Отеуова А.К. — М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі
Отеуова А.К. — старший преподаватель кафедры правовых дисциплин Западно-Казахстанского университета им. М. Утемисова, магистр юридических наук
Oteuova A. K. — senior lecturer of the department of legal disciplines of the West Kazakhstan University named after M. Utemisov, master of law
ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ
ПРОФИЛАКТИКА СУИЦИДА СРЕДИ ПОДРОСТКОВ
PREVENTION OF SUICIDE AMONG ADOLESCENTS
ТҮЙІН
Бұл мақалада жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептері мен салдарлары және осы тұрғыда Қазақстан Республикасында көтерілетін мәселелері қаралды. Мұндай оқиғалардың алдын алу шаралары сипатталған. Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты — қазіргі және болашақ жасөспірімдерге мұндай әрекеттің дұрыс еместігін және бұл қиын жағдайлардан шығудың жолы емес екенін түсіндіру, сондай-ақ олардың мұндай әрекеттерді жасамауы үшін жағдай жасау.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассмотрены вопросы суицида подростков, их причин и последствий, которые поднимаются в Республике Казахстан. Изложены меры по предотвращению подобных инцидентов. Главная цель профилактической работы — объяснить нынешним и будущим подросткам, что такое действие является неправильным и это не выход из сложных ситуаций, а также создать условия для того, чтобы они не совершали таких действий.
ANNOTATION
This article discusses questions about the causes of suicide of teenagers in our country and their consequences. Measures to prevent such incidents are outlined. The main purpose of the study is to explain to current and future teenagers that such an action is wrong, and to create conditions for them not to commit such actions.
Түйінді сөздер: жасөспірім, суицид, себеп, психолог мамандар анықтамасы, алдын алу.
Ключевые слова: подросток, суицид, причина, определение специалистов-психологов, профилактика.
Keywords: teenager, suicide, cause, definition of psychologists, prevention.
Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау (суицид) бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Еліміздің болашағы саналатын олардың мұндай оқыс әрекеттерге баруы алаңдатарлық жағдай. Статистикалық мәліметтердің сүйенетін болсақ, әлемде жылына 1 млн адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Суицид дегеніміз — бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни осы тұрғыдан қарағанда өзіне-өзі қол жұмсау адамның саналы мінез-құлық актісі болып табылады.
Қазақстандық жастардың арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың ең көп тараған себептері:
- психикалық күйзеліс, депрессия;
- қаржылық проблемалар;
- жалғыздық, қажетсіздік сезімі;
- ата-анамен екі арадағы жанжалдар.
Ал мамандар көбінесе өмірімен ерте қоштасуға:
- қыздар;
- жұмыс істемейтін қала тұрғындары;
- жоғары білімі жоқтар;
- дінге сенбеушілер асығады деп санайды.
ДДҰ мәліметтері бойынша жасөспірімдер арасындағы суицидтің кем дегенде 800 себебі бар. Оның ішінде: 41 % — себебі белгісіз, 19 % — жазадан қорқу, 18 % — психикалық ауру, 16 % — үйдегі қайғы-қасірет болса, қалғаны ақшалай шығындарға, тұрмыстық жағдайларға байланысты болады. Бұл ретте, қазақстандық психологтардың пікірінше, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептерінің 30 % — психикалық патология, ал қалған 70 % қолжетімді тұрғын үйдің, білімнің болмауы сынды қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа тіреледі екен. Осы ретте, баланың өмір сүруге деген құлшынысын жоятын бірнеше себептер бар. Қоғамнан көретін қысым, отбасылық кикілжің, күнделікті ата-анадан таяқ жеу сияқты іс-әрекеттер. Нәтижесінде бала өз өміріне балта шабу, аталған қиындықтардан құтылудың ең оңай жолы деп ойлайды.
Суицидке апаратын бұданда басқа бірнеше негізгі себептері бар:
- Тұқым қуалау. Атадан балаға беріп кететін мұра секілді, суицидта тұқым арқылы, қан арқылы берілетіні дәлелденген. Отбасы, жақындар арасында көп жылдар бұрын бұл нәрсе болған болатын болса, кейін бұл балалардан өз-өзіне қол жұмсау белгілерін байқауға болады. Бұл кезде бұндай әрекеттің алдын алып, өмірімен қоштасуына жол бермеуге барын салу қажет.
- Оқыс әрекет — психикалық жарақат. Тәрбие тал бесіктен басталады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалдар бекер айтылмаса керек. Бала өзінің ұясында қанатын қатайтып, жылу мен мейірімге зәру болады. Ал қазіргі көптеген отбасылар керісінше баланың көзінше ұрысып, керісіп тіпті төбелесіп те жатады. Не болмаса балаға жекіп, «бәле болдың» деген сияқты ауыр сөздер айтып жатады. Бұл балаға жылу да, мейірімділік те бермейді. Керісінше қорқыныш пен үрей сыйлайды. Сондықтан оқыста жасаған кез келген әрекет балаға жарақат салатынын ескерген жөн.
- Тылсым күш. Құлағына түрлі дыбыстар естілетін, түсінде де, өңінде де белгісіз біреу көрінетін адамдар ортамызда бар көрінеді. Бұл — өте тереңінен зерттейтін тақырыптардың бірі. Бұл – өте қауіпті және қорқынышты жағдайлар. Себебі, белгісіз делінген статистикалардың көбі осындай тылсым бір жан түршігерлік жағдайлардың нәтижесінде орын алған секілді. Осындай әрекеттер өмірлеріңізде де орын алып жатқан болса, уақытында психологқа қаралып, керекті емді алған жөн.
- Нашақорлық. Қазіргі уақытта нашақорлық проблемасы — әлемдік қоғамдастықтан бөлек Қазақстанда да өзекті мәселенің бірі. Нашақорлық – жеке тұлғаның кері кетуіне, жастар арасындағы өлімнің көбеюіне алып келетін негізгі фактордың бірі болып табылады. БҰҰ Есірткілер мен қылмыс бойынша басқармасының 2008 жылғы деректеріне сәйкес, әлемде есірткі тұтынуда тәжірибесі бар 200 млн. адам бар, 110 млн. есірткілерді салына тұтынады және 25 млн. адам есірткілерге тәуелділіктен зардап шегеді. Ал елімізде жыл сайын 17-ге толмаған мыңдаған жасөспірім нашақорлық салдарынан өмірмен ерте қоштасады екен.
- Жауапсыз махаббат. Жасөспірімдер арасындағы махаббат жағдайы да өз-өзіне қол жұмсауға дейін әкеліп жататыны белгілі. Жауапсыз махаббат салдары күйзеліске әкеліп, соңында бұл күйзелестен шығу жолын көп жасөспірім осылай іздейді. Мысалы, америкалық отбасы асырап алған Айсұлу есімді қазақ қызының өлімі де дәл осы жауапсыз махаббат салдарынан болған. «Дэвин бір жігітке деген жауапсыз махаббаттан көп зардап шекті. Оның үстіне жаңа, жоғары мектепте үлкен қысымға тап болды. Салдарынан өзіне қол салды. Бұл — суицид», — деп хабарлаған Айсұлудың әкесі Уэйн Тэкабари.
- Науқас. Дертке шалдыққан балалардың көбі ата-анасының қиналғанын, оған масыл болғанын көріп, өзін іштей жеу арқылы күйзелуі мүмкін. Ең бірінші жақындарының қиналғанын көргісі келмеген бала осы жол арқылы барлық қиындықтан құтыламын деп ойлайды. Дегенмен, әр ата-ана мейірімін жеткілікті бөліп, науқас баласының жігерін жанып, қолдау білдірсе, аталған жағдайдың орын алмауына септігін тигізуі мүмкін[1].
Ломоносов атындағы орта мектептегі директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары С. Менситова суицид жүйке ауруларына жатпайтынын, әлемде 15-19 жас арасындағы жасөспірімдер арасында жиі орын алып отырғанын айтты. Сонымен бірге, бұл ата-аналары ажырасқан, қамқоршысыз қалған, қылмыстық жолға түскен, өзіне жақын адамын жоғалтып, қайғы шеккен, отбасында ұрыс-керіс жиілеген, нашақорлық жолда жүрген, бір нәрседен қатты көңілі қалған жасөспірімдер арасында көбірек байқалатынын жеткізді.
Д. Нұрпейісова орта мектебінің психологы К. Сүндетова өзіне қол жұмсау түрлеріне у ішу, асылып өлу, көлік және поезд астына түсу, ыстық нүктелерге бару, суға кету, үлкендерден зорлық-зомбылық көру сияқтылар жататынын ескертті. Маманның айтуынша, 14-18 жастағылар арасындағы суицидтің 10 пайызы шын өлімге, 90 пайызы көмекке шақыру жанайқайына жатады екен. Яғни өзінің басындағы жағдайға өзгелердің назарын аудару үшін өзіне қол жұмсамақ болу.
Ломоносов орта мектебінің психологы А. Шоқаева суицид белгілеріне тұйықталу, еш нәрсеге қызықпаушылық, үнемі мазасыздану, ашуланшақтық, жаман түстерді жиі көріп бастығырылу, көмектен бас тарту, ұйқысыздыққа қарсы дәрілер қолдану жататынын айтты[2].
Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес — қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту. Психологиялық қалыптаспаған, тұрақсыз кәмелеттік жасқа толмаған балаға оның замандасы немесе танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкіндей» көрінеді. Саналы не бейсаналы түрде ол өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көруі мүмкін: біреуге бұл «ұнап қалуы мүмкін», ал өзгесі бұндай ойлардан мәңгілікке арылуы мүмкін. Алайда көпшіліктің қайғысы «назар аудару» ретінде жалғыз, өмірден түңілген, бәрінен бас тартқан жасөспірімді өзіне тартады. Осылайша, бір өзіне-өзі қол жұмсау фактісі басқа да жағдайларды туындатады.
Балалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасыларының мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді. Әркім «мен кінәлі емеспін бе» деген сұрақты қойып, өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлап, «субъективті» шешім жасайды. Нәтижесінде, психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сөйтіп, жасөспірімдік суицид үлкендердің өз-өзіне қол жұмсауының себебіне де айнала алады. Тағы да бір үлкен зардаптардың бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид ел экономикасы үшін де үлкен қасірет. Жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамымыздың болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына әсер етеді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды[3].
Ғалымдардың зерттеуі бойынша суицидтің үш түрі болады екен.
- шынайы суицид (бұл түрмен ауырғандар расында өлгісі келеді, көңілсіз жүреді);
- жариялық суицид (бұған барғандардың көбісі өлгісі келетінін алдын ала жарияға жар салады);
- жасырын суицид (бұл түріне шалдыққандар өзіне-өзі қол жұмсау жақсы іс еместігін біледі, бірақ қиындықтан шыға алмаған сәтте өлімге бас тігеді)[4].
Психолог мамандар жастар арасында суицидтің алдын алудың бірыңғай ұлттық бағдарламасын құруды ұсынды. Бағдарлама аясында балалар мен жастарды қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдардың жұмыстарына салыстырмалы талдау жүргізілуі тиіс. Әрі мектеп пен колледждердегі психолог мамандардың біліктілігін арттырып, оларды өзге жұмыстармен жүктемей нақты жасөспірімдердің мәселесімен айналысуға мүмкіндік беру керек.
Осыған орай, психолог Алексей Ли арнайы оқу-әдістемелік құрал әзірлегендерін жеткізді. Аталған оқулық:
- суицидтік белгілерді ерте анықтауды;
- қол салуға итермелейтін ойлар мен сезімдерді ерте тануды;
- баланың проблемасына ерте араласуды не маман көмегіне қалай жүгінуді;
- ықтимал суицидтің ерте алдын алып, көмек көрсетуге үйретеді.
Суицидтің алдын алу шараларын қарастыратын болсақ: ең алдымен, отбасындағы ашық, еркін қарым-қатынас. Бұл күрделі кедергі тек суицид мәселесінде ғана емес, өзге де кеселді дүниелердің басты себебі болып отыр. Көптеген жеткіншектер мен жасөсіпірмдер ата-аналарынан жасқанып, кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Оның себебі —– жастайынан ата-ана тарапынан болған асқан шектеу немесе салқын қабақ таныту. Яғни, әр ата-ана бала есін білетін жастан бастап, оның ойын тыңдап, пікіріне құлақ асуды үйрену керек. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрсе де балаға әрдайым көңіл бөлуді ұмытпаған жөн.
Екінші — психологтардың жүйелі жұмысы. Отбасы тәрбиесінен кейін баланың дамитын ортасы мектепте қалыптасады. Сондықтан мектеп психологі әр баламен жеке жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Атүсті қарамай, әр индивидке мінез-құлқы бойынша нақты сараптама жасалса, оқушы бойындағы түйткілді уақытылы байқау ықтималдығы жоғары. Психологиялық әлсіз балалармен көбірек уақыт өткізіп, әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың уақытша екенін, тұрмыстық кикілжіңдерді елеумеуге болатынын түсіндірсе суицид жасауды көздеген бала райынан қайтуы әбден мүмкін. Бастысы досындай сырлас болу білген жөн. Тек оқушымен ғана шектеліп қалмай, ата-анасымен байланысқа шығып, психолог-бала-ата-ана циклі бойынша жұмыс жүргізу аса маңызды.
Үшінші әрі негізгісі — қоғамдық пікір қалыптастыру. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында, жалпы адамдар арасында суицидтің тығырықтан шығатын жол еместігін насихаттау. Жай ғана насихаттап қоймай, оның салдары қандай болатынын түсіндіру. Жасөсіпірімдердің құлағына жетіп, санасына сіңіретіндей жұмыстар жүргізу.
«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры суицид мәселесін шешу үшін төмендегідей ұсыныстарын жеткізді:
- Жастардың суицидтік мінез-құлқына бағытталған арнайы емдеу хаттамасын әзірлеуге және суицидтердің алдын алудың бірыңғай хаттамасын әзірлеуге бастамашылық ету қажет.
- Суицид проблемасына тартылған барлық мамандар үшін күш біріктіруге және қайталанатын суицидтердің санын азайтуға көмектесетін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу керек.
- Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында жасөспірімдерге психолог мамандардың, сенім телефонының көмегімен тегін кеңес алу мүмкіндігі бар екенін кеңінен хабардар ету қажет.
- Жалғыздық, қажетсіздік пен немқұрайлылық сезімдерінен арылту үшін жастарды ұжымдық қызметке тарту керек[5].
- Жарықбаев Қ. Б. Жалпы психология. — Алматы, 2014.
- Козлова Т. П. Суицидальное поведение у подростков // Учительская газета. 1993.
- Алдамұратов Ә. Жалпы психология: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 1996. — 224 б.
- Құрманбаева Н. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы // Денсаулық журналы. — 2001. — № 10.
- Елшібаева К. Ғ. Суицидтің алдын алу. — Алматы, 2009.