелерінің ынтымақтасты қарқынды бітімге, келісімге қол жеткізуіне негізделген.
Педагогика саласында ынтымақтастық оқу тәсілдерінің саны жеткілікті, бірақ бірлескен оқу үдерісінің негізгі сипаттамалары төмендегідей ұсынады:
- Оқу білім алушылар ақпаратты игеретін және өздері игерген мәліметті бұған дейін меңгерген білімдерімен байланыстыратын белсенді үдеріс болып табылады.
- Оқу тапсырмаларды орындау барысында механикалық есте сақтау мен қайталауды емес, құрдастардың белсенді қатысып, ақпараттарды өңдеуі және қорытуын талап етеді.
- Қатысушылар әр адамның көзқарасымен танысудан пайдалы үлес алады.
- Оқу білім алушылардың әңгімелесу кезіндегі әлеуметтік-қоғамдық ортасы жағдайында жетіледі. Осы зияткерлік жаттығу кезінде білім алушылар ой-пайымдарының негізін құрып, мәнін ұғады.
- Оқудың ынтымақтастық ортасында білім алушылар әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан да дами түседі, әрі олар түрлі көзқарастарды тыңдап, өз ойларын айтуға және қорғауға мәжбүр болады. Мұндайда білім алушылар сарапшы мамандардың немесе мәтін шеңберінде шектеліп қалмай, өздерінің ерекше тұжырымдамалық түсініктерін құруды бастайды. Сол себептен ынтымақтастық оқу жағдайында білім алушылар құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға, идеяларды ұсынуға және қорғауға, әртүрлі ұстанымдармен алмасуға, басқа тұжырымдамаларға күмәнмен қарауға және оған белсенді қатысуға мүмкіндік алатыны хақ.
Білім алушылардың әр сабақ сайын оқу үдерісінің барлық аспектілеріне сәйкес белсенді қатысу керек: олар өзінің болжамдары мен сұрақтарын құрастырады, бір-біріне кеңес береді, өз алдына мақсат қояды, алынған нәтижелерді қадағалайды, ой-идеялармен тәжірибелік сараптама жасайды және қателер – оқудың ажырамас бөлігі екенін түсіне отырып, тәуекелге барады.

Оқытушылар үшін маңыздысы — білім алушылар оқу үдерісіне белсенді қатысқанда өздеріне деген тиімділікпен оқиды. Зерттеушілер оқитын пәніне қарамастан, басқа оқу нысанында ұсынылған сол ақпараттан гөрі, шағын топтарда жұмыс істейтін білім алушылар, әдеттегідей оқытылатын нәрсе туралы молырақ біліп, соның нәтижесінде алған білімін ұзақ сақтайтындығын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, ынтымақтастық топтарда жұмыс істейтін білім алушылардың өзінің оқу топтарына анағұрлым көңілі толатын сияқты болып көрінеді[4].
Қорыта келе, қазіргі таңда жастарды тәрбиелеу, оларды келешекке кемел біліммен дайындау оқытушы үшін аса зор жауапкершілікті талап етеді. Тәжірибелік жұмыста білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін топтық жұмыстардың тиімді екені рас. Топтық жұмыстар арқылы білім алушылардың арасында ынтымақтастық орнайды, осының арқасында олар бір-бірімен әңгімелесу арқылы білім алады. Дәстүрлі оқыту кезінде бір сарынды оқулықпен жасаумен және оқытушының пікірін тыңдаумен ғана шектеліп қалатын. Ал бүгінгі заманауи оқыту білім алушының жан-жақты дамуын және оны ұйымдастыруды қажет ететіні сөзсіз.
ТҮЙІН
Автор мақаласында бүгінгі күндегі білім берудің жаңаша әдістердің тиімділігі мен оның жетілу жолдарын қарастырған. Білім беру жүйесінде тәжірибе жүзінде пайдаланылып жатқан жетістіктер мен мүмкіншіліктер туралы айтылған.
АННОТАЦИЯ
Автор в своей статье рассматривает эффективные методы в образовании. Также в статье говорится об используемых в образовательной практике, возможностях и достижений.
ANNOTATION
The author in his article considers effective methods in education. Also in the article it is spoken about used in educational practice, opportunities and achievements.
- [1] Мұғалімге арналған нұсқаулық: екінші (негізгі) деңгей — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы, 2017.
- [2] Bronson, M. (2000). Self-regulation in early childhood: Nature and Nurture [Ерте жастағы өзін-өзі басқару: табиғат және тәрбие]. New York London: Guilford Press.
- [3] Ш.Құрманалина, Б.Мұқанова, Ә.Ғалымова, Р.Ильясова. Педагогика: Оқулық. 2-басылым. — Астана: Фолиант, 2012. – Б.656.
- [4] Ұстаздар сайты http://u-s.kz.