admin 15.07.2024

МРНТИ 10.71.63

УДК 342.571

Бекдербек Айбол Асханбекұлы — Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының докторанты, әскери іс және қауіпсіздік магистрі (Қазақстан Республикасы, Алматы қ.)

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ (АРНАУЛЫ) ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҒАЛАУДАҒЫ СЕНІМ МӘСЕЛЕСІ

Түйін. Мақала құқық қорғау органдарына деген сенімді ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы ретінде зерттейді. Автор азаматтардың бұл институттарға деген сенімі тек олардың кәсібилігі мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік капиталдың ықпалымен де байланысты еке­нін атап көрсетеді. Мақаланың мақсаты — сенімнің құқықтық тәртіпті және ұлт­тық қауіпсідікті қамтамасыз етудегі рөлін талдау. Сенімді қоғамның интеграция­сын және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыратын әлеуметтік-эконо­ми­калық механизм ретінде қарастырады. Мақалада отандық және шетелдік тәжі­ри­бе, соның ішінде Қазақстан мен АҚШ мысалдары талданып, құқық қорғау ор­ган­дарына деген сенімнің түрлі оқиғалардың ықпалымен қалай өзгергені қарасты­рылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруда этикалық нормалардың, кәсіби дайындықтың және моральдық қасиеттердің рөлі ерекше екенін атап өтіледі. Автор жоғары сенім деңгейі азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысуына және ұлттық қауіпсіздіктің артуына ықпал ететінін көрсетеді. Мақалада құқық қорғау органдарына деген сенімді арт­тыру үшін олардың кәсібилігін және этикалық стандарттарын дамыту арқылы ке­шен­ді шаралар қабылдаудың маңыздылығы туралы қорытынды жасалады.

Түйінді сөздер: сенім, құқық қорғау органдары, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік капитал, кәсібилік, этикалық нормалар, қоғамдық тәртіп, мемлекеттік институттар.

Бекдербек Айбол Асханбекұлы — докторант Академии КНБ Республики Казахстан, магистр военного дела и безопасности (Республика Казахстан, г. Алматы)

ПРОБЛЕМА ДОВЕРИЯ В ОЦЕНКЕ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ ПРАВООХРАНИТЕЛЬНЫХ (СПЕЦИАЛЬНЫХ) ОРГАНОВ

Аннотация. Статья исследует феномен доверия к правоохранительным орга­нам как ключевого фактора национальной безопасности. Автор подчеркивает, что доверие граждан к этим институтам обусловлено не только их профессионализмом и материально-техническим обеспечением, но и влиянием социального капитала. Цель статьи — анализ роли доверия в обеспечении правопорядка и национальной безопасности. Рассматриваются основные аспекты доверия как социально-эко­но­ми­ческого механизма, обеспечивающего интеграцию общества и повышение эф­фек­тивности государственных институтов. В статье анализируется отечественный и зарубежный опыт, включая примеры из Казахстана и США, где доверие к правоохранительным органам менялось под влиянием различных событий. Акцен­тируется роль этических норм, профессиональной подготовки и моральных ка­честв сотрудников правоохранительных органов в укреплении их положительного имиджа. Автор подчеркивает, что высокий уровень доверия способствует актив­но­му участию граждан в обеспечении правопорядка и повышению уровня нацио­нальной безопасности. Статья делает вывод о необходимости комплексных мер для повышения доверия к правоохранительным органам через развитие их про­фес­сионализма и этических стандартов.

Ключевые слова: доверие, правоохранительные органы, национальная без­опасность, социальный капитал, профессионализм, этические нормы, общест­венный порядок, государственные институты.

Bekderbek Aibol Askhanbekuly — doctoral student at the Academy of the national security committee of the Republic of Kazakhstan, master of military affairs and security (Republic of Kazakhstan, Almaty)

THE PROBLEM OF TRUST IN ASSESSING THE ACTIVITIES OF LAW ENFORCEMENT (SPECIAL) AGENCIES

Annotation. The article explores the phenomenon of trust in law enforcement agencies as a key factor in national security. The author emphasizes that citizens’ trust in these institutions is due not only to their professionalism and logistical support, but also to the influence of social capital. The purpose of the article is to analyze the role of trust in ensuring law and order and national security. The main aspects of trust as a socio-economic mechanism ensuring the integration of society and increasing the effectiveness of state institutions are considered. The article analyzes domestic and foreign experience, including examples from Kazakhstan and the United States, where trust in law enforcement agencies has changed under the influence of various events. The role of ethical standards, professional training and moral qualities of law enforcement officers in strengthening their positive image is emphasized. The author emphasizes that a high level of trust contributes to the active participation of citizens in ensuring law and order and improving the level of national security. The article concludes that comprehensive measures are needed to increase trust in law enforcement agencies through the development of their professionalism and ethical standards.

Keywords: trust, law enforcement agencies, national security, social capital, professionalism, ethical standards, public order, state institutions.

 

Кіріспе. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі — оның тұрақты және серпінді дамуының маңызды шарты. Бұл тұжырым құқық қорғау (арнаулы) органдарының қызметіне қоғам тарапынан сенімнің деңгейіне тікелей байланысты. Себебі сенім тек әлеуметтік құндылық емес, сонымен қатар, мемлекеттік институттардың тиім­ділігін арттыратын негізгі әлеуметтік-экономикалық механизм болып табылады. Қоғамдағы сенім деңгейі құқық қорғау органдарының кәсіби және моральдық беделінің айнасы іспеттес.

Сенім феноменін зерттеу тек теориялық мәселе ғана емес, сондай-ақ практи­калық маңызға ие. Қазіргі жағдайда құқық қорғау органдарының қоғам алдындағы ашықтығы, олардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойын­ша атқаратын рөлі — мемлекеттік басқару жүйесіндегі тұрақтылықтың негізгі ке­пілі болып табылады. Бұл — мәселенің өзектілігі Қазақстан қоғамында орын алған оқиғалармен де тығыз байланысты. Әсіресе, Қаңтар оқиғалары құқық қорғау ор­ган­дарына деген сенім деңгейін сынаққа салып, бұл бағытта жаңа тәсілдерді қажет етті.

Осы мақалада құқық қорғау органдарына деген сенім феноменінің теориялық және практикалық аспектілері, оның әлеуметтік және институционалдық деңгей­де­гі көріністері қарастырылады. Автор қазақстандық және халықаралық тәжіри­бені салыстыра отырып, сенімнің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін тал­дауды мақсат етіп қояды.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу барысында құқық қорғау органдарына де­ген сенім мәселесін талдау үшін отандық және шетелдік ғылыми еңбектер, статис­ти­калық деректер және ресми есептер пайдаланылды. Негізгі әдістер ретінде тео­рия­лық және контент-талдау, салыстырмалы әдіс пен әлеуметтік зерттеулердің нә­ти­желерін талдау қолданылды. Зерттеудің эмпирикалық негізін ҚР Ұлттық ста­тис­тика бюросының мәліметтері мен құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты қоғамдық пікірлер құрады.

Талқылау және нәтижелері Қоғамдағы сенімнің арқасында интеграция жү­зе­ге асуы ықтимал деп сенімнің ерекше функцияларының бірін неміс әлеумет­та­ну­шысы Г. Зиммель атап өткен. Ол сенімді әлеуметтік алмасу арқылы туындайтын қарым-қатынас үшін қажетті норма ретінде көрсетеді.

Америкалық әлеуметтанушы Ф. Фукуяма сенімді белгілі бір қоғамдастық шең­берінде оның мүшелерінің ортақ қабылданған нормаларға, мәдени дәстүрлер­ге, әдет-ғұрыптарға, жалпы этикалық құндылықтарға сәйкес өзара көмекке дайын болу арқылы қалыпты және адал әрекет етуін күту ретінде сипаттайды. Оның пай­ым­дауынша, сенім прагматикалық тұрғыдан өте маңызды құндылыққа ие. Сенім­нің әлеуметтік механизмді майлаудың бір түрі ретінде практикалық мәні зор, өйт­кені ол жалпы жүйенің тиімділігін арттыруға үлесін тигізеді[1].

Сонымен, сенім қоғам мүшелерінің өзін адал, ашық ұстауға және адамдар ара­сында жағымды қарым-қатынас орнатуға дайындығынан туындаған психоло­гия­лық жағдайда көрінетін белгілі бір тәртіпті қамтамасыз ететін әлеуметтік-эконо­микалық механизм.

ҚР Бас Прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академия­сының авторлық ұжымының пікірінше, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін қылмыстық қудалау орбитасына қатысуына немесе өзара іс-қимылдың бас­қа тәжірибесіне қарамастан, әрбір жеке тұлға құқық қорғау органдарын оң, по­зи­тивті түрде қабылдайтын тараптардың оң қарым-қатынасымен жүретін психо­ло­гия­лық жағдайларды түсіну керек[2].

Құқық қорғау (арнаулы) органдарын мемлекеттік институттар ретінде қабыл­дай­тын болсақ, біз нақты азаматтардың институционалдық сенімі туралы айтқа­ны­мыз жөн. Институционалдық сенімге келетін болсақ, бұл азаматтардың белгілі бір институттарды тиімді деп санайтындығының көрінісі және осы институттар­дың жұмысын оларға жүктелген әлеуметтік функцияларды орындауға қабілетті деп оң бағалауы.

Сенімнің көптеген әлеуметтік функцияларын зерттеген ғалымдардың басымы, оның қалыптасу себебі тікелей институттардың тікелей әрекеттеріне байланысты деген ортақ тұжырымға келеді. Сондай-ақ, ғалымдардың көпшілігі институцио­нал­дық сенім мен азаматтардың саяси мінез-құлқы арасында байланыстың бо­лу­ы­на назар аударады. Осылайша, саяси билікке деген сенімнің жоғары деңгейі аза­мат­тардың конвенционалды қатысуының жоғары деңгейінен көрінуі мүмкін[3].

Ал азаматтардың құқық қорғау (арнаулы) органдарына деген жоғары сенім осы институттардың қызметін жағымды қабылдауы, олардың іс-әрекеттеріне оң баға беруі олармен құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуы мен олармен ынтымақтастуынан көрінуі ықтимал деп санаймыз.

Елімізде құқық қорғау органдарының жұмысындағы қоғамдық бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері мен олардың шағымдарын қарау тетіктерін дамыту, халық алдында есеп беру арқылы азаматтардың құқық қор­ғау органдарына деген сенімді арттыру бойынша кешенді іс-шаралардың атқа­ры­луына қарамастан, ұлттық статистика Бюросының халықтың құқық қорғау ор­ган­дарына деген сеніміне қатысты сауалнамасының нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

Полицияға сенімсіздіктің себептері туралы сұраққа ең көп тараған жауап өте маңызды. Респонденттердің 36,4%-ы олардың қызметі азаматтардың құқықтарын қорғаумен емес, жазалау шараларымен байланысты деп санайды. Екінші орында — бұл құрылым жемқорлыққа ұшыраған деген пікірлер (31,9%). Үшінші орында — қызметкерлердің кәсіби деңгейінің төмендігі (25,9%)[4].

Сауалнама көрсеткіші сенімнің туындауына тікелей құқық қорғау органдары­ның әрекеттері себепші деген пікірді айғақтайды. Бұл үрдіс тек біздің елімізге ғана тән емес.

2020 жылдың мамыр айында АҚШ-та полицияның тұтқындауы кезінде амери­ка­лық Джордж Флойдтың қазасынан кейін құқық қорғау органы тұрғындар тара­пы­нан сынға алынып, билік өкілдеріне деген сенім деңгейі біршама төмендеген. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы ересек қара нәсілділердің 27 %-ы полицияға сенім арт­са, (2014-2019 жылдары аралығында қара нәсілділер арасында полицияға сенімнің көрсеткішіне жақын), ал оқиға орын алған жылы бұл көрсеткіш 18 %-ға дейін төмендеген[5].

2023 жылдың қаңтар айында АҚШ-тың Теннесси штатының Мемфис қала­сын­да полиция қызметкерлері Тайр Николсты абайсыз көлік жүргізді деген күдік­пен тоқтатып өлтірді. Николстың өлтірілгені туралы бейне жарияланғаннан кейін мыңдаған американдықтар полицияның зорлық-зомбылығына наразылық ретінде көшеге шықты. Николсты ұрған бес полиция қызметкеріне кісі өлтірді деген айып тағылды. ABC News/Washington Post сауалнамасына сәйкес, бұл оқиғадан кейін аме­рикандықтардың полиция қызметкерлеріне деген сенім жаңа деңгейге дейін төмендеді. Бұл жайттан кейін, ұлттық сауалнамаға қатысқан ересектердің тек 39 %-ы бұл елдегі полиция шамадан тыс күш қолданбау үшін жеткілікті түрде дай­ын­далған деп санаса, 41 %-ы полицияның қара және ақ нәсілділерге бірдей қарай­ты­нына сенімді[6].

Демек, аталмыштай қайғылы оқиғаларға қарамастан, Америка Құрама Штат­та­рында азаматтардың мемлекеттік институттарға, атап айтқанда, құқық қорғау ор­гандарына сенім мәселелері қарқынды түрде өзгеріп отыратындығын байқай­мыз. Сенімнің төмендеуі уақыт өте қалпына келіп отырады. Өйткені бұл бағытта үкімет деңгейінде тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл үшін арнайы мемлекеттік орган — Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік этика басқармасы (U.S. Office of Government Ethics) — Федералды агенттік қызмет етуде. Бұл мемлекеттік ор­ган АҚШ атқару билігіне кіретін мемлекеттік қызметшілерге этика негіздері бойынша оқытуды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Мемлекеттік қызметті жүзеге асыруда адамгершілік, ізгілік қағидаттарын бірінші орынға қоюды алға тартқан аме­рикалықтар, үкіметтік деңгейде жалпыға міндетті «атқарушы билік қызмет­керлері үшін этикалық мінез-құлықтың 14 жалпы қағидасын» қолдануда. Оның алғашқысы — «Мемлекеттік қызмет — бұл қызметкерлерден Конституцияға, заңдарға және этикалық қағидаларға адалдықты жеке пайдадан жоғары қоюды талап ететін қоғамдық сенім» болып бекітілген[7].

Оған қоса, бұл елдің әрбір мемлекеттік және арнаулы органдары қызметтерін реттеуші құқықтық актілерде миссиялары мен жүктелген функцияларын іске асыруда этикалық қағидаларын жариялай отырып, қоғам тарапынан сенімге де баса мән береді. Мәселен, Америка Құрама Штаттарының 2023 жылға арналған Ұлттық барлау стратегиясында (The National Intelligence Strategy of the United States of America) АҚШ барлау қауымдастығына кіретін барлық 18 мемлекеттік органға тиесілі қауымдастықтың миссиясы, этикалық қағидалары орын тапқан:  

«Барлау қауымдастығының миссиясы  біз америкалықтарға қызмет етеміз және біздің миссиямыз ұлтымыздың қауіпсіздігіне жанқиярлықпен берілуді қажет ететінін түсінеміз». Этикалық қағидалары келесідей:

Шыншылдық — біз шындықты іздейміз; билікке шындықты айту; және объек­тивті түрде ақпарат алу, талдау және қамтамасыз ету.

Заңдылық — біз Конституцияны қолдаймыз және қорғаймыз, сондай-ақ Аме­рика Құрама Штаттарының заңдарын сақтай отырып, өз миссиямызды жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, азаматтық бостандықтарды және адам құқықтары жөнін­дегі міндеттемелерді құрметтейтін түрде орындауымызды қамтамасыз етеміз.

Адалдық — біз өз іс-әрекеттерімізде адалдық танытамыз, біздің барлық әре­кет­теріміз, жалпыға ортақ немесе жасырын болсын, жалпы барлау қауым­дас­ты­ғына жағымды әсер етуі керек екенін есте ұстаймыз.

Басқару — біз қоғамдық сенімнің жауапты сақтаушыларымыз; Біз барлау органдары мен олардың ресурстарын ұтымды пайдаланамыз, барлау көздері мен әдіс­терін мұқият қорғаймыз және тиісті арналар арқылы заң бұзушылықтар туралы хабарлаймыз; және өзімізге, біздің қадағалау институттарымызға және сол инсти­тут­тар арқылы, сайып келгенде, Америка халқына жауапты болып қала береміз.

Үздік — біз өз жұмысымызды және шеберлігімізді үздіксіз жақсартуға, ақ­па­рат­ты жауапкершілікпен бөлісуге, әріптестерімізбен ынтымақтасуға және жаңа мін­деттерді шешу кезінде жаңашылдық пен ептілік көрсетуге ұмтыламыз.

Әртүрлілік — біз өз ұлтымыздың алуан түрлілігін қабылдаймыз, жұмыс күші­міз­дегі әртүрлілік пен инклюзивтілікті насихаттаймыз және ойлауымыздың әртүр­лілігін көтермелейміз[8].

Барлау қауымдастығына кіретін әрбір құқық қорғау, арнаулы орган болсын, әрқайсысы жүктелген құзыреттіліктеріне қарамастан америкалық қоғамға адал қызмет ету арқылы халықтың сеніміне барынша ие болуды көздейді және өзге де мемлекеттік органдармен бұл бағытта белгілі бәсекелестіктің болуын меңзейді.

Егер АҚШ Федералды Тергеу Бюросының елтаң­басына назар аударатын болсақ, онда ағыл­шын тілінде «Fidelity. Bravery. Integrity.» сөздерін байқауға болады, оның аудармасы — «Адалдық. Ба­тылдық. Шыншылдық». Бұл сөздер Бюро ұраны болып қалыптасқан.

ФТБ ұранының шығу тегі 1935 жылдың қыр­күйе­гінде «The Investigator» қызметкерлер журна­лы­ның редакторы инспектор В.Х. Дран Лестердің қысқаша түсіндірмесіне байланысты болуы мүм­кін: «FBI» ақырында Федералдық тергеу бюросы­ның аббревиатурасына сәйкес келетін атау, ол та­би­ғи түрде «FBI» болуға лайықты. Бұрын қоғамның бізге қоятын лақап аттары сан алуан болды. «Әділет агенттері», «D.J. Men», «Үкімет адамдары» — олардың бір­не­шеуі ғана болса, Бюроның өзі қате түрде «Қылмыстық бюро», «Анықтау бю­ро­сы» және «Қылмыстың алдын алу бюросы» деп аталады. Соңғы және ең кең тара­ған көзқарас — бұл «G-Men», яғни «Үкімет адамдары» аббревиатурасы. Бірақ «FBI», яғни, «Адалдық — Батылдық — Шыншылдық» деген мағынадағы атауы­мыз ең дұрысы және қызметімізге сәйкес келетін нақты ұран, өйткені бұл сөздер Бюро мен оның өкілдері әрқашан қолдайтын құндылықтар[9].

Отандық тәжірибеге келетін болсақ, қоғамдағы құқық қорғау (арнаулы) орган­дарға халық тарапынан сенімнің төмендеуіне және бұл органдардың имиджі мен беделіне кері әсерін қанды Қаңтар оқиғалары тигізгенін айтпасақ та баршаға аян. Бұл жайт орын алғаннан кейін құқық қорғау органдарының әдеп кодексі қабыл­дан­ды және қызметкерлердің адамгершілігі мен моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылды.

Жекелегенде, Кодекстің «Құқық қорғау қызметінің әдеп қағидаттары» тарау­ын­да құқық қорғау қызметінің арнайы әдеп қағидаттары бекітілді:

1) офицерлік ар-намыс — азаматтық және қызметтік борышқа, қабылданған адамгершілік міндеттемелеріне адалдығынан көрініс табатын қызметкердің басты ішкі қадір-қасиеті, оның айбындылығы, парасаттылығы мен ар-ожданы­ның тазалығы, адал абыройы, игі атағы, жеке басының беделі;

2) жоғары адамгершілік — өзінің және бағынысты адамдардың ар-намыс ұғымының мәнін түсінуі, әділдікті барынша сезіну, моральдық тазалық пен руха­нилық, кәсіби міндеттерге жоғары дәрежеде қоғамға пайдалы және қажетті мін­дет­тер ретінде саналы түрде қарау;

3) жанашырлық — адаммен және азаматпен мейірімді қарым-қатынас жасау, олардың игілігі үшін жәрдемдесуге дайын болу, адамдармен қарым-қатынас ке­зінде біркелкі тұлғалық ұстанымды негізге алу;

4) өзіндік тәртіп — эмоциялық жай-күйіне қарамастан, шешім қабылдау және әрекет ету қабілеттілігі;

5) ізгілік — адамгершілік, көмекке келуге дайын болу, туындаған жағдайды және зардап шеккен адамдардың дәрменсіздігін ешқашан пайдакүнемдік мақ­сатта пайдаланбау, әрбір адамның жалпы адамзаттық құқықтарын алаламай тану жатады[10].

Мемлекеттік деңгейде қабылданған бұл нормалардың нақты орындалуын қам­та­масыз ету үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адамгершілік қасиет­терін қалыптастыру және жоғарылату қажет. Ал әлеуметтік-мәдени өзгерістер бір жылдың жұмысы емес, әрі кешенді іс-шараларды талап етеді.

Жалпы, адамгершілік құндылықтар мен құқықтық сана бір-бірімен тығыз бай­ла­нысты. Себебі, адамгершілік қағидаттар мен құндылықтар адамдар мен қоғам­ның құқықтық санасының қалыптасуына әсер етеді, ал заңдар мен құқықтық нор­малар белгілі бір моральдық нанымдарды көрсетіп, нығайта алады.

Бұл мәселе бойынша қазақстандық қоғамда өзгерістердің қажеттілігіне мемле­кет Басшысы Қ. К. Тоқаев та алаңдаушылық білдіруде. Президенттің айтуынша, «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Ол үшін ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет» — деді[11].

Қорытынды. Құқық қорғау (арнаулы) органдарға халықтың сенімін қалып­тас­тыру және оны жоғарылату ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы негізгі міндет­тердің бірі болып табылады. Сенім деңгейі тікелей құқық қорғау органдарының (ар­наулы органдардың) қызметкерлерінің рухани-адамгершілік қасиеттерімен, кәсіби дайындық деңгейімен және халықпен қарым-қатынас орнату мәдениетімен байланысты. Халықтың сенімі — бұл құқық қорғау органдарының жұмысына бері­ле­тін басты баға. Бұл сенімнің жоғары деңгейі құқық қорғау органдарының оң имид­жін қалыптастырып, олардың қоғам тарапынан қолдау табуына айтарлықтай ықпал етеді. Сонымен қатар, сенімге ие болған құқық қорғау органдары қоғамның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі белсенді қатысуына жол ашады, бұл ұлттық мүдделердің жоғары деңгейде қорғалуына мүмкіндік береді.

Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайту үшін келесі шараларды жүзеге асыру ұсынылады:

Қызметкерлердің рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту: құқық қорғау органдарының кадрлық даярлау бағдарламаларына этикалық стандарттар мен адам­гершілік қасиеттерді нығайтуға бағытталған курстарды қосу.

Кәсіби дайындықты арттыру: қызметкерлердің кәсіби шеберлігін халықара­лық стандарттарға сәйкестендіру, заманауи технологияларды пайдалану дағдыла­рын дамыту.

Ашықтық пен есептілік: қоғаммен тұрақты түрде кері байланыс орнату, аза­мат­тардың арыздары мен шағымдарын жедел әрі әділ қарастыру, олардың шешім­дерін жариялап отыру.

Қоғамдық кеңестер мен тыңдаулар: құқық қорғау органдарының халықпен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастыруы және қызметтері туралы есеп беруі.

Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту: бұл бағытта қатаң шаралар қа­былдап, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің адалдығы мен әділдігіне ке­пілдік беру.

Қоғамдық пікірді зерттеу: тұрақты түрде халық арасында сауалнамалар өткі­зу арқылы құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты сенім деңгейін өлшеп, проблемалық тұстарды анықтау.

Мәдени және ағартушылық жұмыстар: халық арасында құқық қорғау ор­ган­дарының рөлін түсіндіру үшін әлеуметтік науқандар өткізу, олардың қоғамға тигі­зетін пайдасын насихаттау.

Бұл ұсынымдар құқық қорғау органдарының беделін көтеріп қана қоймай, қоғамдағы сенім атмосферасын күшейтіп, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әдебиеттер тізімі

  1. Фукуяма Ф. Доверие: социальные добродетели и путь к процветанию / Пер. с англ. — М.: ООО «Издательство ACT»: ЗАО НПП «Ермак», 2004. Б. 254 (730 б.).
  2. Доверие населения как индикатор деятельности правоохранительных ор­га­нов: Монография / Под общ. ред. Г. К. Шушиковой. — Косшы: Академия правоох­ранительных органов при Генеральной прокуратуре Республики Казахстан, 2021. Б. 42 (168 б.).
  3. Жунусова А. К. Институциональное доверие в Казахстане: региональные осо­бенности // Вестник КазНУ. Серия философии, культурологии, политологии. — 2022. — № 1 (79). Б. 77 (Б. 74-87).
  4. Люди в погонах: страх вместо чувства безопасности // https://exclusive.kz/70340-2/. Жүгінген уақыты: 05.05.2024.
  5. In U.S., Black Confidence in Police Recovers From 2020 Low // https://news.gallup.com/poll/352304/black-confidence-police-recovers-2020-low.aspx. Жүгінген уақыты: 05.05.2024.
  6. Confidence in police practices drops to a new low: POLL // https://abcnews.go.com/Politics/confidence-police-practices-drops-new-low-poll/story?id=96858308. Жүгінген уақыты: 05.05.2024.
  7. U.S. Office of Government Ethics. Internal Agency Policies. 2024 // https://www.oge.gov/web/OGE.nsf/about_internal-agency-policies. Жүгіну уақыты: 06.05.2024.
  8. The National Intelligence Strategy of the United States of America // https://www.odni.gov/files/ODNI/documents/National_Intelligence_Strategy_2023.pdf Жүгіну уақыты: 06.05.2024.
  9. Seal motto of FBI // https://www.fbi.gov/history/seal-motto.  Жүгіну уақыты: 06.05.2024.
  10. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп ко­дексін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаң­тар­дағы № 81 Жарлығы // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2300000081
  11. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әді­летті Қазақстан — Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі //  https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ulttyk-kuryltaydyn-adiletti-kazakstan-adal-azamat-atty-ekinshi-otyrysynda-soylegen-sozi-1752959. Жүгіну уақыты: 07.05.2024.

References

  1. Fukuyama F. Doverie: sotsial’nye dobrodeteli i put’ k protsvetaniyu / Per. s angl. — M.: OOO «Izdatel’stvo ACT»: ZAO NPP «Ermak», 2004. B. 254 (730 b.).
  2. Doverie naseleniya kak indikator deyatel’nosti pravookhranitel’nykh organov: Mo­nografiya / Pod obshch. red. G.K. Shushikovoi. — Kosshy: Akademiya pravookh­rani­tel’nykh organov pri General’noi prokurature Respubliki Kazakhstan, 2021. B. 42 (168 b.).
  3. Zhunusova A.K. Institutsional’noe doverie v Kazakhstane: regional’nye osoben­nosti // Vestnik KazNU. Seriya filosofii, kul’turologii, politologii. — 2022. — №1 (79). B. 77 (B. 74-87.).
  4. Lyudi v pogonakh: strakh vmesto chuvstva bezopasnosti // https://exclusive.kz/70340-2/. Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  5. In U.S., Black Confidence in Police Recovers From 2020 Low // https://news.gallup.com/poll/352304/black-confidence-police-recovers-2020-low.aspx. Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  6. Confidence in police practices drops to a new low: POLL // https://abcnews.go.com/Politics/confidence-police-practices-drops-new-low-poll/story?id=96858308. Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  7. U.S. Office of Government Ethics. Internal Agency Policies. 2024 // https://www.oge.gov/web/OGE.nsf/about_internal-agency-policies. Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  8. The National Intelligence Strategy of the United States of America // https://www.odni.gov/files/ODNI/documents/National_Intelligence_Strategy_2023.pdf Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  9. Seal motto of FBI // https://www.fbi.gov/history/seal-motto. Data obrashcheniya: 05.05.2024.
  10. Kazakhstan Republic kukyk korgau organdary, azamattyk qorgau organdary zhane memlekettik feldjegerlik kyzmeti kyzmetkerlerin adep kodeksin bekitu turaly Kazakhstan Republics Presidential 2023 zhilgy 2 kantardagy № 81 Zharlygy // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2300000081
  11. Memleket basshysy Kassym-Zhomart Tokaevtyn ulttyk kuryltaydyn «Adiletti Kazakhstan — Adal azamat» atty ekіnshi otyrysynda soylegen sozi // https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ulttyk-kuryltaydyn-adiletti-kazakstan-adal-azamat-atty-ekinshi-otyrysynda-soylegen-sozi-1752959. Data obrashcheniya: 07.05.2024.

Leave a comment.

Your email address will not be published. Required fields are marked*