admin 25.03.2024

МРНТИ 10.79.37

УДК 343.182

Сахарбай Арман — Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты Ғылыми зерттеу орталығының бастығы, полиция подполковнигі, заң ғылымдарының магистрі (Қазақстан Республикасы, Ақтөбе қ.)

АҚШАЛАЙ ӨНДІРІП АЛУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕЛУІ

Түйін. Мақалада Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік заңнама­сын­дағы қылмыстық процеске қатысушылардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан процестік бұзушылықтың туындауына орай түзілетін ақшалай өндіріп алу туралы сұрақтар қарастырылады.

Қылмыстық процестік мәжбүрлеудің өзге де шараларының бірі — ақшалай өн­ді­ріп алуды қолдануға байланысты қолданыстағы зерттеулерге талдау жүргізі­леді. Ақшалай өндіріп алудың құқықтық реттелуіне қатысты отандық және шетел заңнамаларына зерделеу жасалды.

Мақаланың басты мақсаты — қылмыстық процестегі ақшалай өндіріп алудың құқықтық табиғатын зерттеп заңнамадағы негізгі орнын айқындау, шынайы құ­қық­тық тағайындалуын анықтау.

Қылмыстық процестегі ақшалай өндіріп алуды тағайындаудың құқықтық сұ­рақ­тарына қатысты шетел тәжірибелері зерделенді. Мысалы, Бельгия, Франция, Германия, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Қытай, АҚШ елдерінің қылмыстық іс жүр­гізулік заңнамаларындағы айыппұл сипатындағы шараларына талдау жасалды. Олардың отандық заңнамамыздағы ақшалай өндіріп алу шарасымен салыстыр­ма­лы тұрғыда талдау жүргізілді. Көрсетілген жұмыстар ұсынылып отырған мақала­ның нәтижелері ретінде көрініс табады.

Түйінді сөздер: қылмыстық процесс, қылмыстық іс жүргізу, мәжбүрлеу шара­лары, қылмыстық-процестік мәжбүрлеу, ақшалай өндіріп алу, процестік мәжбүрлеудің өзге де шаралары, қылмыстық процеске қатысушылар, тағайын­дау, құқықтық реттелуі.

Сахарбай Арман — начальник научно-исследовательского центра Актюбинского юридического института МВД Республики Казахстан им. М. Букенбаева, ма­гистр юридических наук, подполковник полиции (Республика Казахстан, г. Актобе)

ПРАВОВОЕ РЕГУЛИРОВАНИЕ ДЕНЕЖНОГО ВЗЫСКАНИЯ

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы денежного взыскания, образ­ую­щегося в связи с возникновением процессуального нарушения в результате не­исполнения или ненадлежащего исполнения участниками уголовного процесса воз­ложенных на них обязанностей в рамках Уголовно-процессуального зако­нодательства Республики Казахстан.

Проводится анализ существующих исследований, связанных с применением одной из иных мер уголовно-процессуального принуждения — денежного взыс­кания. Проведено изучение отечественного и зарубежного законодательства, ка­сающегося правового регулирования денежных взысканий.

Основная цель статьи — изучить правовую природу денежного взыскания в уго­ловном процессе, определить его основное место в законодательстве, опре­делить истинное правовое назначение.

В связи с чем изучен зарубежный опыт по правовым вопросам назначения де­неж­ного взыскания в уголовном процессе. Например, проведен анализ мер штраф­ного характера в уголовно-процессуальном законодательстве Бельгии, Франции, Германии, Азербайджана, России, Узбекистана, Китая, США в сравнении с оте­че­ст­венным законодательством. Указанные работы отражаются как результаты представляемой статьи.

Ключевые слова: уголовный процесс, уголовное производство, принуди­тельные меры, уголовно-процессуальное принуждение, денежное взыскание, иные меры процессуального принуждения, участники уголовного процесса, назначение, правовое регулирование.

Saкharbay Arman — head of the scientific research center of the Aktobe law institute of the Ministry of internal affairs of the Republic of Kazakhstan named after M. Bokenbayev, master of law, lieutenant colonel of the Police (Republic of Kazakhstan, Aktobe)

LEGAL REGULATION OF THE FINE

Annotation. The article discusses the issues of monetary penalties resulting from the occurrence of a procedural violation as a result of non-fulfillment or improper fulfillment by participants in the criminal process of their duties under the Criminal procedure legislation of the Republic of Kazakhstan.

The analysis of existing studies related to the application of one of the other measures of criminal procedural coercion — monetary punishment is carried out. The study of domestic and foreign legislation concerning the legal regulation of monetary penalties has been carried out.

The main purpose of the article is to study the legal nature of monetary penalties in criminal proceedings, to determine its main place in legislation, to determine the true legal purpose.

In this connection, foreign experience on legal issues of imposing monetary penalties in criminal proceedings has been studied. For example, the analysis of punitive measures in the criminal procedure legislation of Belgium, France, Germany, Azerbaijan, Russia, Uzbekistan, China, and the United States in comparison with domestic legislation was carried out. These works are reflected as the results of the submitted article.

Keywords: criminal procedure, criminal proceedings, coercive measures, criminal procedural coercion, monetary penalty, other measures of procedural coercion, participants in criminal proceedings, appointment, legal regulation.

 

Кіріспе. Заманауи кезеңде қылмыстық-процестік қарым-қатынас шеңберінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғау алғы шепте тұр, сол себептен қылмыстық процесс барысында өздерінің процессуалдық міндеттерін тисті деңгейде орындамаған қатысушыларға олардың құқықтары мен бостандық­та­рын шектейтін мәжбүрлеу шараларын қолдануды азайту қажет. Мұндай мәж­бүр­леу шараларының көлемі қарастырылып отырған ақшалай өндіріп алу шарасының арқасында азайтылуы мүмкін. Ақшалай өндіріп алу — нарықтық қатынастардың дамуы аясында өмір сүруге құқығы бар, өздерінің іс жүргізулік міндеттерін орын­да­маған немесе тиісті түрде орындамаған қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты қолданылатын материалдық (қаржылық) сипаттағы жауапкершілікті жүк­тейтін үлкен әлеуеті бар шара.

Ақшалай өндіріп алу шарасының құқықтық реттелуі қолдағы деректерге сәй­кес сонау 1923 жылғы қылмыстық процестік кодексінен (бұдан әрі — ҚПК) бастау алған. Қазақстан Республикасының ҚПК-і 1923 жылғы Кеңестік Одақ (бұдан бы­лай — КО) кезеңіндегі ҚПК-де болған көптеген құқықтық нұсқаулықтарды және ақ­шалай өндіріп алу мен айппұлдарды қолдануды реттейтін нормаларды сақтап қал­ды. Дегенмен, заңнама кейбір нормалардан бас тартып, бір мезгілде ескі норма­лар­дан өзгеше айырмашылықтары бар жаңа нормаларды тұжырымдады. Біздің зерт­теуіміз үшін ақшалай өндіріп алуды процеске қатысушылар мен өзге де тұл­ғаларға қатысты қолданудың дамуы серпініндегі құқықтық негізін талдау күмәнсіз қызығушылықты танытып отыр. Мұндай талпыныс ақшалай өндіріп алудың тиім­ді­лігін, толықтығын, осыған қатысты қылмыстық-процестік заңнамасын әрмен қарай жетілдіру бағытын анықтауға мүмкіндік береді.

Негізгі бөлім. Кейбір зерттеушілердің айтуынша 1923 жылғы КО ҚПК-де қыл­мыстық процеске қатысушыларға қатысты ақшалай өндіріп алу мүлдем қарастырылмаған. Біздің пікірімізше, бұл қате пікір. Оған дәлел ретінде КО ҚПК-ң 261-бабын мысалға келтіреміз. Онда: «Сот отырысында төрағалық етушінің өкі­мі­не бағынбаушылық әрекеттерін білдірген тұлғаға айыппұл салынады», делін­ген[1]. Сонымен қатар, айыпталушы мен күдіктінің тергеу барысында дұрыс мінез-құлық пен жүріп тұруын қамтамасыз етуге кепілгерлік берген тұлға өзінің міндет­терін тиісті түрде атқармаған жағдайда, онда оған қатысты мүліктік өндіріп алу жүр­гізілетіндігі көрсетілген және аталған заңның 57-бабына сәйкес, іс жүргізуге қатысуға қасақана жалтарған немесе өзінің процессуалдық міндеттерін орындама­ған аудармашыға ақшалай өндіріп алу қолданылған. Осы жерде аудармашыға ақ­ша­лай өндіріп алу шарасын қолданудың негіздері ретінде келесілер танылады:

1) күдіктінің немесе айыпталушының сөздерін дұрыс аудармауы;

2) сөздерді толық аудармауы;

3) алдын ала тергеу жүргізуші органның шақыртуы бойынша қанағаттанарлық себептерсіз келмеуі.

Сонымен қатар, қылмыстық процестегі ақшалай өндіріп алудың реттелуі мен тағайындалуын ретроспективті талдау барысы бізді Ресей империясының 1864 жы­лы 20 қарашада қабылданған Қылмыстық іс жүргізудің жарғысына кезіктірді. Аталмыш Жарғының екінші бөлімінің 69 бабында: «Куә мен жәбірленуші қанағат­танарлық себептерсіз көрсетілген уақытта іс жүргізуге қатысуға келмесе соттың анықтауымен ақшалай өндіріп алуға тартылады …» немесе 7 бөлімнің 438 бабында «куә іс жүргізуге қатысу үшін шақырту қағазын алғаннан кейін себепсіз келмесе, онда соттық тергеуші оған ақшалай өндіріп алу қолданылады», делінген[2].

Ақшалай өндіріп алуға қатысты Н. А. Громов пен С. А. Полунин өздерінің пікі­рін былайша көрсетті: «Қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, сотқа дей­ін­гі тергеу барысында орын алған құқықбұзушылық оқиғасынан бастап шақырту бойынша келуден қасақана жалтарған куәға қатысты ақшалай өндіріп алудың са­лын­ғанына дейін ұзақ мерзім өтеді. Соған қоса, қарастырылып отырған іс жүргі­зу­лік санкцияны жүзеге асыру тәртібінің өзі (тергеушінің хаттама толтырып сотқа жол­дауы) сотқа дейінгі тергеу жүргізу органының аталмыш шараны практикада си­рек қолданылатындығын айқындайды. Мәселен, тергеуші мен анықтаушының құзыретіндегі зерделенген 245 қылмыстық істің тек екеуінде ғана сотқа дейінгі тер­геу барысында келуден қасақана жалтарған куәға қатысты ақшалай өндіріп алу­дың қолданылғандығы туралы мағлұматтар болған»[3].

Бұл көзқарас белгілі бір күмән туғызады, өйткені, тергеу органына келуден жал­тарған куәға қатысты ақшалай өндіріп алудың сирек қолданылатындығы осы мәселені реттейтін тиісті норманы тәжірибелік қызметкерлердің дұрыс түсінбей­тіндігін куәландыруы мүмкін.

Негізінен КО ҚПК көрсетілген ақшалай өндіріп алу шарасын алдын ала тергеу мен сот отырысының кез келген сатысында қолдану мүмкіндігін А. П. Рыжаков[4] пен А. Ф. Родин көрсеткен болатын. Осы мәселе бойынша А. Ф. Родин: «Бұл нор­ма­ның қылмыстық-процестік кезеңдерінің нақты біреуіне ғана тәуелді емес, себебі ол ҚПК-нің «Жалпы ережелер» тарауында орналасқан, сол себептен қарастыры­лып отырған норма қылмыстық іс жүргізудің барлық сатысына ортақ екендігін мой­ындау қажет. ҚПК-нің 323-б. мәні бойынша, тергеуші құқықбұзушылық бой­ын­ша хаттама толтырып, оның қаралуы үшін сотқа жолдауы қажет. Бірақ, заңна­маның мұндай құжаттардың рәсімделуін реттемеуі тәжірибелік қызметкерлерді күрделі жағдайға қояды»[5].

Жеке кепілгерлік пен кәмелетке толмағанды қарауына беру түріндегі бұлтарт­пау шараларын қолдануға байланысты КО ҚПК 94, 394-баптары жеке кепілгерлік берушіден және жасы кәмелетке толмағанды қарауына алған ата-аналарынан, қам­қор­шылары мен қорғаншыларынан ақшалай өндіріп алу шарасын тағайындау ар­қы­лы ақшалай өндіріп алу мүмкіндігін анықтады. Өзінің міндеттерін орындаудан бас тартқан немесе жалтарған маманға, сондай-ақ КО ҚПК 133-б. негізінде ақша­лай өндіріп алу тағайындалуы мүмкін болған.

Назар аударатын жағдай, бұл КО ҚПК негізінде өздерінің іс жүргізулік мін­дет­терін орындамаған тұлғаға қатысты мүліктік жауапкершілікті қолдану сұрағын шешу барысында, ақшалай өндіріп алудың көлемі сол тұлғаның іс жүргізулік жағ­дай­ына байланысты саралануы. Мәселен, аудармашы мен маманға қатысты тағай­ын­далуы мүмкін ақшалай өндіріп алудың көлемі, еңбек ақысының ең төменгі мөл­шерінің үштен бірі көлемінде анықталған. Жасы кәмелетке толмаған тұлғалар мен куәлардан еңбек ақысының ең төменгі мөлшерінің бір көлеміне бара-бар ақшалай өндіріп алыну мүмкін болған.

Қазіргі таңда ақшалай өндіріп алу шарасы Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 53-б., 55-б., 71-б., 72-б., 73-б., 74-б., 78-б., 80-б., 81-б., 82-б., 90-б., 142-б., 144-б., 155-б., 156-б., 159-б., 160-б., 165-б., 346-б., 352-б., 415-б., 416-б., 650-б., 651-бап­тарымен реттеледі. Көрсетілген баптарға сәйкес қылмыстық іс жүргізу бары­сын­да өздерінің процесуалдық міндеттерін орындаудан бас тартқан немесе тиісін­ше орындамаған іс жүргізуге қатысушыларға қатысты ақшалай өндіріп алу шарасы тағайындалуы мүмкін.

Біздің пікірімізше, заңнаманың ақшалай өндіріп алу сомасы көлемдерінің әр­түр­лі шектерін анықтауы кездейсоқтық емес. Пайымдауымызша, ақшалай өндіріп алуға тартылуы мүмкін маман мен аудармашының жауаптылықтары олардың іс жүр­гізудегі атқаратын қызметтеріне байланысты қарастырылған. Маман – қыл­мыс­тық процестік кеңістігіне дәлелдеуге байланысты тартылатын білгір тұлға, ол тергеу органдарына дәлелдемелерді табу, бекіту мен алу бойынша көмектеседі. Ал, аудармашы әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар туралы кон­ституциялық принципін (ҚР Конституциясының 19б.) қылмыстық іс жүргізуде жү­зеге асыруға көмектесетін қосалқы техникалық міндеттерді шешеді.

Ретроспективті талдау жүргізе отырып келесіні байқауға болады, яғни маман, аудармашы, куә, жеке кепілгерлік беруші мен жасы кәмелетке толмағанды өз қа­рауына алған тұлғаларға қатысты ақшалай өндіріп алуды қолдану мүмкіндігімен қатар, КО ҚПК-і еңбек ақысының ең төменгі мөлшерінің оннан бірінен бастап үш­тен біріне дейін сот отырысына қатысып тәртіпті бұзған тұлғаларға да қатысты қол­дануды рұқсат еткен. КО ҚПК-нің 263-б. мазмұнына қарағанда, айыппұлды сот отырысы залындағы «көпшілік» санатына жататын, бірақ, іс жүргізудің қатысу­шы­лары болып табылмайтын және іс жүргізуге қатыстырылмаған тұлғаларға ғана қатысты қолдану мүмкін болған. Бұл ережеде тек куәлар ғана ерекшеленеді, өйт­кені, олар сот отырысында жауап берген соң сол отырыста қалып, дәл осы жағ­дай­да «қатысушылар» қатарына қосылады.

Қазіргі таңда ақшалай өндіріп алу шарасын тағайындау саласындағы соңғы өз­герістерге сәйкес, яғни ҚПК-ке «Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі» (160-бап) енгізілген сәттен бастап ҚПК-і ақшалай өндіріп алуды тағайындау үшін ӘҚБтК-не сілтеме жасамайды. Себебі 160-баптың 4-тармағында нақты санкция мөл­шері (50 а.е.к.) анықталған. Осы жерден ақшалай өндіріп алуды тағайындау тәр­ті­біне қатысты Қазақстандық заңнаманың Ресей заңнамасынан басты айыр­машылығы айқындалады.

Сот отырысында белгілі бір бұзушылық орын алса, ол бойынша судья тиісті тұл­ғаларға қатысты әсер ету шарасын қолдану мәселесін тікелей өзі шешеді. Тәжі­рибеде маңызды сұрақтардың бірі — бұл сот отырысындағы тәртіп бұзушыға қа­тысты судья ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі қандай? Осыған жауап ретінде белгілі процессуалистер сот отырысындағы тәртіптің бұзылуы жағдайында қол­да­ны­латын ақшалай өндіріп алудың жүргізілу тәртібін қысқаша түсіндіреді[6]. Яғни, олардың пайымдауынша егер, жүргізіліп отырған сот отырысында белгілі бір тәр­тіп бұзушылық орын алса, онда ол тәртіп бұзушылық осы сот отырысында қара­лып, судьямен құқық бұзушыға қатысты ақшалай өндіріп алу немесе айыппұл қол­да­нылуы тиіс. Ал, басқа жағдайларда мұндай шара құқық бұзушыны сотқа шақыр­та отырып ұйымдастырылған сот отырысында жүзеге асырылады. Шақыртылған тұлғаның сотқа келмеуі, істің сотта қаралуына кедергі болмайды. Істің сырттай қаралуына негіз болып орын алған құқық бұзушылықтың сипатталып белгіленген, сотқа дейінгі тергеу барысында түзілген хаттамасы болып табылады. Сонымен қатар, сот отырысында аудармашының, маманның, жеке кепілгерлік беруші мен куәнің тәртіп бұзушылық әрекеттері белгіленген сот отырысы барысында түзілген хаттамасы да негіз болып табылады.

Аталған құжаттар жарияланғаннан соң, тәртіп бұзушының түсініктемесі оқы­ла­ды, содан, егер іске прокурор қатысқан жағдайда онда оның қорытындысы жа­рия­ланады. Содан соң, сот тәртіп бұзушыға қатысты ақшалай өндіріп алу немесе айып­пұл сомасын тиісті қаулы шығара отырып анықтайды. Мұндай шешім шығар­ған судья, өзінің шешімін орындауын үш айға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Шы­ғарылған сот шешімін тәртіп бұзушы жоғарғы инстанциялық сотқа шағымда­ну­ға құқылы, сонымен қатар, прокурор да қарсылық білдіруге құқылы болып табы­лады. Соттың ақшалай өндіріп алуға немесе айыппұлға тарту туралы шығарылған қау­лысы жеті күннен кешіктірілмей орындалуы міндетті немесе жоғарғы инстан­ция­лық соттың, түскен шағымды қарауды аяқтағаннан соң орындалуы тиіс[7]. Осы­ның негізінде толықтыра кетсек, сот айыпталушыға қатысты үкім шығарса, ал қыл­мыстық процестің басқа қатысушыларына (жәбірленушіге, куәға, куәгерге т.б.) қатысты, орын алған бұзушылық үшін қаулы шығарады. Сонымен қатар, ақшалай өндіріп алу сот отырысындағы процеске қатысушыларына (жәбірленуші, куә, ма­ман, аудармашы және т.б.) қатысты қолданылуы мүмкін.

Сотпен өндірілген ақша арнайы құрылған жәбірленушілерге өтемақы қорына ауда­рылады. Аталмыш қор Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтар­дағы №131-VI «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңымен реттеледі. Заң­ның 10-бабының 2-тармақшасына сәйкес аталмыш қор Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 156 және 165-бап­та­рын­да көзделген процестік міндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәр­тіп бұзғаны үшін, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбірлену­шіге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға сот салатын ақшалай өн­діріп алулармен толтырылады.

Алайда көрсетілген заңның тиісті бабына (10-б.) өзгертулер мен толықтыру­лар енгізу қажет, себебі Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 9 маусымдағы № 49-VII Заңымен ҚПК-дегі ақшалай өндіріп алуға тартылуы мүмкін тұлғалардың қатары өзгерген болатын.

Қылмыстық процесс саласындағы бірқатар авторлар анықтаушыға, тергеу­ші­ге, прокурорға алдын ала тергеу кезеңінде процеске қатысушылармен жіберілген тәртіп бұзушылық фактісі бойынша ақшалай өндіріп алу шарасын қолдануға құ­қық бере отырып аталмыш шараны қолдану тәртібін жеңілдету туралы пікірлерін ескермеске болмайды.

Зерттеудің «маманнан сұхбат алу» әдісін (интервью) қолдану арқылы заң ғы­лым­дарының докторы, профессор А. Н. Ақпановтан осы мәселе бойынша мәлімет алдық. «Сіз ақшалай өндіріп алу шарасын қолдану құқығын тергеушіге, анық­тау­шыға, прокурорға беру арқылы аталмыш шараны қолданудың тәртібін жеңілдетуді қолдайсыз ба?», — деген сұраққа А. Ақпанов: «Ия, қолдаймын. Себебі бұл жағдай­ға қатысты заңдық тұрғыда ешқандай бөгет көріп тұрғаным жоқ. Мәселен, учас­ке­лік полиция инспекторы, не болмаса патрульдік полиция қызметкерлері болсын орын алған құқық бұзушылықтарды көре сала, сол уақытта және сол жерде элек­трондық планшеттерін немесе хаттамаларын шығарып тиісті түрде рәсімдеп айып­пұл салуға құқысы бар. Ал оларға қарағанда мәртебесі едәуір биік лауазымды тұл­ға бола тұра анықтаушының, тергеушінің немесе прокурордың неге ондай құқық­тары болмасқа», — деп жауап берді.

Осы көзқарас төңірегінде В. Н. Ветрова былай дейді: «Тергеуші орын алған процесуалдық құқық бұзушылық үшін тұлғаның конституциялық құқықтары мен мүддесіне едәуір нұқсан келтіретін шараны — мәжбүрлеп алып келуді қолдануға құқысы бар, ал ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқысы жоқ. Бұл біздің пікірі­міз­ше парадокстық жағдай болып тұр»[8], деп негізді белгіледі.

Берілген пікірді И. Е. Быховский де қолдап отыр. Оның айтуынша ақшалай өн­діріп алуды қолдану құқығын анықтаушыға, тергеуші мен прокурорға беру қи­сын­ға сәйкес келеді. Ал қолданылған ақшалай өндіріп алуға шағымды прокурор мен сотқа беру мүмкіндігі-заңдылықтың сақталуының жеткілікті деңгейдегі кепіл­дігі болып табылады[9].

Қылмыстық процеске қатысушыларға немесе оған басқаша нысанда қатыса­тын тұлғаларға қатысты қолданылатын ақшалай өндіріп алуды немесе айыппұлды қолдану мәселесін қылмыстық-процестік заңнамасын мейлінше жетілдіру бойын­ша заңгер ғалымдардың көптеген ұсыныстарын, ресми заң проектілер мен доктри­нал­дық көзқарастарын ескере отырып, заңшығарушы ҚР ҚПК-ін қабылдау бары­сында ақшалай өндіріп алудың процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретіндегі құқық­тық құрылым шеңберіндегі негізгі тағайындалуын заңи тұрғыда реттеді. Осы аталған құрылымның басты элементтері болып мына жағдайлар табылады:

  1. Ақшалай өндіріп алу өзінің мазмұны бойынша жазалаушы сипатқа ие: ақ­ша­лай өндіріп алуды тағайындау нәтижесінде және сотпен анықталған нақты со­ма­ны жазаланған тұлға төлеген жағдайда, ол белгілі бір материалдық шығынға ұшы­райды. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алатындығы, оны пайдалану мен басқара ала­тындығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілденген (26-б.). Алайда, ҚР Конституциясы азаматтардың меншік пен мүліктерін ерекше жағдайда соттық тәртіп бойынша ғана айыруды қарастырған (26-б.). Сондықтан, ҚР ҚПК-де бекітілген ақшалай өндіріп алу шарасын қолдану шешімі, тек сот тәртібімен жүргі­зі­луі тиіс және ол мүлік иесінің мүлкін, оның қаражатын қорғау туралы консти­ту­ция­лық ережелерге сәйкес келеді.
  2. Заңнамамен ақшалай өндіріп алу бір жағынан қылмыстық-процестік қыз­метін­дегі белгілі бір қатысушылар тобының дұрыс мінез-құлық тәртібін қамта­ма­сыз ету құралы ретінде қарастырылса, ал екінші жағынан — сот талқылауы бары­сын­да тәртіптің сақталуына көмектесетін шара ретінде қарастырылады. Екі жағ­дай­да да ақшалай өндіріп алу өзіндік мәні бойынша қылмыстық-процестік құқығы нормаларының бұзылғандығы үшін процессуалдық жауапкершілік болып табы­ла­ды.
  3. Ақшалай өндіріп алу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасының бас­ты және негізгі тағайындалуының бірі — қылмыстық процеске қатысушыларының өздеріне заңмен жүктелген міндеттерін бұлжытпай орындауын қамтамасыз ету. Қазіргі заманғы қылмыстық-процестік мәжбүрлеу ғылымы мыналардан бастау ала­ды: процестік субъектілері өздеріне жүктелген — процестік міндеттерінің орын­далуы құқықтық мәжбүрлеу шаралар кешенімен кепілденуінен; осы шара­лар­дың тек қылмыстық процеспен ғана емес, сонымен қатар, басқа да құқық сала­ла­ры­мен реттелуінен: әкімшілік құқық, қылмыстық құқық немесе мамандан­дырыл­ған заңнама мен нормативтік актілер. Қылмыстық процеске қатысушылардың өз­де­ріне жүктелген іс жүргізулік міндеттерінің жүзеге асырылуына, осы субъек­ті­лер­дің тәніне әсер ету арқылы да жетуге болады.

ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру­ға байланысты жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктерді анықтайтын тепе-тең­дік нормалар жүйесі бекітілген. Бұл нормалар ҚР ҚК-нің «Сот әділдігіне қарсы қыл­мыстар» атты 15-тарауында біріктірілген. Бұдан басқа, қылмыстық -процестік қызметіне қатысушылардың мүдделерін қорғауға бағыттылығы ретінде «Адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қыл­мыс­тар» атты 3-тарауына енгізілген кейбір қылмыстардың құрамын да қарастыру қажеттілігі туады.

Осы жерде, бірінші кезекте алдымызға қылмыстық-құқықтық нормалардың про­цеске қатысушыларының мінез-құлқына және оның мақсаттарына жетуді қам­та­масыз ету әрекеттеріне әсер ету механизмін жан-жақты талдау міндетін қою ке­рек. Осы салада қылмыстық-құқықтық мәжбүрлеу қылмыстық-процестік қызметі­не тартылатын азаматтардың конституциялық құқықтары мен қылмыстық істер бойынша әділдікке жету кеңістігіндегі қатынастарды қорғауда үлкен рөл атқара­ды. Осы аталған мәжбүрлеулік-құқықтық құралдар тобын шынайы түрде іске қо­сып қолданбау және аталған міндеттерді ескермеу, кінәлілерді қылмыстық жауап­қа тарту, жәбірленушілерге қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мен қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді жинауға бағытталған қылмыстық процестің күнел­туінің өзі үлкен қауіп-қатерде болар еді.

Қылмыстық процеске көрсетілетін қарсы әрекеттер әртүрлі нысандарда байқа­ла­ды. Олар мынадай жағдайлармен көрсетілуі мүмкін: қылмыстық-процестік қа­ты­нас­тарындағы субъектілер өз міндеттерін дұрыс орындамауы; қылмыстық іс бой­ынша іс жүргізіп отырған лауазымды тұлға мен соттың заңды талаптарын аза­мат­тардың елемеуі; ұйымдар мен мекемелер басшыларының соттардың қалыпты қызметін қамтамасыз ету мақсатында шаралар қолданбау; сот қызметіне заңсыз ара­ласу, қауіп-қатер төндіру, судьяларға, анықтаушыларға, тергеушілер мен про­ку­рорларға қарсы күш қолдану және оларға қатысты қолданылған қауіпсіздік ша­ралар туралы мәліметтерді жария ету.

Көрсетілген әрекеттердің қауіптілік сипатына байланысты, осы әрекеттер заң­на­мамен тек қылмыс ретінде ғана емес, сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушы­лық ретінде де қарастырылады. Осыған орай, ҚР ӘҚБтК-дегі «Мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық» атты 29-тарауына, қор­ғау объектісі — қылмыстық-процестік тәртібі мен сот билігі болып табылатын тиіс­ті баптар (653-521, 525-б.) енгізілген.

Қылмыстық процеске байланысты орын алатын тәртіп бұзушылық үшін аза­мат­тарды әкімшілік жауапкершілікке тарту үрдісі, сот әділдігіне қарсы қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үрдісіне қарағанда, біріншісі тиімді, әрі жедел түрде жүзеге асуымен сипатталады. Сондықтан, әкімшілік-құқықтық санк­ция­лардың көмегімен қылмыстық іс бойынша тергеулік әрекеттер мен басқа да процессуалдық әрекеттердің жүргізілуіне, сонымен қатар, істің сотта қаралуына кедергі болатын жағдайларды жедел жою мүмкіндігі бар.

Демек, қылмыстық-процестік кеңістігіндегі құқық бұзушылық үшін әкімшілік құқық санкциялары, лауазымды тұлғалармен қолданылатын-процестік нормала­рын да қорғауға жәрдемдеседі. Ал, осы әрекет қылмыстық іс жүргізудің қатысу­шыларының өздеріне ҚПК-мен жүктелген міндеттерін бұлжытпай орындауына әсер етеді.

Сонымен, процессуалдық тәртіп бұзушылық қылмыстық-процестік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктерге әкеліп соғуы мүмкін.

Мәселен, куә өзіне жүктелген ҚР ҚПК-нің 78-б. көрсетілген міндеттерін қаса­қа­на орындамаса, яғни, іс бойынша қасақана жалған жауап бергені үшін, жауап бе­руден бас тартқаны үшін және анықтаушының, тергеуші мен прокурордың рұқ­сатынсыз өзіне іс бойынша белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария еткені үшін, ол ҚР ҚК-нің үш бірдей баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мәселен, Куба елінде керісінше куә өзі іс жүргізуге қатысуға ерік білдірмесе оны көндіру мақсатында оған ақшалай өндіріп алу секілді мәжбүрлеу шарасын қолдану мүлде қылмыс болып саналады. Осындай әрекетке жол берген лауазымды тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылады[10].

Өздерінің процессуалдық міндеттерін орындамаған қылмыстық процеске қа­ты­сушыларға қатысты ақшалай өндіріп алуды қолдану мүмкіндігінің бар болу­ы­ның өзі, кінәлі тұлғаға заң талаптарын бұзғаны үшін және ҚПК-де рұқсат етілмеген әрекеттерді жасағаны үшін қолданылатын айыппұл сипатындағы санкциясы бо­лып табылады.

Ю. В. Францифировтың пікірінше, ақшалай өндіріп алу қылмыспен келтіріл­ген зиянды өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған іс жүргізулік мәжбүрлеу шарала­рына кіреді[11]. Бұл пікірмен келісуге болмайды, өйткені, заңнама ақшалай өндіріп алу­дың алдына мұндай мақсатты тұжырымдамайды. Оның қолданылуы қылмыс­тық іс жүргізудің қатысушыларымен өздеріне ҚПК-мен жүктелген міндеттерін бұзуымен және сот отырысында тәртіптің бұзылуымен шартталған. Қылмыспен келтірілген зиянға мұндай құқық бұзушылықтардың біреуі де байланысты емес және оларды өтеуді мүлде қамтамасыз ете алмайды.

Осыдан 13 жыл бұрын заң әдебиеттерінде ақшалай өндіріп алуды түп негізі­нен қылмыстық-процестік тәртібімен жүзеге асыруға көшу ұсыныстары айтыла бастаған болатын. Олардың бірі, отандық ғалым, заң ғылымдарының докторы Т. А. Ханов еді. Оның пікірінше: «… барлық процессуалдық мәжбүрлеу шарала­рын қолдану тәртібі қылмыстық-процестік заңнамасымен реттелуі тиіс, сонымен қатар, қылмыстық процестегі ақшалай өндіріп алу да. Ақшалай өндіріп алуды қол­данудың нақты анықталған іс жүргізулік тәртібінің болуы, іс жүргізулік қатынас­тар­дың кеңістігіне кіретін тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамта­ма­сыз етілуіне септігін тигізеді. Яғни, бұл шара әкімшілік іс жүргізі тәртібімен емес, тек қылмыстық — процестік тәртібімен жүзеге асырылуы тиіс.

Қылмыстық-процестік заңы мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңда­рының ережелерін өзара айырып алу жалпы заңнамалық-құқықтық тәртіптілікке әкеледі. Ақшалай өндіріп алуды қылмыстық-процестік тұрғысындағы тәртіппен қолдануға көшу, іс жүргізулік нормаларының дұрыс сақталуын, — процестік мен әкім­шілік заңдарымен бекітілген ережелерінің бір-бірімен араласып кетпеуін қамтамасыз етеді. Құқықтық ретсіздіктің болуынан сақтайды. Мемлекеттік орган­дардың қылмыспен күресуге бағытталған қызметін жүзеге асыру тәртібі өзгеше, сондықтан, сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізудің өзіндік ерекше мақсаттары мен міндеттері бар»8.

Т. А. Ханов пен Ю. В. Францифировтың пікірлерін уәж ретінде қабылдап ақ­шалай өндіріп алу шарасын шетел заңнамалары тұрғысында зерделеуді жүргізейік.

Мәселен, Өзбекстан Республикасының ҚПК-нің 272-б. сәйкес сот отыры­сын­да тәртіпті бұзған немесе төрағалық етушінің өкіміне бағынбай оған құрметтемеу­ші­лік білдірген құқық бұзушыға әкімшілік жауаптылыққа тартылатындығы тура­лы ескертіледі.

Өзбекстанның қылмыстық іс жүргізулік заңнамасы бойынша қылмыстық іс бой­ынша іс жүргізу барысында өздерінің процесуалдық міндеттерін орындаудан бас тартқан тұлғаға ақшалай өндіріп алумен қатар айыппұл да қолданылуы мүмкін. Себебі, ҚПК-нің 274-бабында: «ақшалай өндіріп алу мен айыппұлды қылмыстық істі қарауға құзыретті сот заңда көрсетілген тәртіппен тағайындайды. Егер тәртіп бұзушылық сот отырысы залында орын алса, онда айыппұлды істі қарастырып отыр­ған судья сол отырыста тағайындайды. Басқа жағдайларда ақшалай өндіріп алу мәселесі құқық бұзған тұлғаны шақырта отырып сот тағайындайды. Құқық бұзу­шының сотқа шақырту бойынша келмеуі мәселенің шешілуіне кедергі бол­майды»[12]. Бұл сұрақты қарастыру барысында анықталғаны: ақшалай өндіріп алу — қылмыстық іс жүргізуге қатысушыларға қатысты, ал айыппұл — іс жүргізудің қатысушысы болып табылмайтын адамдарға қатысты қолданылады.

Беларус Республикасының ҚПК-нің 133-б. 1-бөл. сәйкес қанағаттанарлық се­бептерсіз өздерінің процесуалдық міндеттерін орындамаған немесе қылмыстық іс жүргізуші органның талаптарына бағынбаған жәбірленушіге, азаматтық талап­керге, азаматтық жауапкерге, олардың өкілдеріне, куәға, маманға, сарапшыға, пе­да­гогқа, аудармашыға, куәгерге және басқа да тұлғаларға 3-тен 10-ға дейінгі тө­мен­гі жалақы мөлшерінде ақшалай өндіріп алу тағайындалады[13].

Ресей Федерациясының ҚПК-нің 117-бабында «Қылмыстық іс жүргізудің қа­ты­сушылары өздеріне заңмен жүктелген міндеттерді орындамауы немесе сот оты­рысы залында тәртіпті бұзғаны үшін олар ақшалай өндіріп алуға тартылуы мүмкін …»[14]. Ю. А. Кузовенкованың пікірінше РФ ҚПК-де ақшалай өндіріп алу іс жүргі­зу­ге қатысушылардың өздеріне жүктелген процесуадық міндеттерін орындауды ынталандыру мақсатында қолданылады[15].

Литва Республикасының қылмыстық іс жүргізулік заңында іс жүргізуге қаты­сушылар өздерінің процесуалдық міндеттерін орындамаған жағдайда оларға айып­пұл салынатындығы қарастырылған. Мәселен, аталған заңның 163-бабында қыл­мыс­тық іс жүргізудің қатысушысы ретінде танылатын куә іс жүргізуші органның шақыртуы бойынша қанағаттанарлық себептерсіз келмеген жағдайда оған өмір сүру құнының отызға еселенген сомасы көлемінде айыппұл салынады немесе заң­да көрсетілдген жағдайларда бір айға дейін қамаққа алынады[16].

Литваның заңнамасы бойынша қылмыстық-процестік міндеттерін орындама­ған тұлғаларға айыппұлды прокурор, сотқа дейінгі тергеу судьясы және сот, ал қа­мақ­қа алуды сотқай дейінгі тергеу судьясы немесе сот қолдануға құзыретті. Соны­мен қатар, аталмыш заң бойынша іс жүргізуші органның шақыртуы бойынша қана­ғат­танарлық себептерсіз келмеген күдікті немесе айыпталушыға да қатысты айып­пұл қолданылуы мүмкін. Прокурор белгілі бір тұлғаға қатысты айыппұл салу тура­лы қаулыны өз бастамашылығымен немесе сотқа дейінгі іс жүргізу органының өті­ніші бойынша шығарады. Прокурордың қаулысына Литва Республикасының ҚПК-нің 63-бабында анықталған талаптарға сәйкес шағым беріле алады. Ал сотқай дей­інгі тергеу судьясы немесе сот қамаққа алу және айыппұл салу туралы қаулыны өз бас­тамашылығымен немесе прокурордың өтінішімен шығарады. Байқап отыр­ған­дай жоғарыда баяндалған шара біздің заңнамамыздағы «ақшалай өндіріп алу» болып табылады. Литва Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында аталмыш шара «айыппұл» деп көрсетілген.

Молдова мен Әзірбайжан Республикаларының Қылмыстық процесуалдық ко­декс­терінде қылмыстық процестің қатысушыларының өздеріне заңмен жүктелген міндеттерін бұзғаны үшін тағайындалатын айыппұлға қатысты ережелері өзара ұқсас келеді. Мысалы, Молдова Республикасының ҚПК-нің 184-б. 4-бөл. сәйкес қылмыстық іс бойынша жасы кәмелетке толмағанды өз қарауына алған тұлғаға, егер ол өзіне заңмен жүктелген міндеттерін бұзған жағдайда қылмыстық қудалау судьясымен немесе тиісті жағдайларға байланысты соттық инстанциямен 10-нан 25-ке дейін шарттық бегі көлемінде соттық айыппұл салынуы мүмкін[17].

Ал, Әзірбайжан Республикасы ҚПК-нің 166.2-бабы жеке кепілгерлік берген тұлғаға өзіне заңмен жүктелген міндеттерін бұзған жағдайда және 310.6.1-бабы сот отырысы залында тәртіпті бұзған тұлғаға айыппұл салуды қарастырады[18].

Түркменстан Республикасы ҚПК-нің 205-бабы тәртіп бұзған қылмыстық про­цестің тараптарына қатысты әкімшілік жауаптылық түріндегі айыппұлды қолдану тәртібін реттейді, ал кейбір жағдайларды (осы кодекстің 164-б. 2-бөл.) ол ақшалай өндіріп алу деп аталады.

Процессуалдық айыппұл — қылмыстық процестегі тәртіп бұзушылықты жа­са­ға­ны үшін әкімшілік жауаптылық ретінде көрініс табатын санкциялық сипатқа ие жазалаушы шара. Айыппұлдың көлемі әкімшілік заңнамасымен анықталады, ал оны тағайындаудың негіздері Түркменстанның ҚПК-нің (168, 370-б.) басқа бапта­ры­мен реттеледі[19].

Германияда қылмыстық процесс кезінде сот отырысының тәртібін сақтамаға­ны үшін жауаптылық ретінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. «Ordnungsgeld» — неміс тілінен қазақ тіліне аударғанда «әкімшілік айыппұл» деген мағынаны береді. Қылмыстық заңның (Е int uhrungsgesetz zum Strafgesetzbuch — EGStGB) от 27. 01. 1877 г. (RGBl. 1 S. 77; BGBl. III 300-1) 6 бабына сәйкес сот отырысының тәртібін бұзған тұлғаға 5-тен 1000 евроға дейінгі көлемде айыппұл салынады. Ал егер судья орын алған тәртіп бұзушылықты елеусіз деп таныса, онда кінәлі тұлғаға аталған заңның § 153,47 сәйкес әкімшілік айыппұл салынбайды[20].

Сонымен қатар, Германияның Қылмыстық процестік кодексінің ережелерін талдау барысында өздерінің іс жүргізулік міндеттерін орындамағаны үшін жауап­ты­лық тек куә мен сарапшыға жүктелетіндігі анықталды. Германияның ҚПК-нің § 51 сәйкес сот отырысына тиісті талаптарға сәйкес шақыртылған куә қанағатта­нар­лық себептерсіз сот отырысына қатыспаған жағдайда, оған қатысты: куәні сот отырысына мәжбүрлеп әкелу; себепсіз келмеуіне байланысты орын алған шы­ғын­дар­ды өтеттіру және ақшалай өндіріп алу да (шығындарды өтеттірумен қатар жү­ре­ді) жүктеледі. Егер ақшалай өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда қамаққа алу жүзеге асырылады. Сонымен қатар іс жүргізуге қатысушы куә процесуалдық құ­қық бұзушылықты қайталаған жағдайда мәжбүрлеу шаралары қайта қолданылады.

Егер шақыртылған куә өзінің отырысқа келмегендігі туралы қанағаттанарлық себептерін және отырысқа кешігіп келу себебі оған тәуелді емес жағдайлардан болғандығы жөнінде негізделген түсіндірмелерін дер кезінде хабарлаған жағдайда, онда оған қатысты мәжбүрлеу мен шығындарды өтеттіру шаралары қолданыл­май­ды. Аталған шараларды қолдануға алдын ала тергеу шеңберінде судья немесе сот отырысын жүргізіп отырған соттың судьясы құзыретті.

Германия ҚПК-нің 77-бабына сәйкес ақшалай өндіріп алу сарапшыға да қол­да­нылуы мүмкін. Сарапшы өзінің процесуалдық міндеттеріне сәйкес шақырту бой­ынша іс жүргізуші тұлғаға келмесе, сараптамалық қорытынды беруден бас тарт­са, онда оған қатысты осы жағдай бойынша жиналған қаржылық шығындар­дың орнын толтыру жүктеледі және ақшалай өндіріп алу қолданылады. Іс жүргі­зу­ші тұлғаның талаптарына қайталап бағынбаса, онда ақшалай өндіріп алу мен шы­ғындарды өтеттіру шаралары қайта қолданылады.

Аталған заңның § 73-ке сәйкес сарапшымен сараптамалық қорытындыны бе­ру­дің өзара келісілген мерзімі анықталады, егер сарапшы аталған мерзімді өткізіп алса, онда осы жағдай бойынша да сарапшыға қатысты ашалай өндіріп алу қол­да­ны­лады. Ақшалай өндіріп алу шарасы тағайындалмас бұрын сарапшыға ескерту жол­данады және сараптамалық қорытындыны беруге қосымша мерзім беріледі. Берілген мерзімді сарапшы қайталап өткізіп алса, ақшалай өндіріп алу оған қа­тысты қайта қолданылды.

Германия ҚПК-нің «Заңдық тұлғалар мен ұйымдарға қатысты ақша өндіріп алу барысында іс жүргізу» деп аталатын IV тарауына[21] назар аударған абзал, себебі бұл норма шетел заңнамасында іс жүргізуді қамтамасыз етуге байланысты бір­қа­тар мәселелерді шешеді. Белгілі бір ұйым (мемлекеттік немесе жеке меншік бол­сын) іс жүргізудің қатысушысының жұмыс берушісі болуы мүмкін. Сол себептен процеске қатысушы (куә, куәгер, жәбірленуші) еңбек шарттарына сәйкес жұмыс бе­ру­шіге тәуелді болады. Егер ұйымның басшысы өзіне тәуелді тұлғаның іс жүр­гізуге қатысуына қарсы болып өзінің мүддесін жоғары қоятын болса, онда мұндай жағдайлар барысында тиімді, толық және объективті іс жүргізудің орындалуы екі талай болуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген норма ұйымдар мен заңдық тұлғаларға белгілі бір іс жүргізулік жауапкершілік арта отырып іс жүргізуге қатысушылардың еңбекке байланысты мүдделерін қорғап отыр.

Германияның «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Заңының §30-ға сәйкес ұйымдар мен мекемелерге қатысты ақшалай өндіріп алуды тағайындауға жол беріледі. Ал оны тағайындаудың процессуалдық тәртібі аталмыш елдің ҚПК-нің §444-ке сәйкес анықталады. Оған қоса төмендегідей әрекеттерге де жол бері­ле­ді, мысалы, Германияның «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Заңының §30-ке сәйкес ұйымдар мен мекемелерге қатысты ақшалай өндіріп алуды негіздер бар жағдайда жеке бөлек тағайындай беруге болады. Ал егер орын алған про­цес­суалдық құқықбұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалмаса немесе қыс­қартылса онда Германияның Қылмыстық процессуалдық кодексінің §444 (3-абз.) сәйкес ұйымдар мен мекемелерге қатысты ақшалай өндіріп алуды тағайындауға болады. Бұл жағдайда тағайындалған ақшалай өндіріп алу шарасы қылмыстық емес әкімшілік жауаптылық ретінде көрініс табады.

Сонымен, Германияның ҚПК-де көрсетілген куә мен маманның өздеріне жүк­тел­ген процессуалдық міндеттерін орындамағаны үшін төмендегідей процессуал­дық жауаптылық қарастырылады: ақшалай өндіріп алу; шығындардың орнын тол­тыру; сот отырысында тәртіпті бұзғаны үшін қамаққа алу және мәжбүрлеп алып ке­лу. Ал заңдық тұлғалар мен ұйымдарға салынатын ақшалай өндіріп алу шарасы әкімшілік айыппұл ретінде көрініс табады және оны сот өзінің процессуалдық не­месе әкімшілік іс жүргізу қызметтерінде қолданады.

Германияның заңнамасына сәйкес ақшалай өндіріп алу шарасы бірнеше мақ­сат­тарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Біріншіден, өзінің міндеттерін орындама­ған тұлғаны мүлкінен айыру мақсатында оған әсер етуді көздейді. Екіншіден, бұл санкция баламалы мақсаттарды көздейді, яғни, қылмыстық процеске қатысатын қан­дай да бір тұлғаның өзіне жүктелетін міндеттерге мұқият қарауын, оларды құр­меттеуін болжайды. Сонымен қатар, бұл шарадан іс жүргізуге қатысуы мүмкін тұл­ғаларға кейінгі құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында баламалы түр­де әсер етуі болжанады20.

Австрияның ҚПК бойынша ақшалай өндіріп алуды тағайындауға қатысты жо­ға­рыда аталған елдердің заңнамаларына ұқсас ережелері бар. Австриялық сот про­цесс барысында іске қатысушылар тарапынан сот отырысының тәртібін бұзу факті­лері орын алған жағдайда кінәліге қатысты ақшалай өндіріп алу шарасын қол­дануға міндетті. Австрияның ҚПК-нің §235,236-ға сәйкес мұндай әсер ету ша­ралары мәселен сотталушыға, куәгерге, жеке айыптаушыға, жәбірленушіге, куәға, сарапшыға, маманға және басқа да билік өкілі ретінде танылмайтын тұлғаларға қол­данылуы мүмкін. Ал сотпен шығарылған шешім көп ұзатпай орындалуы тиіс және шағым берілуге жатпайды[22].

Егер куә немесе сарапшы сот отырысына шақырту бойынша келмесе, онда олар сот шешімі бойынша мәжбүрлеп әкелінуі мүмкін. Ал мәжбүрлеп алып келу мүм­кін болмаса, онда сот тараптардың уәждерін тыңдап болған соң соттың үдері­сін әрмен қарай жалғастыру немесе кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды, сонымен қатар, Австрия ҚПК-нің §242-ге сәйкес сотқа келмеген тұлғаларды сот оты­рысына қатыстыруға байланысты шаралар қолданады. Судья сот отырысын жал­ғастыру туралы шешім қабалдаған жағдайларда дәлелдемелерді зерттеу бары­сын­да сот отырысына келмеген қатысушылардың алдын ала тергеу сатысында бер­ген жауаптарын тыңдауға құқылы. Бірақ сот отырысына шақырту бойынша кел­ме­ген тұлғалардың қанағаттанарлық себепсіз келмегендігі анықталса, онда сот кінә­лә­ге қатысты ақшалай өндіріп алу шарасын қолданады22.

Чехияда ақшалай өндіріп алу шарасы 1961 ж. қабылданған ҚПК-мен реттеле­ді. Аталмыш заңның § 66-ға сәйкес төмендегіше көрсетілген: «… кімде кім алдын ала ескертуден соң іс жүргізу барысында тәртіп бұзса немесе сотқа, мемлекет өкі­ліне, тергеушіге, полиция органына құрметтемеушілік көрсетсе және алдын ала тер­геу барысында тергеушімен, мемлкет өкілімен, полиция органымен заңға сәй­кес берілген өкімдер мен бұйрықтарды қанағаттанарлық түрде орындамаса 50000 кронға дейінгі сомада ақшалай жазаға тартылады»[23].

Бельгияның ҚПК сәйкес куә іс бойынша айғақтар беруге міндетті (153б.) және қажетті болған жағдайларда ол іс бойынша жауап беруге шақыртылады. Куә іс бойынша қатысуға, жауап беруге қанағаттанарлық себептерсіз бас тартса, онда ол мәжбүрлі түрде іс жүргізуші органға жеткізіледі. Куә айғақтар беруден негізсіз бас тартқан жағдайда оған қатысты айыппұл қолданылуы мүмкін (190б.). Сонымен қатар куә сот отырысына анықталған тәртіпке сәйкес шақыртылу барысында кел­месе, онда бұл әрекет құқық бұзушылық деп танылып белгілі бір мөлшерде айып­пұл шарасын қолдануға әкелуі мүмкін[24].

Францияның ҚПК ақшалай өндіріп алу шарасын процессуалдық тәртіп бұзу­шы­лыққа жол берген процеске қатысушылардың барлығына қатысты реттейді. Бұл норма ақшалай өндіріп алуды процесс барысында процессуалдық тәртіп бұзу­шы­лыққа жол берген әртүрлі лауазымды тұлғаларға да қатысты қолдануды қарас­ты­рады.

Францияның соттық полиция офицері — соттық билік тарапындағы лауазым­ды тұлға. Оның қызметтік міндеттері қазақстандық қылмыстық процестегі тергеу­ші­нің қызметтік міндеттеріне ұқсас келеді. Аталмыш лауазымды тұлғаның құқық­та­ры:

  • қылмыстық процесс барысында заңдылықты сақтай отырып істің қысқа мер­зім ішінде, әділетті шешілуін қамтамасыз ету үшін іс жүргізуге қатысушыларды ша­қыртуға;
  • қылмыстық іс бойынша күдіктінің кінәсін дәлелдеу мақсатында меншік иесі­не қарамастан кез келген заттарды, құжаттарды, компьютерлік файлдарды, іс қа­ғаз­дарды беруді талап етуге құқылы. Бұл талап жеке тұлғалар мен қатар кез келген ұйымдарға, мекемелер мен кәсіпорындарға (олардың басшыларына) қойылуы мүм­кін. Егер іс жүргізуші органның талабын қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда сол немесе басқа да ұйымдардың басшылары Францияның ҚПК 60-1 бабына сәйкес 3 750 евро көлемінде айыппұл салынады. Осындай көлемдегі айып­пұл прокурормен немесе тергеулік судьямен іс бойынша саусақ іздерін беруден және суретке түсуден бас тартқан тұлғаға да қатысты қолданылуы мүмкін.

Францияның қылмыстық заңнамасы бойынша (ҚПК 438, 706-47-2-б.) куәға қатысты ақшалай өндіріп алуды қолданудың бірқатар негіздері көрсетілген:

1) іс бойынша сот отырысына шақырту барысында қанағаттанарлық себеп­тер­сіз келмесе;

2) сот отырысыда іс бойынша тек шындықты айтуға ант беруге қарсылық бідір­се;

3) іс бойынша дәлелдемелерді жинау барысында биологиялық үлгілерін (қан, сілекей, ұрық және т.б.) талдау үшін тапсырудан бас тартса;

4) іс бойынша қажетті медициналық тексерістен өтуден бас тартса. Көрсе­тілген жағдайлар орын алса, онда тиісті заңға сәйкес 3 750 евро көлемінде айыппұл қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, ақшалай өндіріп алу шарасы сот отырсына шақырту бойынша себепсіз келмеген немесе өзінің процессуалдық міндеттерін орындаудан бас тарт­қан немесе тиісті түрде орындамаған сот алқа биіне қолданылуы мүмкін[25].

Францияда ақшалай өндіріп алуға тарту рәсімі іс жүргізудің жеңілдетілген тәртібімен орындалады. Яғни, бұл тәртіппен сотқа дейінгі тергеу жүргізілмейді, құ­қық бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлға (полицейлік агенттің өкіміне бағын­баған азамат) айыппұлды құқық бұзушылық фактісін анықтаған полицейлік агент­ке төлейді. Ол жөнінде хаттама түзіледі. Төленген айыппұл тұлғаның өз кінәсін мой­ындағандығын білдіреді[26].

Қытайдың қазіргі заманғы қылмыстық-процестік құқығының негіздері сонау 1950 ж. қабылданған. ҚХР Қылмыстық-процестік кодексі дәл КО Қылмыстық-процестік кодексінің үлгісі бойынша құрастырылған. Сондықтан, Қытай кодексін талдау барысында ақшалай өндіріп алудың тағайындалуына байланысты анық жа­ңалық байқалмайды[27]. Францияда ақшалай өндіріп алуға тарту рәсімі іс жүргізудің жеңілдетілген тәртібімен орындалады. Яғни, бұл тәртіппен сотқа дейінгі тергеу жүргізілмейді, құқық бұзушылыққа жол берген кінәлі тұлға (полицейлік агенттің өкіміне бағынбаған азамат) айыппұлды құқық бұзушылық фактісін анықтаған по­лицейлік агентке төлейді. Ол жөнінде хаттама түзіледі. Төленген айыппұл тұлға­ның өз кінәсін мойындағандығын білдіреді27.

Қорытынды. Қылмыстық процесс барысында өздерінің процессуалдық мін­дет­терін орындамаған және сот отырысында тәртіп бұзған қатысушыларға қатыс­ты ақшалай өндіріп алуды қолдануды шетел заңнамалары негізінде зерделеу оның әлемдегі келесідей сипаттарын анықтауға мүмкіндік берді:

  • ақша өндіріп алу шарасы алдын ала тергеу сатысында және сот отырысы ке­зін­де тәртіпті бұзғаны үшін, сонымен қатар қылмыстық-процестік заңнамасында көр­сетілген міндеттерін орындамағаны үшін қолданылатын қылмыстық процес­суалдық жауапкершілік сипатына ие;
  • ақша өндіріп алу шарасы — қылмыстық процеске қатысушылардың жіберген процессуалдық тәртіп бұзушылықтары үшін әкімшілік тәртіппен қолданылатын айыппұл;
  • процеске қатысушыларға тиісті тәртіпті бұзғаны үшін және өздерінің про­цес­суалдық міндеттерін орындамағаны үшін мәні бойынша әртүрлі мүліктік санк­ция ретінде танылатын айыппұл және онымен қатар ақшалай өндіріп алу да қол­да­нылуы мүмкін;
  • ақша өндіріп алу шарасы — қылмыстық процеске қатысушылардың жібер­ген процессуалдық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық процессуалдық тәр­тіп­пен қолданылатын айыппұл;
  • қылмыстық процеске қатысушылар алдын ала тергеуге немесе сот отыры­сына қатысуға тиісті тәртіппен шақырту барысында қанағаттанарлық себептерсіз келуден бас тартқан жағдайда оларға қатысты айыппұл немесе ақшалай өндіріп алумен қатар оның келмеуі себебінен орын алған шығындардың орнын толтыруға міндеттелуі мүмкін.

Дегенмен, бұл көрсетілген сипаттардың барлығы біздің заңнамамыздың қи­сы­ны­на толықтай сәйкес келмейді. Алайда ақшалай өндіріп алудың қылмыстық про­цестегі ерекше бір феномен ретінде көрсететіндігі сөзсіз.

Тұжырым. Зерттеуіміздің осы бөлігінде айтылғандарды қорытындылай келе, келесі негізгі қағидаларға көңіл бөлу қажет деп есептейміз[28]:

  • ақшалай өндіріп алуға жазалау сипаты тән, оны қолдану барысында тұлға материалдық шығынға және экономикалық мәжбүрлеуге ұшырайды;
  • мүлік иесінің мүлкін, оның қаражатын қорғау туралы конституциялық ере­же­лерді ескере отырып, кінәлі тұлғаның иелігіндегі белгілі бір үлкен көлемде анықталған мүліктер мен қаражаттан заңды түрде айыру тек сот тәртібімен жүзеге асырылады, ал елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алу­ға тарту мүмкіндігін анықтаушыға, тергеуші мен прокурорға беру — заңна­ма­ны оңтайландыруға септігін тигізеді;
  • ақшалай өндіріп алу — қылмыстық процеске қатысушылардың дұрыс мінез-құ­лық тәртібін қамтамасыз ету құралы және сот талқылауы барысында тәртіптің сақталуына көмектесуші шара бола тұра, ол өзіндік мәні бойынша қылмыстық про­цестік заңнама нормаларының бұзылғандығы үшін іс жүргізулік жауапкершілік болып табылады.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Уголовно-процессуальный кодекс РСФСР: принят 27 октября 1960 г. // https://base.garant.ru/3975252/?ysclid=l5nkt1vibe195569327.
  2. Учебник по истории российского государства и права / Сост . Ю. P. Титов. — M., 1997. — 472 с.
  3. Громов Н. А., Полунин С. А. Санкции в уголовно-процессуальном праве Рос­сии. — М., 1998. — 150 с.
  4. Рыжаков А. П. Научно-практический комментарий к Уголовно-процессу­аль­ному кодексу РСФСР. — М., 1999. — 874 с.
  5. Родин А. Ф. Об обеспечении законности вызова и допроса свидетелей в пред­варительном расследовании // Укрепление законности предварительного след­ствия в условиях реорганизации: Сб. науч. тр. — Волгоград, 1987. С. 118-119.
  6. Новиков С. А. К вопросу о допустимости показаний Бергена при отсутствии у обвиняемого защитника // Российский следователь. — 2003. — № 4. — С. 26-28.
  7. Коротков Н., Пылинки А., Жуков А. Денежные наказания и штрафы в уго­лов­ном судопроизводстве // Советская справедливость. — 1985. — № 8. С. 12-13.
  8. Ветрова Г. Н. Санкции в судебном праве. — М. 1991. — 157 с.
  9. Быховский И. Е. Регламент производства следственных действий // Вопро­сы борьбы с преступностью. — 1974. — № 21. — С. 47-62.
  10. Азир М. Introduction то Cuban Socialist Law // Review оф Socialist Law. — 2020. — №. 6. — Р. 153-163.
  11. Францифоров Ю. В. Противоречия уголовного процесса. — М., 2006. — 175 с.
  12. Уголовно-процессуальный кодекс Республики Узбекистан: принят 22 сен­тября 1994 г., № 2013-КСІІ (по состоянию на 23.06.2022 г.) // https://online.zakon.kz.
  13. Уголовно-процессуальный кодекс Республики Беларусь: принят 16 июля 1999 г., № 295-3 // http://etalonline.by/?type=text&.
  14. Уголовно-процессуальный кодекс Российской Федерации: принят 18 декабря 2001 года, №174-ФЗ (ред. 02.08.2019 г.) // http://www.consultant.ru.
  15. Кузовенкова Ю. A. Денежное взыскание в системе мер уголовно-процес­су­альной ответственности: Дис. … канд. юрид. наук: 12.00.09. — Самара, 2009. — 209 с.
  16. Уголовно-процессуальный кодекс Литвы: принят 14 марта 2002 г., № ІКС-785 (23 декабря 2010 года № ксі-1264) // https://wipolex.wipo.int/ru/text/202109.
  17. Уголовно-процессуальный кодекс Республики Молдова: принят 14 марта 2003 года, №122-КСВ (по состоянию на 30.03.2017 г.) // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30397729.
  18. Уголовно-процессуальный кодекс Азербайджанской Республики: принят 14 июля 2000 года, № 907-ІЕ // http://ugolovnykodeks.ru/tag/
  19. Комментарий к Уголовно-процессуальному кодексу Туркменистана. — Ашхабад, 2012. — 656 с.
  20. Головненков П., Списа Н. С. Уголовно-процессуальный кодекс Федера­тив­ной Республики Германия: научно-практический комментарий и перевод тек­ста закона. — Potsdam, 2012. — 408 с.
  21. Хайне Г. Ответственность в немецком административном праве. Проб­лемы реформации // Уголовное право. — 2001. — №1. — С. 99-101.
  22. Уголовно-процессуальный кодекс Австралии: принят 9 декабря 1975 г. №33/2011 // https:http://www.wipo.int/wipolex/ru/details.
  23. Уголовно-процессуальное законодательство Чехии: Учеб.-метод. пос. / Сост. Л. В. Майорова. — Красноярск, 1999. — 107 с.
  24. Процессуальный кодекс Бельгии // https://ru.ФРВ.в_(Belgique).
  25. https:http://www.wipo.int/wipolex/ru/details.
  26. Калиновский К. Б. Уголовный процесс современных зарубежных госу­дарств: Учеб. пос. — Петрозаводск, 2000. — 48 с.
  27. Иванов А. М., Корчагин А. Г. Законный опыт решения вопросов уголовных наказаний в соседних странах: краткий обзор УК КНДР и УК Республики Корея // Известия высших учебных заведений. Правоведение. — 1998. — №2(221). — С. 188-190.
  28. Байғараев А. Қылмыстық іс жүргізудегі ақшалай жазаны жауапкершілік ретінде қарастырудың кейбір мәселелері // Актуальные проблемы уголовно-процессуального права: Мат-лы международ. науч.-практ. конф. — Қарағанды, 2007. — Б. 158-162.

References

  1. Ugolovno-processual’nyi kodeks RSFSR: prinyat 27 oktyabrya 1960 g. // https://base.garant.ru/3975252/?ysclid=l5nkt1vibe195569327.
  2. Uchebnik po istorii rossiiskogo gosudarstva i prava / Sost . YU.P. Titov. — M., 1997. — 472 s.
  3. 3. Gromov N. A., Polunin S. A. Sankcii v Ugolovno-processual’nom prave Rossii. —, 1998. — 150 s.
  4. 4. Ryjakov A. P. Nauchno-prakticheskii kommentarii k Ugolovno-processual’nomu kodeksu RSFSR. —, 1999. — 874 s.
  5. Rodin A. F. Ob obespechenii zakonnosti vyzova i doprosa svidetelei v predva­ritel’nom rassledovanii // Ukreplenie zakonnosti predvaritel’nogo sledstviya v usloviyah reorganizacii: Sb. nauch. tr. — Volgograd, 1987. S. 118-119.
  6. Novikov S. A. K voprosu o dopustimosti pokazanii Bergena pri otsutstvii u obvinyaemogo zaschitnika // Rossiiskii sledovatel’. — 2003. — №4. — S. 26-28.
  7. Korotkov N., Pylinki A., Jukov A. Denejnye nakazaniya i shtrafy v ugolovnom sudoproizvodstve // Sov. Spravedlivost’. — 1985. — № 8. S. 12-13.
  8. Vetrova G. N. Sankcii v sudebnom prave. — M., 1991. — 157 s.
  9. Bihovskii I. E. Reglament proizvodstva sledstvennyh deistvii // Voprosy bor’by s prestupnost’yu. — 1974. — №21. — S. 47-62.
  10. Azir M. Introduction to Cuban Socialist Law // Review of Socialist Law. — 2020. — №. 6. — P.153-163.
  11. Fransiforov ІU.V. Protivorechiya ugolovnogo processa. — M., 2006. — 175 s.
  12. 1 Ugolovno-processual’nyi kodeks Respubliki Uzbekistan: prinyat 22 sentyabrya 1994 g., № 2013-KSІІ (po sostoyaniyu na 23.06.2022 g.) / / https://online.zakon.kz.
  13. 13. Ugolovno-protsessual’nyy kodeks Respubliki Belarus’: prinyat 16 iyulya 1999 g., № 295-3 // http://etalonline.by/?type=text&.
  14. 1 Ugolovno-processual’nyi kodeks Rossiiskoi Federacii: prinyat 18 dekabrya 2001 goda, №174-FZ (red. 02.08.2019 g.) // http://www.consultant.ru.
  15. 1 Kuzovenkova ІU.A. Denejnoe vzyskanie v sisteme mer ugolovno-proces­sual’noi otvetstvennosti: Dis. … kand. yurid. nauk: 12.00.09. — Samara, 2009. — 209 s.
  16. 1 Ugolovno-processual’nyi kodeks Litvy: prinyat 14 marta 2002 g., № ІKS-785 (23 dekabrya 2010 goda № ksі-1264.) // https://wipolex.wipo.int/ru/text/202109.
  17. Ugolovno-processual’nyi kodeks Respubliki Moldova: prinimayut 14 marta 2003 goda, №122-KSV (po sostoyaniyu na 30.03.2017 g.) // https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30397729.
  18. Ugolovno-processual’nyi kodeks Azerbaidjanskoi Respubliki: prinyat 14 iyulya 2000 goda, №907-ІE // http://ugolovnykodeks.ru/tag/
  19. Kommentarii k Ugolovno-processual’nomu kodeksu Turkmenistana. — Ashhabad, 2012. — 656 s.
  20. Golovnenkov P., Spisa N.S. Ugolovno-processual’nyi kodeks Federativnoi Respubliki Germaniya: nauchno-prakticheskii kommentarii i perevod teksta zakona. — Potsdam, 2012. — 408 s.
  21. Haine G. Otvetstvennost’ v nemeckom administrativnom prave. Problemy reformacii // Ugolovnoe pravo. — 2001. — №1. — S.99-101.
  22. Ugolovno-processual’nyi kodeks Avstralii: prinyat 9 dekabrya 1975 g. №33/2011) // https:http://www.wipo.int/wipolex/ru/details.
  23. 2 Ugolovno-processual’noe zakonodatel’stvo CHehii: Ucheb.-metod. pos. / Sost. L.V. Maiorova. — Krasnoyarsk, 1999. — 107 s.
  24. 2 Processual’nyi kodeks Bel’gii // https://ru.FRV.v _(Belgique).
  25. 25. https:http://www.wipo.int/wipolex/ru/details.
  26. 2 Kalinovskii K. B. Ugolovnyi process sovremennyh inostrannyh gosudarstv: Ucheb. pos. — Petrozavodsk. 2000. — 48 s.
  27. 2 Ivanov A. M., Korchagin A. G. Zakonnyi opyt resheniya voprosov ugol’nyh nakazanii v sosednih stranah: kratkii obzor UK KNDR i UK Respubliki Koreya // Izvestiya vysshih uchebnyh zavedenii. Pravovedenie. — 1998. — №2(221). — S.188-190.
  28. 2 Baıǵaraev A. Qylmystyq is júrgizýdegi aqshalaı jazany jaýapkershilik retinde qarastyrýdyń keıbir máseleleri // Aktýalnye problemy ýgolovno-prosesýalnogo prava: Mat-li mejdýnar. naých.-prakt. konf. — Qaraǵandy, 2007. — S. 158-162.

Leave a comment.

Your email address will not be published. Required fields are marked*