ҒТАМА 10.01.29
ӘОЖ 340:004
Қайыржанова Д. Қ. — Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі (Қазақстан Республикасы, Қосшы қ.)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Түйін. Мақалада Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық негіздері қарастырылады. Қойылған мәселені зерттеу барысында еліміздегі заңнамаға талдау жасалып және шет елдердің ақпараттық қорғалуының тәжірибесі келтіріледі. Жаппай цифрландыруды енгізу, ақпараттық технологиялардың жетіліп, қарқынды дамуы, сондай-ақ ақпарат жүйелерінің жалпы өзара интеграциялануы — бүгінгі күннің басты талабы. Бұл — жаһандық дамудың қарқынына сәйкес келеді және алдыңғы қатарлы дамыған озық елдердің барлығына тән үрдіс. Алайда ақпараттың дамуы мен жалпы интеграцияланудың көптеген теріс әсерлері көрініс тауып, мерзімді шешілуін талап етуде. Атап айтсақ коммерциялық және жеке ақпаратқа, сондай-ақ мемлекеттік деректерді қорғауға қатысты, деректердің сақталу проблемасы ерекше айқындалады. Азаматтар көптеген ақшалай операцияларды интернет арқылы жасайды, сауда жүргізеді, коммуналдық шығындарды, салықтар мен айыппұлдарды төлейді. Бұл операцияларды жүзеге асыратын құрылымдар өз серверлерін максималды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасасада, төлем карталарының деректерін, жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтерінің кең таралу қаупі сақталады.
Әлеуметтік желілер да халық үшін ең танымал коммуникация құралы бола отырып, онда да теріс әсер бақылануда. Сол сиқты жалпы ақпараттық даму мен интеграцияланудың заңнамалық реттелуінің кейбір сұрақтары да бүгінгі күні өзекті болып тұр. Осы және өзге де бір қатар мәселелер ақпараттық қауіпсіздік саласында туындаған.
Қазіргі уақытта ақпараттық қауіпсіздік мемлекет пен жалпы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі, қоғамдық және мемлекеттік институттардың тұрақтылығының кепілі болып табылады.
Түйінді сөздер: ақпарат, ақпараттық кеңістік, цифрландыру, дербес деректер, ақпараттық қауiпсiздiк, электрондық деректер, желі, таралып кету, ақпарат құралы, технологиялар.
Каиржанова Д. К. — ведущий научный сотрудник Межведомственного научно-исследовательского института Академии правоохранительных органов при Генеральной прокуратре РК, магистр юридических наук (Республика Казахстан, г. Косшы)
ПРАВОВЫЕ ОСНОВЫ ОБЕСПЕЧЕНИЯ ИНФОРМАЦИОННОЙ БЕЗОПАСНОСТИ В РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН
Аннотация. В статье рассматриваются правовые основы обеспечения информационной безопасности в Республике Казахстан. В ходе исследования поставленной проблемы проведен анализ законодательства страны, а также приведен опыт информационной защиты зарубежных стран. Внедрение массовой цифровизации, динамичное развитие и распространение информационных технологий, а также общая взаимная интеграция информационных систем — главные требования сегодняшнего дня. Это соответствует темпам глобального развития и является характерной тенденцией для всех передовых развитых стран. Однако многие негативные последствия развития информации и общей интеграции проявляются и требуют разрешения. Так, на сегодняшний день большую часть денежных операций граждане совершают через интернет, ведут торговлю, оплачивают коммунальные расходы, налоги и штрафы. Несмотря на то что все структуры, осуществляющие указанные операции, максимально защищают свои серверы данных, сохраняется риск широкого распространения сведений о платежных картах, документах, удостоверяющих личность, и др.
Также социальные сети, являясь самым популярным средством коммуникации для населения, имеют и негативное влияние. Возникают отдельные вопросы законодательного регулирования информационной безопасности и ее интеграции. Эти и ряд других проблем возникают в сфере информационной безопасности.
Таким образом в настоящее время обеспечение информационной безопасности является одной из основ безопасности государства и общества в целом, гарантом стабильности общественных и государственных институтов.
Ключевые слова: информация, информационное пространство, цифровизация, персональные данные, информационная безопасность, электронные данные, сеть, распространение, средства массовой информации, технологии.
Kairzhanova D. K. — leading researcher at the Interdepartmental research institute of the Academy of law enforcement agencies under the Prosecutor General’s Office of the Republic of Kazakhstan, master of law (Republic of Kazakhstan, Kosshy)
LEGAL BASIS OF INFORMATION SECURITY IN THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN
Annotation. The article discusses the legal basis for ensuring information security in the Republic of Kazakhstan. In the course of the study of the problem posed, the analysis of the country’s legislation was carried out, as well as the experience of information protection of foreign countries was given. The introduction of mass digitalization, the dynamic development and dissemination of information technologies, as well as the general mutual integration of information systems are the main requirements of today. This corresponds to the pace of global development and is a characteristic trend for all advanced developed countries. However, many negative consequences of the development of information and general integration are manifested and require resolution. So, today, most of the monetary transactions are carried out by citizens via the Internet, trade, pay utility bills, taxes and fines. Despite the fact that all structures carrying out these operations protect their data servers as much as possible, there is a risk of widespread dissemination of information about payment cards, identity documents, etc.
Also, social networks, being the most popular means of communication for the population, have a negative impact. There are separate issues of legislative regulation of information security and its integration. These and a number of other problems arise in the field of information security.
Thus, at present, ensuring information security is one of the foundations of the security of the state and society as a whole, a guarantor of the stability of public and state institutions.
Keywords: information, information space, digitalization, personal data, information security, electronic data, network, distribution, mass media, technologies.
Кіріспе. Жаппай цифрландыруды еңгізу, ақпараттық технологиялардың жетіліп, қарқынды дамуы, сондай-ақ ақпарат жүйелерінің жалпы өзара интеграциялануы — бүгінгі күннің басты талабы. Ол туралы Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы — «Елдің бірыңғай ақпараттық кеңістігінің орнықты жұмыс істеуін дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың базалық басымдықтарының бірі болып табылады.
Бүгінгі күні əлем өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ақпараттық саланың барған сайын серпінді дамуымен күшейген жаһандану процесі жалғасуда. Технологиялардың дамуы, жаңа цифрлық жəне ақпараттық-коммуникациялық құралдардың жаппай енуі қазіргі заманғы медиакеңістікті түбегейлі түрде өзгертті» — деп келтіріледі[I].
Негізгі бөлім. Қазақстан Республикасының Конституциясымен адам мен азаматтың жалпыға бірдей танылған құқықтары мен бостандықтарының арасында ақпараттық салаға тән келесі нормалар бекітілген: жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы, өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, жеке және отбасылық құпия, жеке салымдар мен жинақтардың құпиясы, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, почта, телеграф және өзге де хабарламалар (18-бап), өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақысы (19-бап), сөз және шығармашылық еркіндігі, заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар (20-бап)[II].
Бұл құқықтар бүгінгі күні ашық ақпараттық қоғам жағдайында жүзеге асырылып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолданып, Интернет арқылы ақпарат алу және тарату адамға, оның өмірі мен бостандығына, жеке өмірге қол сұғылмаушылығына белгілі бір қауіп төндіреді. Осыған байланысты ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мәселе туындайды.
Заңнамадағы «ақпараттық қауіпсіздік» ұғымы жалпылама тұжырымдалған.
Атап айтсақ «Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР заңының 4-бабының 5-тармақшасында «Ақпараттық қауiпсiздiк — елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі» — деп түсіндіреді[III]. «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңының 1-бабының, 7-тармақшасына сәйкес — «Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі» — деп бұл терминді ақпараттандыру саласына қатысты тұжырымдайды[IV].
Елімізде ақпараттық қауіпсіздігінің құқықтық негіздері 15-ке жуық заңдармен және құқықтық актілермен бекітілген, мысалы атап айтсақ: ҚР Конституциясымен, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы», «Байланыс туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және т. б.
Сонымен қатар, ақпаратты алу, құпия ақпараттың сақталу құқығы салалық заңдармен да реттеледі, мысалы: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі (28-бап «Жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерін қорғауды қамтамасыз ету», 88-бап «Азаматтардың құқықтары», 91-бап «Пациенттердің құқықтары», 95-бап «Дәрігерлік құпия» және т. б.)[V], ҚР Экологиялық кодексімен (13-бап «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері», 14-бап «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері», 57-2-бап «Қоғамдық тыңдаулар өткізу», 63-бап «Қоғамдық экологиялық сараптама объектісіне тапсырыс берушінің құқықтары мен міндеттері» және т. б.)[VI], «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі («Жеке меншікке қол сұғылмаушылық жеке және отбасылық құпия», 73-бап «Баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыруы», 102-бап «Бала асырап алу құпиясы», 118-3-бап «Жетім балалар, балалар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған» және т.б.)[VII] және т. б.
Нормативтік базаны сараптай келе ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жекелеген негізгі және салалық заңнамамен қамтылған. Сонымен қатар, шет елдердің заңнамасын салыстырмалы түрде зерделеу нәтижесінде қарастырылған мәселе бойынша келесі ерекшеліктері анықталды, мысалы:
Германия бұл мәселеде ақпараттық қауіпсіздіктің ішкі стратегиясын дамытып, барлық тұжырымдамалар мемлекет пен азаматтардың мүдделерінің тепе-теңдігін реттейтін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырды. Олардың негізгілері: «Хабар тарату қызметі (медиа) туралы», «Жеке деректерді қорғау туралы», «Федералды үкіметтің ақпаратқа қол жеткізу тәртібі туралы», «Телекоммуникация туралы» Федералды заңдары. Жалпы ақпараттық саясат трансұлттық алмасу, коммуникациялық жүйелерді дамыту, бұл саладағы еркін бәсекелестік, әртүрлі деңгейдегі құқықтық қатынастарды нақты реттеу қағидаттарына негізделген.
Ұлыбританияның ақпараттық қауіпсіздік саясаты келесі қағидаттарға негізделген:
- заңдардың технологиялық бейтараптығы;
- ақпаратты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жандандыру;
- компьютерлік және телекоммуникациялық жүйелерді пайдаланушылардың мүдделерін қолдау және қорғау;
- шаруашылықтың барлық салаларында электрондық коммерцияны дамыту;
- ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасудың автоматтандырылған жүйелерін дамыту.
Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңдардың технологиялық бейтараптығы қағидатына ерекше назар аудару керек. Бұл қағидат заң шығарушы мемлекет мүдделерінің қорғалу деңгейін анықтайтын ақпараттық қауіпсіздіктің тек негізгі идеялары мен категорияларын реттейді. Сонымен қатар, Ұлыбританияда заңға тәуелді деңгейде ақпараттық қызметтің нақты салаларына байланысты жеке нормалар белгіленді. Келтірілге нормативтік бөлу тәсілі өте ұтымды, өйткені ол қызметтің ерекшелігіне байланысты құқықтық коллизияларды жоққа шығарады[1].
АҚШ-тың ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің ерекшелігі ұлттық қауіпсіздік субъектілері мен азаматтық қоғам институттарының мемлекет пен азаматтардың ақпараттық саладағы мүдделерін қорғау мәселелеріндегі тығыз ынтымақтастығы болып табылады. Мемлекетте ақпараттық қауіпсіздік саласындағы үйлестіру функциясын орындайтын ішкі қауіпсіздік министрлігі жұмыс істейді. АҚШ-тың заңнамалық деңгейінде ақпарат қауіпсіздігі мәселелері бірқатар арнайы заңдарда бекітілген: «Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы», «Тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін физикалық қорғаудың ұлттық стратегиясы». Бұл құжаттар ақпараттық саладағы қылмысқа, ақпараттық терроризмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай ұлттық жүйесін құруды көздейді. Аталған нормативтік-құқықтық актілер ақпараттық қатерлерге қарсы іс-қимылдың аумақтық, ведомстволық және жеке орталықтарын құруды көздейді. Мұндай құрылым ақпараттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлеріне қарсы тұруға мүмкіндік береді. Ақпараттық қауіпсіздіктің жекелеген компоненттерін (мемлекеттің, жеке тұлғаның, кәсіпорынның қауіпсіздігі) АҚШ-тың заңнамалық деңгейінде бөлінуін атап өту қажет. Бұл осы салаларға теріс әсер етудің алдын алуға, ал қауіптер туындаған жағдайда оларды жедел оқшаулауға ықпал етеді.
Франция заңнамасында ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің дербес құрамдас бөлігі ретінде орналастырылған. Осы саладағы негізгі басымдықтар «Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік арнайы кітабында» (2008 жыл) бекітілген. Онда ақпараттық кеңістікке шабуыл, тыңшылық және стратегиялық ықпал сияқты қауіптер атап өтілді. Франциядағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың негізгі тәсілдері:
- мемлекеттің ақпараттық саладағы мүдделерін қорғау мәселелерінде үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау;
- ақпараттық жүйелерге заңсыз араласуды анықтау бойынша ашық және жасырын іс-шаралар жүргізу, кибер әскерлерді кәсіби негізде даярлау болып табылады.
Францияда ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі мен қорғаныс стратегиясы бар, онда келесі міндеттер көрсетілген: киберкеңістіктегі қауіптердің алдын алу, ақпаратты қорғау саласындағы ғылыми, техникалық және кадрлық әлеуетті арттыру, жеке деректерді қорғаудың арнайы кепілдіктерін жасау т.б.
Францияның тәжірибесін да оң бағалау керек, өйткені ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді егжей-тегжейлі реттеу және уәкілетті субъектілер қызметінің міндеттерін, нысандары мен әдістерін бір уақытта ресімдеу осы саладағы саясаттың тиімділігін арттыруға ықпал етеді[2].
Сонымен шет елдердің тәжірибесі ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары: мемлекет пен қоғам мүдделерінің тепе-теңдігі, құқықтың үстемдігі, тәуелсіз мемлекеттің істеріне араласпау, ақпараттық саладағы мүдделерді қорғаудың заңды тәсілдері мен құралдарын таңдау еркіндігі. Бұл қағидалар өте маңызды, өйткені олар ақпараттық қауіпсіздік саясатын ғана емес, сонымен бірге жалпы мемлекеттік даму бағыттарын сипаттайды.
Еліміздің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бүгінгі күні туындап жатқан келесі маңызды мәселелі сұрақтарды бөліп көрсетуге болады:
- құқықтық базаның одан әрі жетілдіру мәселесі, ақпараттық қорғау бойынша қабылданған заңнамалық шараларға қарамастан оларды киберкеңістікте қорғау мәселесі әлі де өткір тұр, әсіресе қоғамдық қатынастар заңнамалық базадан тез қарқынмен дамып, жеке тұлғалардың дербес деректерін қорғауда қиындықтар туындап жатады;
- еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікті ұйымдастыруға салалық кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі теріс әсері бар;
- отандық ақпараттық технологиялардың аз таратылуы өзекті мәселе болып табылады, бұл бұқаралық тұтынушыны ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растамайтын шетелдік техника мен технологияларды сатып алуға мәжбүр етеді;
- ақпараттық қауіпсіздік үшін жағымсыз салдардың бірі бұқаралық ақпарат құралдарының коммерциялық құрылымдарға экономикалық тәуелділігінің күшеюінде және отандық қоғамның ақпараттық инфрақұрылымында шетелдік құрамдас бөліктің басым болуында;
- ақпаратты қорғау саласындағы ғалымдардың аздығы, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ғылыми мектеп тек даму деңгейінде.
Бұл өз кезегінде дерекқорлар мен деректер банктерінің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, сондай-ақ елдің компьютерлік және телекоммуникациялық техника мен ақпараттық өнімдерді шетелдік өндірушілерге тәуелділігіне әкеледі. Ең алдымен бұл ақпаратпен сенімді жұмыс істеуді және қорғалуын қамтамасыз ету процесін қиындатады.
Азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселелері ерекше маңызға ие. Дербес деректер — мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъекттісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер.
Қол жетімділігі бойынша олар: жалпыға қол жетімді және шектеулі болып бөлінеді. Жалпыға қолжетімді дербес деректер — субъектінің келісімімен қол жеткізу еркін болып табылатын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын деректер. Қол жетімділігі шектеулі дербес деректер — қол жетімділігі Қазақстан Республикасының заңнамасымен шектелген дербес деректер[VIII].
Заң қандай жеке деректердің жалпыға қол жетімді екенін көрсетпейді. Оларды қандай көздерден жиналғанына қарай анықтауға болады. Дербес деректердің жалпыға қолжетімді көздеріне өмірбаяндық анықтамалықтар, телефон, мекенжай кітаптары, жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар, БАҚ жатады. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар өз міндеттерін орындау үшін дербес деректерді жинауды жүзеге асырады.
Әдетте мұндай мәліметтерге: Тегі, Аты, Әкесінің аты; туған күні мен орны; жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН); азаматтығы; жеке басын куәландыратын құжаттың деректері; ұлты; жынысы; отбасылық жағдайы; үй мекенжайы; байланыс телефондары; электрондық мекенжайы; қолы; портреттік бейнесі (фотосуреті) және басқа да қажетті деректер жатады. Бірақ аталғандардың барлық мәліметтерін адам туралы жалпыға қол жетімді ақпаратқа жатқызуға болмайды, мысалы, ЖСН, жеке куәлік деректері.
Осыған байланысты заң деңгейінде жалпыға қолжетімді дербес деректердің тізбесін бекіту орынды.
Пайдаланушылардың гаджеттарында сақталған құпия ақпарат әрқашан қаскүнемдерді қызықтырады. Кредит карталарының номерлері, қаржылық ақпарат және әр түрлі қызметтерге: пошта жәшіктері, серверлер, «месенджерлер» т.б. парольдер қызығушылық тудырады. Бұл ретте қазіргі заманғы зиян келтіретін бағдарламалар деректерді тез таңдап табуға мүмкіндік береді.
Дербес деректерді қолдану киберқылмыстылыққа алып келеді. Бүгінде дербес дерек негізінде фишинг, ботнеттер, құпия ақпарат жинау, спам тарату және тағы басқа киберқылмыстар жүзеге асырылады.
Мәселен соңғы 5 жыл ішінде киберқылмыстылық тіркелу тұрақты түрде өсуде (2018 ж. — 951, 2019 ж. — 2157, 2020 ж. — 5968, 2021 ж. — 10725, 2022 ж. — 12546 )[IX].
Өкінішке орай, жеке деректерді қорғау бойынша қабылданған заңнамалық шараларға қарамастан, оларды ақпараттық кеңістікте қорғау мәселесі әлі де шешілмеген. Бүгінде азаматтар барлық ақшалай операцияларды интернет арқылы жасайды. Сауда жүргізеді, коммуналдық шығындарды, салықтар мен айыппұлдарды төлейді. «Электрондық үкіметтің» web-порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Мемлекет, банктер және басқа құрылымдар қорғалған серверлерді құру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса да, төлем карталарының деректерін, жеке басын куәландыратын құжаттардан мәліметтерді ұрлау қаупі сақталады. Баспасөзде азаматтардың жеке деректерін банк қызметкерлері, хакерлер және басқа адамдар банктік шоттардан ақша ұрлау, несие рәсімдеу, меншік иесіне білдіртпей жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелер және электрондық пошта немесе қорғалмаған ұялы байланыс арналарына құжаттардың көшірмелері т.б. заңсыз пайдаланған фактілер жиі келтіріледі[3].
Қорытынды. Ақпараттық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету туралы отандық және кейбір озық шетелдік заңнаманы зерделей отырып келесі шаралар ұсынылады.
- Шетелдік тәжірибені мысалға ала отырып, ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі қағидаттары мен бағыттарын заңнамалық түрде бір құқықтық актіге — «Кодекске» жинақтау мүмкіндігін отандық заңнамалық тәжірибеде қарастыру қажет.
- Дербес деректердің қолды болуының бір себебі — ақпараттың таралып кету ұғымы заңды түрде реттелмеген. Осыған байланысты ұлттық заңнамада ақпараттың «таралып кету» ұғымы және ол үшін жауаптылық бекіту бүгінгі ақпараттық кеңістікті пайдаланудағы қажеттіліктердің бірі деп санаймыз.
- Сонымен қатар, медиасаланың жаңа субъектілері (интернет платформалар, әлеуметтік желілер, инфлюенсерлер, нейро жүйе жəне т.б.) қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін нормалық шараларды қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларының кең спектрі, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелерді, ресурстар мен желілерді қорғау, киберқылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қызықтыратын басқа да проблемалар Қазақстан Республикасының заңнамасы және құқық қолдану практикасын, халықаралық құқықтық нормаларды, қолданыстағы шетелдік заңнаманы мұқият талдау негізінде жүйелі құқықтық реттеуді одан әрі дамытуды қажет етеді.
Ақпараттық қауіпсіздік саясаты әлі де қалыптасу сатысында, бірақ қазіргі заманғы сын-қатерлер оны жетілдіру процесін едәуір жеделдетеді. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің мемлекет ақпараттық қауіпсіздіктің тұрақты жүйесін құру жолында сенімді қадамдар жасауда.
Әдебиеттер тізімі
- Филатов В. В. Зарубежный опыт правового регулирования информационной безопасности // Wschodnioeuropejskie czasopismo naukowe . — 2018. — № 3 (31). — Б. 69-73.
- Асланов Р. М. Зарубежный опыт правового регулирования обеспечения информационной безопасности // Политика и общество. — 2012. — № 2(86). — Б. 45-48.
- Поломарчук Б. В. Проблема обеспечения информационной безопасности Республики Казахстан // file://problema-obespecheniya-informatsionnoy-bezopasnosti-respubliki-kazahstan.pdf
References
- Filatov V. V. Zarubezhnyj opyt pravovogo regulirovanija informacionnoj bezopasnosti // Wschodnioeuropejskie czasopismo naukowe. — 2018. — № 3 (31). — S. 69-73.
- Aslanov R. M. Zarubezhnyj opyt pravovogo regulirovanija obespechenija informacionnoj bezopasnosti // Politika i obshhestvo. — 2012. — № 2(86). — S. 45-48.
- Polomarchuk B. V. Problema obespechenija informacionnoj bezopasnosti Respubliki Kazahstan // file://problema-obespecheniya-informatsionnoy-bezopasnosti-respubliki-kazahstan.pdf